«Алатау» өнер театрында Жамбыл бабамызға арналған «Жыр-жолбарыс» спектаклі қойылды

0
154

Театр шымылдығы зал толы кө­рер­­­­­мен­нің қошеметімен ашылды. Бірден жырдың атырабына қарай жетелеп кететін домбыра үні қойылым тақырыбынан хабар бергендей жүз жасаған Жамбылдың балалық шағына қарай бастады. Сахнадағы сан-салалы көріністер құндақтаулы сәбидің өмірі тек жырмен, дала жырымен байланыс­ты екендігін нақыштап тұрғандай еді. Шағын ауылдың қуанышты әрі мұңды сәттерін бимен өрнектеген әр­түрлі қимылдар, сондай-ақ дала төсін дүбірлеткен жылқы образы ерекше бір үйлесімде Жамбыл өмірімен астасып жатты.

Тебіреністі көңіл күйде отыр­­­­ған көрермен қойылымның аяқ­талып қалғанын да аңғармай қал­ды. Сәл үнсіздіктің арты зал­дан ду қол соға көтерілген кө­­рер­меннің ыстық ықыласына ұлас­ты. Бұл көрерменді ерекше бір толғанысқа, әсерге бө­леген театр ұжымының бір жыл дайындаған жұмысының нәти­жесі еді. Қазақстанның еңбек сіңір­ген өнер қайраткері Есмұхан Обаев жаңаша бір ізденіске құ­рылған спектальге жоғары ба­ғасын берді. «Алатау етегінде жа­ңа үн шығып жатыр. Жаңа тұлға сахналанды. Ұлы Жәкең туған жердің іргесінде ешкімге ұқсамайтын, ішкі академиясымен ғана жұмыс жасай білетін, ұлттық сипаттағы жаңа бір ұжым қалыптасты» деген театр тарланы ерекше образдармен қатар дала жылқысын сахнаға алып шыққан суретші Ерлан Тұяқовқа, тарихи тұлғаның образын көрерменге жеткізе білген драматург Ән­нес Бағдатқа, спектакльдің ке­ңес­шісі, Жамбылдың көзін көр­­ген Шаштай ақсақалдың ұлы, жазушы Жұмабай Шаш­тайұлына, осы көркем дүние­нің бар қиын­­­­шылығын арқа­лап келген режиссер Есләм Нұр­та­зинге, оқиға мен көрермен ара­сындағы байланысты көр­кемдеген «Алатау» дәстүрлі өнер театрының биші­леріне, ре­жиссер-хореограф Әсел Аба­қае­ваға, костюмдерді жоғары талғампаздықпен, тамаша­ үл­гімен ұсынған Гүлжан Ниет­қабылға рия­сыз алғысын білдірді.

Жаңа қойылымда Жамбыл­дың рөлін Әсет Есжан сомдаса, Сүйінбайды Тимур Пиязов, жыр­шыны Шаттық Уатқан, Жапа рөлінде Нәсіпжан Басшыбай, Ұл­данды Құралай Мырзалинова, Бұрымды Жанерке Дүйсенбиева, Сарыбайды Жеңіс Қанырбеков, Қисыбайды Ертуған Құрмашев, Сыздық сұлтанның рөлінде Нұр­лан Сағынаев, Құлмамбет ақын­ды Сәулежан Тақзия, Сарыны Қуа­ныш Алтыбаев, Ба­лықтың рөлінде Жасұлан Мұ­сағалиев ойнап, спектакль жүгін бірлесе көтерді.

Драматург Әннес Бағдаттың айтуынша, Жамбылдай тарихи тұлғаны сахнаға әкелу әрине, оңай бол­ған жоқ. Кез келген дәуірді, та­рихи оқиғаларды бүгінгі күн­­мен үйлестіру ұжымдық жұ­­мыстың жемісі. Жамбыл тұл­ғасын ашу, тарихи тұлғаның өмі­рін көркем туындыға айналдыру көп ізденісті, жанкешті еңбекті талап етеді.

