«Әкімдік Елбасының шешімін жоққа шығарды»: Түркістан тұрғындары жаппай жерінен айырылып жатыр

0

Түркістан қаласында тұрғындардың жер учаскелерін әкімдік жаппай тартып алып жатыр. Қаланың қақ ортасындағы құнды жерлердің жекеменшікке берілгендігін растайтын құжаттары да халықтың қолында. Құжаттар Әділет департаментіне тіркелсе де, облыстық әкімдік оны қаперге алмаған. «Жібек жолы» саябағының жанындағы жерлеріне тұрғындардың кейбірі зәулім үй салып алған. Алайда арада 14 жыл өткенде, әкімдік әлгі аумақты белгісіз себеппен халықтан жаппай тартып алуға кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» ММ талап арызымен Ержігіт Сейсенбеков, Гүлзат Тілеулиева, Гүлмира Айменова, Досмұханбет Айменов бастаған ондаған адам Түркістан қалалық сотына жауапкер ретінде шақырылған. Тұрғындарға жер учаскелері 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы Яссы ауылдық округі әкімінің шешімімен берілген. Халық кейін әлгі жерлеріне мүлікті заңдастыру туралы арнайы заң қабылданғанда мемлекеттік акт жасатқан. Кезінде ауылдық окургтің аумағына қараған аумақ бүгінде Түркістан қаласына кіріп кеткен. Мүліктің құны да көтеріліп, құрылыс қарқын ала бастағанда әкімдік әлгі жерлердің иелерін шетінен сотқа шақырып, тұрғындардың әрекетінен кемшілік таба бастаған.

«Мына тұрған жерімнің құжатын жалған деп жатыр. Рұқсат құжаттарын кезінде сол әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелердің өздері берген. Енді арада 14 жыл өткен соң қандай мақсатпен екенін білмедім, біздің жерімізге тиісіп, сотқа шақырып жатыр. Жерді беру туралы комиссияның, әкімнің шешімі Кентау қаласындағы архивте тұр. Мүлікті заңдастыру туралы құжаттың көшірмесін архивте жоқ деген сылтаумен жерді тартып алу — барып тұрған бассыздық. Әкімдікке қарасты мекемеге құжатты біз өткізбейміз, оған халықта рұқсат та жоқ, мүмкіндік те берілмеген. Қажетті маңызды істерді мұрағатқа жіберу — тікелей әкімдік қызметкерлерінің міндеті. Әу баста 10 соттық жерге 4,8 млн теңге өтемақы беретінін айтып, жерді қайтаруымды сұрады. Мен үй салдым, құрылыс жүргіздім, шығындалдым. 10 соттық бос жердің өзі Түркістанда қазір кемі 10 млн теңге тұрады. Менің мүлкімнің нарықтағы бағасы 18-20 млн теңге. Олар ештеңе төлемей, жерді алып қою үшін сот арқылы құжаттарды жалған, заңсыз деп танып, шетінен тартып алып жатыр. Кезінде жер арзан болғанда ешкім мән бермеді. Енді Түркістаның мәртебесі өзгергенде жерді алып қоймақ», — деді қала тұрғыны Болат Айменов.

«ӘКІМДІК НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАСАҒАН ЖАҚСЫЛЫҒЫН ЖОҚҚА ШЫҒАРЫП ЖАТЫР...» 

Әкімдіктің көзі түскен жер қаланың ортасында — «Жібек жолы» саябағының артқы жағында орналасқан. Тұрғындардың сөзінше, кезінде үш көшеде 400-ден астам жер телімі берілген. Араларында үйдің іргетесін қалап, қоршап, құдық қазып қойғандары да аз емес. Осыдан он бес жыл бұрын құны небәрі 150 мың теңге тұрған жер телімдерінің құны бүгінде кемі 10 миллион теңгеден асады. Халық әкімдіктің бар құжаттарды көпе-көрнеу жалған деп танып, жоққа шығаруын өтемақы төлемей жерді тартып алу мақсатында жасалған әдіс деп санайды. Халық кезінде мүлкін заңдастыру үшін Түркістан қаласы әкімдігінің «Жер қатынастары бөлімі», «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы, «Жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша Түркістан қалалық бөлімі» сынды көптеген мемлекеттік мекемелердің рұқсат құжатын жинап, соңында мүлкін Әділет департаментіне де тіркеткен. Ең бастысы, мүлікті заңдастыру үшін түрлі мемлекеттік лауазымды тұлғалардан құралған комиссияның шешімін де алған.

