«Алашұлының» экс-солисі Ұшқын Жамалбек 12 жыл бойы анасын Қытайдан әкеле алмай жүргенін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақ эстрадасынан рухты әндерімен ойып тұрып орын алған “Алаш” тобының экс-солисі, «Ugai»  продюсерлық орталығының жетекшісі Ұшқын Жамалбек 18 наурызда отыз жасқа толып, су жаңа альбомның, бейнебаянның тұсауын кесті. Әншінің қуанышына өмірдегі жақындарынан бөлек, Сәкен Майғазиев, Тоқтар Серіков, Кенжебек Жанәбілов өнердегі әріптестері ортақтасты деп жазады Stan.kz

Ұшқын Жамалбек

18 наурызда Алматы қаласындағы «Алау» кафесінде Ұшқын Жамалбек «Отыздың ұшқыны» атты жеке альбомының, «Басымды қатырма» атты әніне түсірген бейнебаянының тұсауын кесті. Оның үстіне күні кеше ғана отыз жасқа толған әнші халық алдына шығып өнер көрсетіп, есеп берді. Төреғали Төреәлімен бірге «Тақия» әтті әнін алғаш рет орындап, болашаққа қойған жоспарларымен бөлісті.

Екі жыл көлемінде жекке шығармашылықпен айналысып келе жатқан әншінің репертуарында “Сені іздеймін”, “Бір сен үшін”, “Сырғаңның сыңары” атты әуезді, әсем әндері бар. Кезінде елі мен жерін аңсап, шекара асып келген өнер иесі кеш басында бүгінгі қуанышына ортақтасқан қауымға алғыс айтты. Жанды дауыста әндерін орындап, қазақ өнеріне еңбегі сіңген аға-әпкелерінің ақ батасын алды. 

Ұшқын ЖамалбекҰшқын Жамалбек анасы жайлы сөз қозғағанда ерекше толқып кетеді. Себебі, оның асыл анасын Қытайдан елге әкеле алмай жүргеніне он екі жыл толып отыр екен. 

“Жақсы сәттер болатын шығар, үлкен тойлар жасайтын шығармыз. Сол сәтте анамды қасыңызға әкеліп, жақсылықты бірге тойлауға Алла нәсіп етер. Басқа сынақ түскен сәтте өнердегі ағаларым, достарым, барлығы келіп дұғада болды. Жанымнан табылып, жігерлендіру сөздерін айтты. Сол кезде мен өзімді шексіз бақытты сезіндім”, — дейді әнші. 

Ұшқын Жамалбекфото: toktar_beibyt

Анасы отызға толған баласы анасына барлық бақытты тілеп, Аспан асты елінен жан тебірентерлік видео жолдаған. Ақ жаулықты абзал жанның ұлына айтқан сөздері көпшіліктің көзіне жас үйіртті. “Халқыңа, еліңе берерің көп болсын”, — деп сөзін түйіндеді анасы. 

“2007 жылдан бері он екі жыл бойы анамды көшіріп әкеле алмай жатырмын. Енді бір сәті салар. Барынша тырысып жатырмын. “Сабақты ине сәтімен” дейді ғой. Бір сәті болғанда келер. Жылына екі-үш реттен анама барып тұрамын. Ол жақта жинайтын болсам, менде бір ауданның туыстары бар. Әлем бойынша салыстырғанда ең көп қазақ Күнесте. Мен бұл жақта өзім жалғызбын. Менің туыстарым осында отырған қонақтар. Нағашым, әкемнің әкесі дегендер жоқ. Өнер адамдары менің туыстарым. Ата-жұртты аңсап келдім, қолымыздан келгенше өнерімізге берік болып, домбырамызды серік қылып жүрміз”, —деді Ұшқын Жамалбек. 

Әншіліктен басқа кино саласында еңбектеніп, “Ugai” продюсерлік орталығына жетекшілік ететін ол алдағы уақытта “Жыламасын сәбилер” атты қайырылымдылық қорын қолға алуды жоспарлап отыр. 

“Моңғолиядағы басқа қазақтарымызға жол жүріп, сол жақтағы балалармен тілдесіп, әлемдегі сәбилердің жыламауына түрткі болсақ деген ойымыз бар”, — дейді әнші. 

Жүрегі қазақ деп соққан ұлт ұлы тілшілерге сұхбат беру барысында қазақ өнерінде тұлға ретінде қалыптасуды армандайтынын айтты. Әнші арманының орындалуына тілектеспіз. 


 

stan.kz