«Алаш туы астында» атты деректі фильм Түркияда көрсетілді

0
86

Тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кітапханалар және басылымдар бас директорының орынбасары Яхия Өзен, Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел, Проф. Др. Әбдуақап Қара, Доц. Др. Джемиле Кынаджы, Түріксойдағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, түрік зиялылары, қазақстандық студенттер қатысты.

Алғы сөзінде Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы желтоқсан айының қазақ ұлты үшін ерекше маңызы бар екенін айта келе Алаш қозғалысы жөнінде түсірілген ең ауқымды фильмді дайындап, Түркияда көрсеткен Көкту қоғамына алғысын жеткізді. «Ұлт азаттық күрес жолында Міржақып Дулатов «Оян, қазақ! деген болса, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» үндеулері арқылы «Оян, түркі әлемі!» деп шақырады» деген Елші енді түркі халықтарының тарихы терең түркі мәдениеті мен өркениетін жандандырукеректігін баса айтты.

“Алаш ұлттық қозғалысын бастаған зиялылар тек қазақ даласын ойлап қана қойған жоқ, олар бүкіл Орталық Азияның болашағын ойлады. Тәуелсіз мемлекет құра алмаса да, тәуелсіз мемлекетте болуы қажет барлық шешімдерді қабылдады» деді ол.

Проф. Др. Хулия Касапоглу Ченгел болса сөз кезегінде қазақ ұлт азаттық күресі өкілдері мен түріктің ұлт азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасында өте жақын ұқсастық бар екенін атап көрсетті.» Олар – бірдей рух, бірдей тебіреністің тұлғалары. Қазіргі күні Сталин өз туған жерінде ұмытылған кезде, Алаш зиялыларын бүкіл түркі елдері әспеттеп еске алады» деді ол.

Проф. Др. Әбдуақап Қара болса өз сөзінде Алаш қозғалысының мәні мен маңызының тереңде жатқанын баса айтты.» Арадан 100 жыл өтсе де, болашак ұрпақ оларды толық түсінуге әлі де талпынуда» деді ол.

Деректі фильм көрсетілімі Анкара тұрғындары, зиялы қауым өкілдер және жас зерттеушілердің көңілінен шықты.

Айта кетелік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ел» продюсерлік орталығымен бірлесе түсірген ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» деректі фильмі «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.

1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында Ресейдің Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өтті. Сол мәжілісте Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. Бұл деректі фильмнің көрсетілімі Алашорданың 100 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылған.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізді.

Дереккөз: http://egemen.kz/