Қойылымның көрерменге музыкалық драма ретінде жол­ тартуы спектакльдің бас­ты ерек­­­­­­­шелігі. Пьеса бейне­леу құ­рал­­да­рының сахналық қо­йы­лым­дарын ескере отырып жа­зылғандықтан, мәтіндер қысқа әрі астарлы, бейнелі теңеулерге не­гізделіп, қазіргі драматургия мен музыкалық драма ерекше үйлесім тапқан.

Театр директоры Берік Жү­сіптің айтуынша, «Алатау» теа­тры аз-кем уақыт ішінде шы­ғар­машылық тұрғыдан толыс­ты. Кө­рер­менге көне тарихы­мыз­ды заманауи көріністер арқы­лы жет­­кізуді бағыт-бағдары етіп ұс­­танған театрда жыршы ба­ба­мыз­дың өміріне арнал­ған қо­­йы­­лымның тұсауы кесілген­дігі кез­дейсоқ жайт емес. Театр­ өз­ге­лерге ұқсамайтын ба­ғыт ұс­та­нады. Жаңаның айналасын­дағы жаңашылдық арқылы фоль­клор­­­лық мұраларымызды заманауи негізде қайта туындатуды мақсат етеді.

Төл ұжымына Жамбыл баба­мыздың жасын, өнердегі бағы мен дәулетін тілеймін деген театр жетекшісінің ойынша, Жамбыл тұлғасы көп жағдайда саясиланып, шығармашылығы назардан тыс қалып жатады. Ақындығын сөз еткеннің өзінде қисынсыз қа­­­ғидаттар жасалады. Жамбыл – эпик жыршы. Айтқан жырларында, эпикалық мұрасында шек болмаған. Қалай дегенде де эпикалық жыршының ақыннан деңгейі жоғары емес пе?.. Жам­был ХІХ ғасырдағы ауыз әде­бие­тінің жарқын үлгілерін, мол мұрасын жадына түйген жыр­шы. Сондықтан да бүгінгі қойылымның өзіндік жүгі ауыр.

Жамбылдың тұлға ретінде қалыптасуын және азаматтық тұр­­­ғыда өсіп-жетілуін сахнада зама­науи тәсілдер арқылы көр­сету, жүз жасаған эпик жыр­шы­­­ның өзі өмір сүрген қоғамға қай­­­мықпай ой айт­қан кезеңдерін жұрт­­шылықтың на­зарына жет­кі­зе білуде үлкен із­деністі аңғара­мыз.­

– Спектакльге дайындық барысында көп жағдайда ғылыми не­гіз­дер басшылыққа алынды. Сонд­ықтан да бұл қойылым му­зыкалық-философиялық дра­маның жүгін арқалап отыр, − дейді Берік Мырзалыұлы. – Ре­жиссер мен пьеса авторының, сахна декораторы мен би режис­серінің, қала берді ұжымның үй­лесімді еңбегінің нәтижесін көрерменнің ыстық ықыласынан аңғарамыз. Мұндай ерекше декорация беріп ойнату бұрын-соңды қолданылмаған тәсіл. Ди­намикалық сценография қол­данудың нәтижесінде драматургия заңдылықтары сақталып, хореография, дәстүрлі музыка мен драмалық сахналар өзара жымдаса түскен. Жылқы – қа­зақтың жаны десек, сахнадағы жылқының, жалпы пьеса көрі­ністерінің контемпорари, фольк­денс би бағыттарымен үйлесім тауып отыруының өзі кө­рер­менге ерекше әсер берді. Деко­рация да, би де көріністің қуанышы мен мұңын ерекше әуезбен үйлестірді.

Кәсіби мамандар мен көрер­меннің пікіріне сүйенсек, қойы­лым өз үдесінен шықты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