«Ұзындығы 23, ені 5 метрлік үй салдым. 20 соттық жерім бар. Құжаттарының бәрі бар. Маған әкімдіктен «үйіңнің құжаттарын көрсет» деп жас жігіттер келіпті.  Айтуынша, бұл жерлер сүріледі, жер мемлекетке қайтарылады. «Қандай құжат, қаулыларың бар?» десем, ештеңе көрсете алмады. Мен де құжаттарымды берейтінімді айтты. Кезінде Елбасы, Тұңғыш Президенттің өзі заңға қол қойып, арнайы үндеу жасап, қаулы шығарып халыққа мүлкін заңдастыруға, құжаттандыруға мүмкіндік бергізді. Яғни, халқына рақымшылық жасады. Елбасы Парламентті, Сенатты жинап, үлкен отырыстар арқылы шешім шығарды. Енді сол кезде жасалған құжаттарды уақыт өте келе Түркістан облысының әкімдігі, төмендегі шенеуніктер негізсіз жоққа шығарып жатыр. Мен есігімнің алдында отырып мөр басып, мемлекеттік акт жасаған жоқпын. Барлық құжаттар кезінде сол қала әкімдігінде жасалды. Өздерінің жасаған құжаттарын он жыл сайын жоққа шығарып, жоя беретін болса, мұндай жергілікті биліктің не қажеті бар?», — деді Шілдехана көшесінің тұрғыны Нұрғали Сауранбаев.

Әкімдік халыққа жерді қандай мақсат-мүдде үшін мемлекетке қайтару қажеттігі туындағанын да түсіндірмеген. Халық бұл аумақ расымен де мемлекеттің қажеттілігі үшін қолданылса, қайтаруға дайын екенін, тек заңды түрде, нарықтағы сұраныспен өтемақы беруін сұрайды. Басында жергілікті билік мардымсыз өтемақы төлеуді ұсынғанымен, соңында сот арқылы құжаттарды заңсыз деп танып, шетінен тегін алуға көшкен. Ләззат Молдыбекова есімді тұрғын қос қабатты үйін он жылдың ішінде тұрғызыпты. Жайлы баспанаға қол жеткізген кезде оны сотқа шақырып, барлық құжаттарының бар болғанына қарамастан Түркістан қаласының соты әкімдіктің талабын қанағаттандырған. Мүлікті растайтын мөрі бар құжаттардың күшін жойған. Әкімдік пен соттың астамшыл әрекетінен зәрезап көршілер қорланғанда көзінен жас шықпағанын айтады.

«Судья біздің құжаттарымызды жасанды (фальшивый) деді. Біз не, үйде отырып мөр бастық па, кадастрлық номерлерді мемлекеттік мекемелерге енгіздік пе? Жерге мемактілерді шығардық па? Техпаспортты түптеп, архитектурадан берілген сызбаларды, анықтамаларды жасадық па? Заңдастыру комиссиясы шешімінің бір көшірмесі архивке бармаса, оған халықтың қандай кінәсі бар? Архивке әдетте құжатын жоғалтқан адамдар барады, біздің құжаттарымыздың бәрі түгел, қолымызда. Бізге «құжаттарың Кентау архивіне кезінде өтпеген, тіркелмеген, сондықтан фальшивый» дейді. Кімді ақымақ қылып тұр? Мұрағатқа құжаттарды өткізу — әкімдікке қарасты мекемелердің міндеті. Оның бізге қандай қатысы бар? Тым болмағанда әкімнің жер учаскесін бергені туралы шешімі тұр ғой. Менің үйімнің құжатын да заңсыз деп тапты, көршілерім де бұл процестен өтіп жатыр. Сотта жеңілдім, үйімнің барлық құжатын заңсыз деп тапты. 20 соттық жерде екі қабатты коттедж тұр, оны он жыл салып, енді кірген кезде баспанаң сүріледі деді. Қолдарында бірде бір құжаты жоқ болса да, әкімшілік жібергенін айтып жас жігіттер келеді, қоқаңдайды. Не үшін сүрілетінін сұрасақ, десек жауап жоқ. Заңды түрде келіп, құжат әкелуін өтінсек, үн жоқ. Екі сот болды, Түркістан қалалық соты әкімдіктің пайдасына шешім шығарды. Сараптама жасалмаса да, архивте жоқ болғаны үшін барлық құжат жасанды саналады деген қайдан шыққан заң?! Кезінде Назарбаевтың жарлығымен комиссия құрылып, қаншама адамның құжаттарын заңдастырып берген, енді сол істерді мына шолақ белсенділер жоққа шығарып жатыр, бассыздық, басынғандық бұл. Неге қарапайым халық кінәлі болу керек?», — деді түркістандық Ләззат Молдыбекова.

