Әкімдік Қордайда 11 нысан неге қалпына келтірілмей жатқанын түсіндірді

0
0
Advertisement

Үкіметтің қадағалауымен Қордай ауданында төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен нысандарды жөндеу, қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр

АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан бүлінген 65 нысанның 54-інде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Заңға сәйкес соғылмаған, құжаты жоқ 11 нысанда құрылыс жүріп жатқан жоқ. Бұл жайында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айтуынша, құжаты жоқ нысандарды арнайы комиссия зерттеп, тиісті шешім қабылдайды.

«Нысандарды анықтап, заңға сәйкестігін тексеріп, олардың құрылыс барысын, сапасын, уақытында аяқталуын бақылау үшін облыста тиісті жұмыс тобы құрылды. Бұл комиссияға белсенді азаматтар, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар және тиісті мемлекеттік азаматтар кіріп отыр. Ауданда 41 тұрғын үй мен 13 коммерциялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары 30 сәуірден басталды. Тиісті мердігерлер жұмылдырылды», – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев.

Айтуынша, «Шивон» қайырымдылық қоры құрылған. Демеушілер есебінен 104 миллион теңге аударылды. 

«Қазір алты нысанда құрылыс толық аяқталды. Қалған нысандағы жұмыстарды тамыздың соңына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Одан бөлек күрделі жөндеуді қажет етпейтін 103 нысан демеушілердің көмегімен орнына келтірілді», – деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар Қордай ауданында зардап шеккен 39 отбасыға 44 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қосымша ауданның 936 отбасына 122 тонна азық-түлік көмек жеткізілген.

«Асыраушысынан айырылған жағдайға байланысты, қайтыс болған азаматтардың отбасына ай сайын орта есеппен 55 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, төленіп жатыр», – деді ол.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, биыл 680 дүнген отбасы көрші аудандарға егіндікке шықты.

«Дүнген азаматтары жыл сайын көктем уақытында егіндікке шығады. Оның ішінде көрші облыстарға барады. Былтыр 320 отбасы барса, биыл 680 отбасыға мүмкіндік жасалды. Олар Шу ауданы, Қарағанды облысы, Алматы облысына шықты. Былтыр бір жарым мың гектар жерге егін екті. Биыл бұл көрсеткіш төрт есе артып, бес жарым мың гектарға егіп жатыр», – деді Жылқыбаев.



sputniknews.kz

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз