Әкімдік алдында жалғыз адамдық пикет өткізген белсендіні полиция алып кетті

0
44

14 ақпанда түс кезінде бейбіт митинг өткізуге рұқсат беруді талап етіп, Алматы қаласы әкімдігінің алдында жалғыз адамдық пикетке шыққан Асхат Жексебаевты полиция ұстап әкетті деп хабарлады оқиға орнынан Азаттық тілшісі. Оны Бостандық аудандық полиция басқармасына алып кеткен.

Ұсталмай тұрып Асхат Жексебаев Азаттық тілшісіне өзінің митинг өткізуге рұқсат сұрап, төртінші рет өтініш беріп отырғанын, бұған дейін ешқайсысына рұқсат берілмегенін айтты. Конституцияда көрсетілген пікір айту құқығының бұзылып жатқанын жеткізді.

Ол бір адамдық пикеттерге шығып жүрген азаматтық белсенділерді де босатуды талап етті. Асхат Жексебаевтың айтуынша, 13 ақпанда сот Алматыда жалғыз адамдық пикет өткізіп жүрген белсенді Дархан Уәлиевті 15 күнге қамаған. (Бұл ақпаратты Азаттық тексеріп жатыр).

Жарты сағатқа созылған пикет кезінде әкімдіктен ешкім шыққан жоқ. Есесіне полиция қызметкерлері жылдам келіп, белсендіні ұстап алып кетті.

Оны полицияның нақты қай бөліміне жеткізгені белгісіз. Бостандық аудандық полиция қызметкерлерінің бірі оны Темирязев көшесіндегі бөлімшеге алып кеткен болуы мүмкін деді. Сол бөлімге хабарласқан кезде кезекші қызметкер Олжас Әзілқожаев Асхат Жексебаев есімді азаматтың әзірге жеткізілмегенін айтты.

Асхат Жексебаев – саяси тұтқындарды босатуды талап етіп және Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсылық білдіріп, бірнеше рет жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенді. Ол «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған.

Қарай отырыңыз: 11 күннен бері «саяси тұтқындарды» босатуды талап етіп жүрген белсенді (Қазан айы, 2019 жыл).

Azattyq