«Алдамшы, болжау мүмкін емес»: Қытайда COVID-19 эпидемиясының екінші толқыны болуы мүмкін — Қазақстан жаңалықтары

0

Қытайда билік COVID-19 инфекциясымен күрес үшін бұрын-соңды болмаған шаралар енгізді және олар өз тиімділігін көрсетті: жаңа инфекциялар саны азайып, өндіріс пен қалыпты белсенділік біртіндеп қалпына келді. Алайда, дәл осы жағдайлар, коронавирустық індеттің елдегі екінші толқынына әкелуі мүмкін, бұл жайлы «РИА Новостиге» Гонконг университетінің эпидемиология және биостатистика кафедрасының меңгерушісі Бен Коулинг айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

коронавирус

«Қытай наурыз айының басында коронавирустың бірінші толқынын ұстап қалды. Олар жұмыстарын қалпына келтіргенде екінші толқын пайда болады деп қорқамын», — деді Коулинг.

Коронавируспен күрестің оң динамикасы аясында Қытай билігі бүкіл елде эпидемияға қарсы қатаң шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда.

Эпидемиолог бұл тәсілмен келіседі, ол басты қауіптен өттік деп айтуға әлі ерте деп отыр, өйткені «вирустың таралуы жағынан да, ауырлығы жағынан да өзгергендігі туралы дәлелдер жоқ».

Коулингтің айтуынша, жаңа коронавирустың өршуі алдағы апталарда бірнеше елдерде болуы мүмкін.

Сарапшы қазіргі уақытта ең қиын жағдай байқалған елдер — Оңтүстік Корея, Италия, Иран — вирустың алғашқы үлгілерін инфекция жұқтырған қытайлық саяхатшылар әкелгенін атап өтті. Бірақ олар басқа жерлерге сапар шеккен, сондықтан «жақын күндері немесе бірнеше апталарда біз басқа елдерде де COVID-19-дің осындай ошақтарын байқайтын шығармыз», — дейді агенттіктің дереккөзі.

Ол «инфекцияның таралуы үшін уақыт кетеді және COVID-19 тез таралмайды» деп түсіндірді.

«Біз Италия, Иран және Оңтүстік Кореяда мыңдаған жұқтыру жағдайларына куә болдық. Егер инфекция Уханьдағыдай жылдамдықпен таралады деп қарасақ, импортталған бірнеше инфекция үлкен індетке әкелуі мүмкін, олардың жалпы саны шамамен бір айда мыңға жуық болуы мүмкін», — деді Коулинг.

Сарапшының пайымдауынша, «екінші айдан кейін, егер елде эпидемия бірдей қарқынмен таралса және тиімді бақылау шаралары қабылданбаса, біз 10 мың инфекция жұқтырғандар туралы айтуымызға болады, ал екінші айда өлім-жітім пайда бола бастайды, олардың саны екінші айдың соңында 20-30-ға жетуі мүмкін».

Оның айтуынша, «зертханалық әлеуеті әлсіз» елдерде «ауруханаларда пневмониямен ауыратындар саны көбейіп, өлім жағдайлары болмайынша» эпидемияның пайда болуы айқын болмайды.

Сонымен бірге, Тяньцзинь қытайлық дәстүрлі медицина университетінің ректоры Чжан Боли «Жэньминь жибао» басылымына берген сұхбатында 2002 жылы SARS-ті қоздырған вирусқа қарағанда, COVID-19 қауіпті және алдын-ала болжанбайтындығын айтты.

«SARS-пен салыстырғанда жаңа коронавирус қиынырақ, әлдеқайда өзгергіш және оны болжау мүмкін емес», — деді Қытай инженерлік академиясының мүшесі.

Оның айтуынша, басында ауру ауыр емес сияқты көрінді, бірақ бір сәтте бәрі күрт өзгерді. SARS-пен салыстырғанда, жаңа коронавирус оңай таралады: науқастардың, сондай-ақ қайтыс болғандардың саны SARS індетіне қарағанда көп.

Сонымен қатар, ол кейбір науқастарда сауыққаннан кейін оң нәтиже пайда болатын фактор бар екенін атап өтті. «Ауыр науқастарды емдеу SARS-ке қарағанда әлдеқайда қиын», — деді дәрігер.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қытайдан өзге коронавирустық инфекция 76 елде тіркелген. Қытайда вирус жұқтырғандардың саны 80 мыңнан асып, 3012 адам қайтыс болды, 52 мыңнан астамы емделді. Қытайдан тыс жерде жұқтырғандар саны 12,5 мыңнан асып, 214 адам қайтыс болды.
 

 

 

 

stan.kz