Әкімнің алғашқы тапсырмасы: Берік Уәли Семейде айналма дөңгелек салуды тапсырды

0

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейде жыл бойы жұмыс істеп тұратын шолу дөңгелені салуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Абай облысы әкімдігі

Берік Уәли Семейдің қоғамдық орындарын аралап, қаланы абаттандыру аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Өңір басшысы Бейбітшілік аралындағы этноауылды, спорт аймағын, балалар теміржолын, Мәңгілік Ел көшесі бойындағы Арбатта, Медиков алаңында болып қайтты. Сондай-ақ сол жағалаудағы көпір астындағы қоғамдық орындарда және Мұхтар Әуезов атындағы алаңды көрді.

Қала әкімі аймақ басшысына қоғамдық орындардың қазіргі жай-күйін баяндады.

Облыс әкімінің назарын аударған балаларға араналған теміржол да жаңартылмақ. Сондай-ақ ол теміржол жолының ұзындығын ұлғайту, аралды ескі заттардан тазартуды тапсырды.

“Бейбітшілік аралы – семейліктердің отбасымен бірге демалатын сүйікті орындарының бірі. Мұнда қала қонақтары жиі келеді. Сондықтан биіктігі 50 метрден кем емес, жыл бойы жұмыс істейтін шолу дөңгелегін салу қажет. Қоғамдық орындарды абаттандыру кезінде жайлылықты ғана емес, қауіпсіздік мәселелерін де ескеру керек”, – дейді Берік Уәли.

Аймақ басшысы Бейбітшілік аралында полиция мен дәрігерлік пункттер құруды тапсырды.

“Былтыр қалада бірнеше жаңа саябақтар мен қоғамдық орындар пайда болды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз демалыс орындарын көбейтуіміз керек. Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Семейді абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл қаланы абаттандыру бағытында көптеген жобалар жүзеге асады”, – деді облыс әкімі.

Қазір 10 саябақты қайта құру бойынша жобалар дайындалып жатыр. Сонымен қатар аулаларды абаттандыру және жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және ғимараттардың қасбеттерін жаңарту жоспарланып отыр.

Бұған дейін Тоқаевтың баспасөз хатшысы қызметін атқарған Берік Уәли Абай облысына әкім болып тағайындалғанытуралы жазған едік.