Алакөлде туристер мен жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес болды (видео)

0

Алматы облысының Алакөл ауданындағы Ақши ауылының тұрғындары демалыс аймағына келушілерге жергілікті бұзақылар жиі шабуыл жасайтынын айтуда, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы олар Instagram парақшасында жазды. Тіпті осы әлеуметтік желідегі «Талдыкорганец» тобына сондай кезекті шабуыл кезінде болған жаппай төбелестің бейне жазбасында жариялаған.

«Біз Алакөл ауданы, Ақши ауылынанбыз. Жергілікті «жабайы» адамдар келген туристерге үнемі шабуыл жасайды. Ал жергілікті билік үндемейді. Немесе таныстары арқылы шешіп тастап отырады. Жазаланып жатқан ешкім жоқ» — деп жазды видеоны жариялаушылардың бірі.

Біз осы оқиғаға байланысты қандай да бір пікір білмек болып, Алматы облыстық ПД-не хабарласқан едік.

Олар видеода көрсетілгендей тамыздың15-нен 16-на қараған түні Алакөл ауданының Ақши ауылында орналасқан ойын-сауық орталығында жастар арасында төбелес болғанын растады.

«Осыған байланысты барлық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жергілікті полиция инспекторы мен тергеу-жедел тобы жіберілді. Полиция өкілдері барған соң дәмхана қызметкерлері жаппай төбелес ұйымдастырушылардың үстінен жазбаша шағым түсірді. Қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың барлығын анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған дәйек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293 -бабы 2 -бөлігімен (Бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы туралы кейінірек хабарланады. Сондай-ақ жаппай төбелес кезінде куәгерлер мен жәбірленушілер тарапынан полицияға хабар түспеген», — деді Алматы облыстық ПД басапсөз қызметі.