Алакөлге пойыз қашан қатынай бастайды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

1 0 0

Алакөл 19 маусымда ашылады деген жоспар бар. Оған дейін қосымша пойыздар да қатынайтын болады. Теміржол билеттерінің бағасы өзгерген жоқ

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр — Sputnik. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы Алакөлге пойыздардың қашан жүретінін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазіргі жағдайға байланысты Қазақстан азаматтары жақын арада шетелге демалу үшін шыға алмайтын сияқты. Осыған байланысты біз Алакөлге баратын бағдарлардың бәрін ашуды жоспарлап отырмыз. 1 маусымнан бастап Достық станциясына екі пойыз қатынайтын болады», — компания басшысының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов бүгінгі онлайн брифингте.  

Оның айтуынша, 10 маусымнан кейін басқа пойыздар да жүре бастайды. Ал Алакөлдің өзі 19 маусымда ашылады деген жоспар бар. Оған дейін қосымша пойыздар да қатынайтын болады. Теміржол билеттерінің бағасы өзгерген жоқ. Тарифтер сол күйінде қалды. 

«Одан кейін біз динамикалық баға қою жүйесін алып тастадық. Бұған дейін жолаушы билетті 45 күн бұрын алғанда бір баға болса, пойыздың шығуына екі күн қалғанда билеттер басқа бағамен сатылатын. Енді, әлеуметтік маңызы бар бағыттарда ондай тарифтер болмайды», — деп атап көрсетті Әлмағамбетов.

Айта кетейік, 1 маусымнан бастап Қазақстанда ішкі теміржол қатынасы ашылады. Бірінші кезеңде пойыздардың жартысы жүреді.

Вокзалға тек бетпердемен және билетпен ғана кіргізеді. Ал адамдар арасында арақашықтық сақталуы шарт. Пойыздарда мейрамхана-вагондар жұмыс істемейді. Жол-жөнекей тамақ та сатылмайды. Сондай-ақ, вагондар арасында жүруге тыйым салынады. Ал жолаушылар тек өз орнында ғана отыруы шарт, ешқайда шықпайды. Бұның барлығын жол серіктері бақылап отырады. 

Пойызбен жүретін жолаушыларды барған жерінде карантинге алмайды. Олар емін-еркін жүре алады.

 



sputniknews.kz