ӘКІМДІК ХАЛЫҚТЫ БИЛІККЕ, ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАРСЫ ҚОЙЫП ОТЫР – АРАДАГЕР ҰСТАЗ

Шілдехана көшесіндегі жер иелерін сот шетінен жауапкер ретінде шақырып жатыр. Судьялар істі көп созбастан әкімдіктің талабын қанағаттандырып, бірден құжаттардың күшін жою туралы шешімдер шығара бастаған. Халық соттың дәл бұлай жылдам шешім қабылдауын ықпалды тұлғалардың жасырын тапсырысынан деп есептейлі. Өйткені, бұған дейін де қайтарлыған аумақтарға жеке компаниялар VIP-коттедж қалашығын салып, сатуды бастап кеткен. Үйлерді сүру, 14 жыл бұрын берілген жерлерді қайтару туралы іс қаланың бас жоспарына енгізілмеген.

«Кезінде ағайындар бірге тұрайық деп, бес жер телімін алдық. Тіпті, үй салып, қоршап қойдық. Барлығымыз заңдастыру науқаны кезінде құжат жасаттық. Міне, әкімнің жерді беру туралы шешімі, архитектураның сызбасы, кадастрлық орналасуы бойынша номерлері, комиссияның шешімі, әділет департаментіне тіркелгені туралы мөрде тұр. Таңба басылып, қол қойылған. Енді біз жерлерді заңсыз басып алғандай жаппай сотқа беріп жатыр. 15 жылдан бері ешбір орган қарамай келіп, енді аяқ асты халықты айыпты қылды. Тіпті, кейбір құжаттар дұрыс емес болғанның өзінде, елге жаны ашитын үкімет, билік бағыт бағдар беріп, құжаттарды түгендеп алуымызды ескертер еді. Біздің әкімдік ешбір кемшілік болмаса да, ойдан ағаттық тауып, жерді қайтар деп қысып жатыр. Құйтырқы әрекеттерімен заңды белден басып, халықтың ашуын тудырып отыр. Қымбатшылық пен пандемия жүйкеге салмақ салып тұрғанда, әкімдіктің әрекеті одан әрі ауыр соққы болды. Соттың шешімімен бұл жерлер қайтарылған соң қожайындары кім болады? Әрине әкімдік. Олар жеке компанияларға береді де, өзара құйтырқы әрекетпен бизнеске айналдырады. Облыстық жер инспекциясы Елбасының кезінде қабылдаған шешімдерін жоққа шығарып отыр. Бізге басқа жерден тең көлемде жер берсін, болмаса нарықтағы бағасын төлесін. Сот арқылы тартып алу басынғандық», — деді Әлмұхамбет Айменов.

40 жыл мектепте мұғалім болған, 73 жастағы ардагер ұстаз Мария Генбабаева сот жерінің меншікті күшін жойғанын айтты.

«Ұстаздық еткен жылдары мемлекеттің маған берген жерін енді өздері қайта алып қоймақ. Өзім болмасам да, мына жер ұрпағыма қалса деп едім. Кезінде шет жақ, мал ұстаймыз деп едік, қазір қаланың ортасы болды. Бір еңбек демалысымның ақшасына қоршау салдық, тағы бір айлығыма құдық қаздырдық. Енді келіп әкімдік бізден жерді тартып алмақ. Сот менің де жерімнің меншіктік күшін жойды. Апелляциялық шағым түсірмедім. «Бәрібір жеңілесің, бұйрық солай» деген соң қойдым. Мемлекетке қажет болса алсын, орнына жер немесе құнын төлесін. Біздің құжатымызды жасанды дейді. Сонда бүкіл халық құжатты қолдан жасап алған ба? «Жеріңе құн да төлемейміз, алып аламыз» деді. Мен олардың бұл бассыздығына қарсымын. Әкімдіктегілер халықты билікке, Президентке қарсы қойып жатыр», — деді арадагер ұстаз.

