Алаштың басын қосқан фестиваль

0

«Қасиетті Қазақ елі» атты өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қан­дастарымызбен қоса, Гер­мания, Франция, Қытай, Ре­сей, Моңғолия, Түркия қа­тар­лы алыс-жақын шетелдер­ден 50-ден астам өнерпаз қа­тысты. 

Фестиваль аясында «Мү­шәй­ра», «Терме» және «Қол­өнер шеберлігі» сынды үш­ аталым бойынша бәйге ұйым­дасты­рылды. Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығы Төра­ғасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: «Өткен жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы әлем­нің әр түкпірінде жүрген қандас­тарға қол ұшын беру мақ­сатында «Отандастар қоры» деген қор құру керек­тігін айтқан болатын. Қазіргі таңда ол қор да құрылып, оның басына елімізге белгілі, бе­делді аза­мат Нұртай Әбіқаев ағамыз кел­генін білесіздер. Міне, бүгінгі шараға да сол қор атсалысып жатыр. Сонымен бірге Елбасы бағдарлама жасауды тапсырған, ол бағдарлама да жасалып, бекіді. Бұл фести­валь­­дың өтіп жатқаны да сол бағ­дарламаның арқасы. Кеше дөңгелек үстел өткіздік. Жан-жақтан келген қандастардың ұсыныс­тарын тыңдадық. Оның бәрін хатқа түсіріп, ірік­­­теп алдағы уақытта іске асы­­­ру­ға күш саламыз», деді.

Халықаралық «Алаш» әде­би сыйлығының иеге­рі, ақын Қазыбек Иса баста­ған­ қа­зы­лар алқасы әр елден кел­ген өнерпаздар шығармашы­лығына баға беріп, жүлделі жүйріктерді анықтады.

«Қолөнер шеберлігі» аталымы бойынша III орынға Ре­сейден келген Артықбай Сма­­ғұлов ие болса, II орынды Түркиядан келген Наргиз Тіней алды. Ал I орынға Мо­ңғолиядан келген өрімші Ха­был Қайып лайық деп танылыпты. 

«Терме» аталымы бо­й­ын­­­­­­ша III­ орынды Арман Қа­лел­­бекұлы (ҚХР), II орынды Жанғар Мәмбетназаров (Өз­бек­стан), I орынды Нұржі­гіт Есxат (ҚХР) иеленді.

«Мүшәйра» аталымы бо­йын­ша III орынды Алаш Тұр­сынәліұлы  (ҚХР), II орын­д­ы Нарқұлан Райxанұлы (Моң­ғолия), I орынды Шынар­бек Жомартұлы (Моңғолия) ен­шіледі. Сондай-ақ үш аталым бойынша бір бас жүлде тағайындалып, оны Қытайдан келіп, «Мүшәйра» аталымы бойынша бәйгеге қатысқан Жұматай Көксубай иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі қар­жы­лай сыйлықты қанжыға­ла­ды. 

Барлық аталым бойынша үшінші орын иегеріне 100 000 тең­ге, екінші орын иегеріне 150 000 теңге, бірінші орын иесіне 250 000 теңге жүлде табысталды. Сонымен бірге 11 арнайы жүлде беріліп, әр- қай­сысына 50 000 теңгеден үлестірді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»