Актриса қаза тапқан жол апаты: Сотталушы Ильяс Кар түсінік берді
Алматыда актриса қаза болған жол апатына айыпталған Gelandewagen жүргізушісі Ильяс Кар сотта түсінік берді деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Сотта Ильяс Кардың тергеу барысында жол апатының жай-жапсарын айтқан видео көрсетілді. Сотталушының сөзіне қарағанда, ол Абай-Сейфуллин даңғылдарының қиылысындағы бағдаршамда қызыл түс жанғанға дейін өтіп кетуге әрекет жасаған.
«Мен өтіп кетемін деп ойладым, бірақ үлгермей қалдым. Ол (Mitsubishi Galant — жәбірленушінің машинасы) тоқтап қалған автобустың ар жағынан шыға келді. Солай соқтығыстық. Мен оны көрген жоқпын. Содан кейін машинадан шығып, оқиға орнына жүгіріп бардым. Аударылған машина оң жағымен жатқан еді. Біз машинаны орнына қоймақшы болдық.
Сол кезде әлдекімдер дәрігерлер келмейінше, оларға тиіспеу керектігін айтып айғай салды. Мен есеңгіреп қалып едім, сондықтан кетіп қалдым. Сейфуллин даңғылымен кеттім де, үйлердің арасында таңғы 8-ге дейін жүрдім. Сосын Масанчи көшесіне шығып, «барахолка» жаққа кеттім. Сол жерде досымды кездестіріп, сонымен болдым», — деді Ильяс Кар тергеу кезінде түсірілген видеода.
Ол сондай-ақ тергеу барысында мейрамханадан караокеге дейін Gelandewagen-ді жүргізіп барғанын айтқан. Сот отырысында Ильяс Кар корпоративтік кеште алкоголь ішпегенін қайталап айтты.
«Мен ауырғандықтан соңғы алты жылдан бері алкогольді ішімдік ішпеймін. Мен су немесе кола іштім. Шот шамамен 400 мың болды», — деді Кар сотта.
Сот барысында ол караокеге дейін қалай жеткені туралы тағы айтып берді. Бірақ онысы алдыңғы түсініктен алшақтау болды.
«Мен мейрамханадан Grand Opera караокесіне дейін таксимен жеттім, ал әйелім мен кейбір қызметкерлерге «сау жүргізушіні» шақырттық. Тергеу кезінде мен мұны айтқан жоқпын. Өйткені ауыр қылмыс жасадым, тергеушінің менің қайда және қалай кеткенімді білгені керек деп ойладым. Бастысы, оқиғаға себепшімін», — деді сотталушы.