Алексей Лодочников: Елбасы арманымды орындап, қанат бітірді

0
24 Қараша 2018, 18:28 150 0

Фото: Автор

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Алексей Лодочников Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бір емес, екі рет кездескен. Мемлекет басшысы баланың асқақ арманын орындады.

Бүгінде Алексей Лодочников Павлодардағы музыкалық қолледжде дәстүрлі әнші мамандығы бойынша білім алады. Осыдан екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Сол сәтте дарынды жас Елбасы алдында сөз алып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде қазақтың қара домбырасымен ән шырқағысы келетінін қысылмай айтты.

«Ата-бабамыз Әміре Қашаубаев 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде «Балқадиша» әнін тамылжыта шырқап, дүйім жұртты таң қалдырғаны тарихтан белгілі. Мен де әншінің жолын қуып, төрткүл әлем көз тіккен көрмеде өнер көрсеткім келді. Бұл ниетімді Елбасыға жеткіздім», — дейді Алексей.

Жастың арманы орындалды. Дәстүрлі әнші ел Тәуелсіздігі күні Димаш Құдайбаргеновпен бір сахнада өнер көрсетті.

«Елбасымен алғаш рет екі жыл бұрын кездестім. Қазақстан сияқты байтақ елді басқару кез келген адамның қолынан келе бермейді, себебі халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік пен міндет бар. Ата-бабамыздан қалған ұланғайыр елімізді сақтау, төл тарихымызды келер ұрпақтың бойына сіңіру, сондай-ақ Қазақ елін әлемге таныту керек. Бұл баршамыздың міндеті деп білемін. Жалпы, Президентпен кездесу үлкен арманым еді. Жүздесетін сәтте қатты қобалжып, бойымды қорқыныш та, қуаныш та биледі. Осындай сәттегі сезімімді ешқашан ұмытпаспын. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін өмірім өзгеріп кетті, өйткені Президенттің әр сөзі маған қанат бітірді. Еліміздің әр жасы Президентпен көріскісі келеді деп ойлаймын», — дейді Алексей.

Алексей Лодочников қазақ тілін еркін меңгерген, қазақтың халық әндерін тамылжыта орындайды. 17 жастағы азамат облыстағы Качир балалар үйінің түлегі. Оның қазақ мәдениеті мен өнеріне деген сүйіспеншілігі ерекше. Қазақ музыкалық фольклоры мен тілін тереңнен меңгеруді мақсат етеді.

«Качир» балалар үйне 3 жасымда қабылдандым. Балалар үйінде өзге ұлттың балалары үшін қазақ тобы болатын. Бес жасымда сол топқа ауыстым. Қазақ тіліне деген қызығушылығым сол кезде оянған болу керек. Кейін қос ішекті домбырада ойнағым келді. Қазіргі уақытта қазақ әндерін домбырада орындау шеберлігімді шыңдап жатқан жайым бар», — дейді Алексей.

Алексей Лодочников Елбасымен екінші рет «100 жаңа есім» жобасы аясындағы форумда кездесті.

«100 жаңа есім» – бірегей жоба. Өз ісіне адал, еңбекқор жандарды жұртшылыққа танытатын жобаның жеңімпазы атану – мен үшін абырой. Осы жобаның арқасында облысымыздың қала-аудандарында «Бақыттының бірімін» атты жеке концертімді өткіздім. Енді Омбы қаласындағы қандастарымның алдында өнер көрсеткім келеді», — дейді дәстүрлі әнші.

Бүгінде Әміре Қашаубаевтың жолын қуған жастың репертуарында 50-ден астам қазақ әні мен ондаған күй бар. Қазіргі уақытта Алексей өзінің өмірі жайында кітап жазып жатыр.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