АЛАҢ БОЛМА АРТЫҢА | «Айқын» газеті
Астанада өткен азаматтық форумда Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатудың қажет
екенін мен әрбір Жолдауымда айтып келе жатырмын. Басты мақсатымыз – азаматтарымыз саналы болып, мәртебесі жоғары, дамыған қоғам құру. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек, барлық міндеттерді жүзеге асырамыз, өркендеген, өскен 30 елдің қатарына кіреміз. Сол елдердей сауатты боламыз деген сөз. Мәдениет сондай болады деген сөз. Бұл форум азаматтық секторға серпін беріп, азаматтық қоғамның одан ары дамуына үлкен жол сілтейді деп сенемін», – деп түйіндеді Елбасы.
Қазақстанда 22 мың үкіметтік емес ұйым тіркелген. Дамыған елдерде негізгі тірліктің көбі осындай ұйымдардың иығына артылған. Бізде үкіметтік емес ұйымдарда жұмыс істейтін адам саны небәрі 0,3 пайызды құрайды.
Мемлекет басшысы «алдымен – экономика, сосын – саясат» деген ұстанымды ұстанды. Бұл күнде экономика нығайды. Енді Елбасының «сосын саясат» деген бағытына жеткендейміз. Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы тұжырымдар азаматтардың тікелей араласуынсыз шешілмейді.
Президент есті қазаққа жетесіне жететіндей сөз айтты. «Қазақстанда жетімдер үйі болмауы тиіс!». «Аналар үйі» жанынан баланы асырап алуға жәрдемдесетін үкіметтік емес Ұлттық агенттік құруға қолдау білдіруіңізді сұраймыз. Жетімдер санын тезірек қысқарту үшін, балалар үйінің жұмыс жүйесін реформалауды бастау керек», – деген өтінішке қатысты жауап осындай. Қазақстанда бала асырауға жәрдемдесетін 12 шетелдік агенттік бар. Осы уақытқа дейін қаншама қазақтың баласы жанары жәудіреп шетел асып кетті. Жетімдерді асырап алғысы келетін қазақстандық ұйымдарға мұндай агенттік ашуға рұқсат берілмейді.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Соңғы үш жылда 24-ін қысқарттық, 122-сі қалды. Жыл сайын балалар саны 1-1,5 мыңға азайып келеді. Қазір 7 мың болды. Енді бұл процесс жылдамдай түседі. Өйткені Балалар үйінде негізінен үлкен жастағы балалар ғана қалды. Олар түлеп кетеді. Біз патронат отбасы механизмін жасаймыз. Отбасы баланы алады, ақшасын мемлекет төлеп отырады. Процесс жылдамдайды. Біздің ойымызша, 2 жылдан кейін 3-3,5 мың бала қалады. Сол кезде осы саланы толығымен үкіметтік емес секторға беруге болады. Ал бала асыраумен айналысатын агенттіктер мәселесін қарастырамыз. Дегенмен соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге шыққан жоқ, барлығы осында асырап алынды», – деді.
Мемлекет басшысы «Жетімдер үйі мен қарттар үйін біріктіру туралы ұсыныстар бар. Олар күнделікті балалар тәрбиесімен айналысатын болады. Бәлкім осы нұсқаны қарастырып көру керек шығар», — деген ой тастады. «Мейірім» дейтін қарапайым ұғым жоғалып бара жатқан қазіргі заманда бұл да керек сияқты.
Президент аяқ-қолы сау, он екі мүшесі бүтін замандастарымыздың өмірден түңіліп жүретініне қынжылыс білдірді. «Үнемі өмірге лағнет айтып жүреміз: бірде мынау, енді бірде екіншісі жетпей жатады. Егер өмірден түңіліп кетсең, ауруханаларды, тіпті болмай жатса, зират басына бар. Сол жерде жатқан жандардың жағдайы саған қарағанда әлдеқайда қиын. Қол-аяғымыз сау болса да, кішкене сүрінсек, өмірден түңіліп кетеміз. Өмірде барлығы да мүмкін – өзіңді қолға алып, жұмыс істеуге мәжбүрле. Бар мәселе осыда. Сондай-ақ жастарды да осы нәрсеге үйретуіміз қажет», – деді. Расында, қазіргі жас ұрпақ тумай жатып, өмірден түңілгіш. Жас ақындар өмірді сүюдің орнына, өмірден баз кешуге бейім. Қазақстандағы суицид көрсеткішінің көбеюіне осындай зарлы сарын да әсер ететіндей…
Әр азамат артына алаң болмайтындай жағдайда өмір сүрсе, бір ғанибет емес пе?!.
Нұртөре ЖҮСІП