Тұрғындардың құжатын заңсыз деп тапқан сот ешқандай сараптама да жүргізбеген. Сот кезінде халықтың құжатын ресімдеген нотариусың жұмысын, Түркістан қаласы әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының шешімін және жер телімін сату-сатып алу келісім шартын жарамсыз деп таныған. Күтпеген жерден мүлкінен айырылып, сот табалдырығын тоздырып жүрген тұрғындар әкімдіктің бұл әрекеті халықты ашындыру деп санайды. Өйткені, 2006 жылы жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласы Яссы ауылдық округі әкімінің шешімімен 0,10 га жер телімі үй салу үшін бөлініп берілген. Аталған шешімге ҚР Жер кодексінің 19, 23, 43, 107 баптары негізін болған. Жерді пайдалану құқығын беру комиссиясы ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңының 35-бабының 1-тармақшасын басшылыққа алған. Бұл жайттар архивтік анықтамада көрсетілген. Демек, дау тудырып, таласқа түскен жер телімдерін берген құзыретті мекеменің шешімдері осы күнге дейін күшін жоймаған, жарамсыз деп танылмаған. Яғни, арада бір мүшел өткен соң облыс әкімдігінің килігуі орынсыз.

«СОТТЫҢ ӘРЕКЕТІНЕН ЛОББИЗМ СЕЗІЛЕДІ»

Заңгерлердің айтуынша, сот істі біржақты қарап отыр. Халықты әбігерге салған Жер инспекциясы кезінде қабылданған шешімдерді, келісімшарттарды жарамсыз деп тануға арыз беретіндей құқығы да жоқ, ол заңда да қарастырылмаған.

«Құжаттардың мұрағатта болмауы соттың мұндай шешім шығаруына негіз емес. Бұл істерден сот тарапынан әкімдіктің мүдделеріне қызығушылық пен лоббизм бірден сезіледі. Сонымен қатар, әкімдіктің құжаттары не үшін қажет? Жер телімдері не үшін алынып жатыр? Осының бәрі сипатталған қаулы болуы керек. Осы жұмыстардан соң, онда да тұрғындар ұсыныспен, төленетін қаржы көлемімен келіспеген жағдайда ғана әкімдік сотқа жүгіне алады», — деп түсіндірді адвокат Индира Әлімжанова.

Жамила Төленова дейтін тағы бір заңгер де әріптесінің сөзін қоштап отыр.

«Е.Сейсенбеков, Г.Айменова, Д.Айменов пен нотариусқа қойылып отырған келісімшартты жарамсыз деп тану туралы талапқа тоқталсақ, бұл екі тараптың, жеке тұлғалардың арасындағы мәміле. ҚР Азаматтық процестік кодексінің 158, 159, 160 баптарында мәміленің жарамсыздығына негіз болатын жайттар көрсетілген. Жер инспекциясы бұл келісімшартта тараптардың құрамына енбеген, ене де алмайды, сол себептен келісімшартты жарамсыз деп тануға заңмен қарастырылған құқығы жоқ, анықталмаған, талап қоюшы бұл жайлы нақты дәйектер келтіріп отырған жоқ. Талап қоюшының әрекетінде сот шешімі негізінде жергілікті атқару органдарының заңсыз әрекеттерін бүркемелеу, жерді пайдалану құқығы заңсыз рәсімделген деген ойдан шығарылған негізбен жеке адамдардан тартып алуға бағытталған заңсыз әрекет болып отыр. ҚР Азаматтық кодексінің 240-бабына сәйкес адамдардың мүлікті пайдалану мерзімі 5 жылдан асып кеткендіктен меншік құқығын иеленуге заңда рұқсат берілген. Аталған жағдайда Түркістан облыстық жер инспекциясы тарапынан Жер кодексінің 148-бабының 1-бөлігінің 4-тармағында және Жер инспекциясы мемлекеттік мекемесінің Ережесінің 2-тармағында көрсетілген миссиясы мен міндеттері шеңберінен шығып, асыра сілтеп отырғаны және жергілікті атқару органдарының салғырттығы мен азаматтардан жерді қайтарып алу мақсатында сот шешімімен бүркемелемек болып отырғаны анық», — деді заңгер Жамила Төленова.

Ал, Түркістан облысының әкімдігі аталған жағдайға қатысты еш мәлімет, түсініктеме берген жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан облысы