Алдағы 5 жылда Астанада 197 шақырым жол салынбақ

0

2018 жылғы 8 желтоқсан 17:50 28

Алдағы 5 жылда Астанада 197 шақырым жол салынбақ

АСТАНА. ҚазАқпарат — Негізгі жоба — сол жақ жағалауды, ЭКСПО ауданы мен оң жақ жағалаудағы жаңа теміржол вокзалының ауданын байланыстыраты Ұлы Дала көшесі, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бұдан бөлек, Кеңесары көшесі Күмісбеков көшесінен Кіші айналма жолға, Бейсекова көшесіне дейін, Сейфуллин көшесі Пушкин көшесіне дейін және Асан Қайғы көшесі Тәшенов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін ұзартылады деп жоспарлануда.

«Бұл қаладағы көлік қатынасы жағдайын түбегейлі өзгертеді. Біз осы мәселені кешенді түрде қарастырамыз», — деді журналистермен кездесуінде Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун. Ол сондай-ақ, Президенттік саябақты қалпына келтіруге қатысты жоспарлармен бөлісті. «Ол саябақтың осыдан 15 жыл бұрын салынғанын, қазіргі кезде оның айналасында құрылыстың қарқынды жүріп жатқанын және алдағы 2-3 жылда құрылыстың толық бітетінін ескеріп, осы паркке қарасты ауданды есепке алып  реконструкция жасауды шештік. Дәлірек айтқанда, Тәуелсіздік Сарайы және «Шабыт» музыкалық академиясының ауданы да күрделі жөндеуден өтеді. Бәрі де ашық түрде болсын деген ниетпен, біз конкурс жарияладық. Сондай-ақ, біз жаңа идеяларды жүзеге асырғымыз келеді. Өтініштер жылдың соңына дейін түседі деп жоспарлануда. Алдын ала мәліметтер бойынша бұл конкурсқа қазірдің өзінде жиырмадан аса фирма қатысуда. Оның нәтижесі бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі тұжырымдаманың жеңімпазы анықталады. Осыдан кейін жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Келесі жылы біз аталмыш жұмысқа кірісеміз», — деп түйіндеді Хорошун.