Актрисаның аналар галереясы
Рас, соғыс уақыты қазақ әйелінің бейнесін түбегейлі өзгертті. Аналарымыз қайнатып отырған құртын тастап, тылға еңбек етуге шықты. Кешегі бесік тербетіп, қазанын қамдаған отанасы енді майданға кеткен ерлерінің орнын жоқтатпай, нәзік қолдарымен орақ пен шалғыны батыл ұстап, темір құрсаулы техниканың тілін игеруге мәжбүр болды. Адамзат басына төнген осынау қиын да қасіретті кезең кеңестік кино өнерінің де жаңаша бағыт түзіп, экранға өзгеше бояулы тың бейнелердің шығуына жол ашты. Замандастар бейнесі мүлдем бөлек бағытта сараптала бастады. Әмина Өмірзақова тудырған қазақ киносындағы аналар галереясы соның айғағы.
«Ана туралы аңыз» фильмі арқылы көпшілік көрерменге кеңінен танылған актриса одан кейін де сан характерлі аналар бейнесін кемеліне келтіре кейіптеп, қазақ қана емес, күллі кеңестік кино тарихында айтулы жаңалыққа айналды. Бұған дейін ұлттық экранымызға шықпаған қазақ әйелінің өзгеше бейнесін жасады. Тіпті аталған кинотуындыдағы ізденісі үшін өнер иесі 1964 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне лайық деп танылады.
Иә, «Ана туралы аңызды» тамашалап отырып киносүйер қауым актриса сараптауынан ана жанының даладай дархандығын, баладай аңғалдығын, сезімінің сұңғыла да сыршыл нәзіктігін, жүрегінің сын шақтардағы қайтпас қайсарлығын жазбай таныр еді. «Егер орыс кинематографиясында ананың рөлін ерекше сомдаған Вера Марецкая, Италия киносында Анна Маньяни болса, қазақ киносындағы ана образы Әмина Өмірзақовамен тығыз байланысты» – деп баға берген белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербектің пікірі жоғарыда келтірген ойымызды дәйектей түсетіндей.
Өз дәуірінде сахнаның саңлағы, экранның еркесі атанған актрисаның шығармашылық биографиясын парақтап отырып, өнер иесінің сахнада да, экранда да кіл аналар бейнесін сомдағанына көз жеткізуге болады. Бүгінде ұлттық кинематографиямыздың баға жетпес қазынасына айналған «Абай әндері», «Жамбыл», «Бір ауданда», «Арманым менің», «Гауһартас», «Ақ шаман», «Нан дәмі», «Шанхай» фильмдеріндегі қайталанбас кейіпкерлері әлі күнге дейін көркемдік һәм құндылық қуатын бәсеңсітпей, керісінше көрерменін үздіксіз қуантып келеді. Соның ішінде, әсіресе Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» кинотуындысындағы Тана апай рөлі көрермен жүрегіне айрықша жақын. «Ана туралы аңыз» фильмінде актриса сабырды сары алтынға балайтын салмақты, ойлы, мұңды кейіпкер мінезін мүсіндесе, «Тақиялы періштеде» еті тірі, пысық қария кейпіне жеңіл ауысып, бұған дейін жасаған бейнелеріне мүлдем ұқсамайтын бөлекше образ тудырады. Мұндай бір-біріне қарама-қайшы рөлді асқан шеберлікпен кемеліне келтіре ойнап шығу – нағыз хас дарындардың ғана маңдайына бұйырар бақ болса керек.
Әмина Ерқожақызы өнер жолын Шымкент театры сахнасынан бастап, 1949 жылдан өмірінің соңына дейінгі жарты ғасырдан астам ғұмырын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының өркендеуіне арнады. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы талғампаз бейнелері арқылы халық жүрегінен өшпес орын алды. 70 жылға жуық сахналық ғұмырында бір-біріне ұқсамайтын ойлы да мазмұнды 150-ден аса рөлдің авторы атанып, бейнелілік биігінен көрінген сахнагердің өнер әлемінде өрнектеген өнегелі жолы қай кезде де көрушісін бейжай қалдырып көрген емес.
2019 жылдың 8 наурызында туғанына 100 жыл толатын әйгілі актрисаның мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жұмыстары жыл басынан-ақ басталып кетті. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы әртісін еске алуға бағытталған мәдени іс-шаралардың ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылуы жоспарлануда. Соның ең алғашқысы Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті. «Қазақ киносының анасы» деген тақырыппен ұйымдастырылған еске алу кешіне кинотанушы мамандар мен белгілі қоғам қайраткерлері қатысты. Келелі кездесу барысында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр өнерінің саңлағы Әмина Өмірзақованың ғасыр тойына арналған көрме қойылып, актрисаның шығармашылығына кәсіби көзқарас биігінен жан-жақты баға берілді. Алдағы уақытта аталмыш тағылымды шара өзінің мазмұндық мәнін ғана емес, географиялық ауқымын да кеңейтіп, жүйелі жалғасын табады деп күтілуде.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/