Алдағы 5 жылда бірнеше салаларға шығындарды жалпы ішкі өнімнің 10%-на жеткізу жоспарлануда

0
139

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Депутаты Ә.Е. Бектұрғановтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды бағдарламасының «Білім беру» бағыты бойынша Партиялық куратор комиссиясының отырысы өтті.

Күн тәртібінде «Педагог мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімге оқу жүктемесін төмендету мәселелері бойынша»  ҚР Заңдарының жобалары талқыланды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2018 жылдың 5 қазанында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында  келесі жылы мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функциялардан арашалауға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Содан бері бұл мәселе халық арасында қызу талқыланып жатыр.

Елімізде оқушылардың оқу жүктемесі мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып тұрғаны жасырын емес. Президент атап өткендей, Қазақстандағы оқушылардың оқу жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары, ЭЫДҰ (ОЭСР) мемлекеттерінен 30 пайыздан астам жоғары екен.

Ал, мұғалімдерге өз міндеттерінен басқа да функцияларды жүктеу мәселесі тіпті өзекті болып келеді. Аталған заң жобалары қоғамда кең талқыланып, осы мәселелерді шешуге, барлық мүдделі тараптардың құқықтарын қорғауға бағытталуы тиіс.

Отырысқа жиналғандар Президенттің Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес, алдағы 5 жыл ішінде білім беру, ғылым және денсаулық сақтау саласына шығындарды жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу жоспарланғанын, сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру сапасын жақсарту, біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау қажет екендігін атап айтты.

– Бұл ұстаздардың көптен күткен жобасы. Ақпан айына дейін бұл жобаны талқылауға көп уақытымыз бар. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар қазақта, сондықтан, әр нәрсені келісе отырып түйінін шығарамыз деп ойлаймын. Аталмыш заң жобасы әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланып жатыр екен. Бұл халықтың бей-жай еместігін танытады, қуанарлық жағдай. Жергілікті атқарушы орган мұғалімдерге премияны және ауылдық жерде жұмыс істегені үшін отын алуға қаражаттың сомасын белгілейді дегенге келіскісі келмейтіндер бар. Жергілікті жерлердегі әкім өзінің ұстазы мен дәрігеріне жаны ашымаса неғып отыр? Осы мәселені әкімдер де дұрыстап қарау керек,- деді Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытгүл Хаменова

Кездесу барысында өзекті мәселелерді сапалы талқылау үшін ҚР Білім және ғылым вице-министрі Э.А. Суханбердиева заң жобаларын әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ж.Н. Нұрманбетова, Н.В. Жұмаділдаевалар аталған Заң жобаларына қатысты өз ұсыныстары туралы баяндама жасады. Видеоконференц байланыс арқылы еліміздің барлық аймақтары қатысқан отырыс қорытындысы бойынша Комиссия мүшелері уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар әзірледі.

«Қамшы» сілтейді