Әкімнің қабылдауында болған жетім жігіт баспаналы болды
Ақмола облысының Біржан сал ауданында жетім өскен Дмитрий Романенко баспаналы болды.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды. Степняк қаласында қалпына келтірілген 4 қабатты тұрғын үйден берілген жаңа пәтердің кілтін облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің атынан Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов тапсырды.
«Анатолийдің қуанышы баршамызға ортақ. Бұған біз Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қол жеткізіп отырмыз, — деді Ермек Нұғыманов.
Еске сала кетейік, жақында Ақмола облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Мәлік Мырзалиннің қабылдауында болған Анатолий Ромаренко Степняк қаласындағы жылжымайтын мүлік құқығын қалпына келтіру жөнінде көмек сұраған еді.
Туғанынан анасынан айырылған ол 8 жасқа дейін әжесімен Степняк қаласында тұрған екен. Кейін әжесі өмірден озған соң аталмыш пәтер оған мұраға қалған. Тұл жетім болып қалған ол Солтүстік Қазақстан облысының Ғ.Мүсірепов ауданындағы Шөптікөл балалар үйіне тәрбиеленуге жіберіледі. Ал, әжесінен мұра болып қалған пәтері сүріліп кетіпті. Сол кезде, Біржан сал ауданы әкімінің орынбасары Ерсайын Сабыров бұл мәселе аудан әкімдігінде бақылауға алынғанын айтып, жақын уақытта аудан орталығында қалпына келтіріліп жатқан 4 қабатты тұрғын үйден баспана беріледі деп сендірген еді. Оған қоса, ол Анатолийді тұрақты жұмысқа орналастыруда жоспарланып отырғанын атап өткен болатын.