Әлем бойынша мемлекеттік қарыз – 66 трлн доллар

0

Халықаралық Fitch Ratings рейтинг агенттігінің есебі бо­йын­ша әлем елдерінің мем­лекет­тік қарыз көлемі 2018 жыл­дың соңына қарай 66 трлн дол­ларға (нарықтық валюта бағамы бойынша) өсіпті. Бұл 2007 жылдағы көрсеткіштен екі есеге  артық және жаһандық ІЖӨ-нің 80 процентіне тең. 

Айта кетерлігі, 2012 жылдан бері дамыған елдердегі мем­лекеттік  қарыз берешек 50 трлн долларды құра­ған. Десе де, бұл қаражаттың кө­лем­ділігіне қарамастан, экономикасы қалыпты елдердің қарыз алу деңгейі тұрақты саналады. Өйткені олардың алған қарызды қайтаруға мүмкіндіктері бар, бұл істе қаржылық жүйелері толық­тай қалыптасқан. Ал дамушы елдердегі мемлекеттік қарыз атал­ған уақытта 10 трлн доллардан 15 трлн долларға жетіп отыр. Әсіресе соңғы жылдары Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка айлағында мемлекеттік қарыз едәуір арт­қан. Сонымен қатар Сахарадан оң­түс­тікке қарай орналасқан елдерде де қарыз алу қарқыны бай­қалады. Дегенмен бұл құрлық­тардағы мемлекеттерге жалпы борыштың аз ғана бөлігі тиесілі. Яғни, әр өңірге 1 трлн долларға жет­пейтін көлемде қаражат беріл­ген. 

Fitch тәуелсіз рейтингтерінің жаһандық басшысы Джеймс Маккормактың айтуынша, соң­ғы жылдары мемлекеттік қа­рыз деңгейі жоғарылаған. Со­ның салдарынан проценттік үс­­теме көтеріледі, қаржылық шарт­­тар қатаңдайды. Бұл үде­ріс өз кезегінде көптеген мем­лекет­тердің мүмкіндігін шектейді. 

Мемлекеттік қарыз алу бо­йынша ең сенімді елдерді анық­тайтын «ААА» жоғары рейтингіне әлемнің 11 мемлеке­ті кіреді. Олардың үлесінде жо­ға­рыда атап өткен 66 трлн доллардың 40 проценті тие­сілі. Қарыз беруге болатын се­німді мемлекеттердің жалпы көр­сеткіші 2012 жылдан бері бірқалыпты межеде сақталып отыр. «ААА» рейтингінде көш бастаған АҚШ-тың 21 трлн доллар мемлекеттік қарызы болса да, бұл сомаға жыл сайын 1 трлн доллар қосылып отырса да, Құрама Штаттар ең сенімді мемлекет саналады. Үздік үштік қатарында Жапония (12 трлн доллар) мен Қытай (6 трлн доллар) бар. Экономикасы тұрақты Германия, Франция, Ұлыбритания, Италия сынды елдердің берешегі 2,4-2,7 трлн доллар көлемінде сақталған.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/