«Әкімдері вертолетпен жүреді»: Жеңіс Ысқақова Ақтөбе өңірінің жолдарын сынады

0

ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жеңіс Ысқақова Ақтөбе қаласына ән сапармен барып, жергілікті билік өкілдерін сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

Өнер иесі қаланың көркін кетірген жолдарды көрсетіп, жүру мүмкін емес екенін айтты.

“Құрметті, ақтөбелік достар! Қонақжайлық пен сыйластықтарыңа рақмет! Көңілімді түсірген бір-ақ нәрсе, көшедегі жолдардың шұрық-тесігін көріп көңілім құлазып тұр. Әлемге әйгілі ақтөбенің жолдары мұндай деп ешкім ойламаған?! Әкімдерің вертолетпен жүре ме?! Қалай ұялмайсыздар?! Қаланың ішіндегі жолдары осындай тесік болса, сырт жақтағы ауыл-аудандардың жағдайын айтпай-ақ қойған дұрыс шығар?! Ақтөбе қаласының әкімшілігі, екі күн бұрын Қызылордада болдым. Экологиялық жағдайы төмен облыстың көшелері тап-таза, жолдары тақтайдай тегіс. Сол жақтан барып, қаланы қалай әдемі етудің жолдарын үйреніп, шеберлік сағатына қатысып келіңіздер! Менің намысым келіп тұр”, – деп күйінді өнер иесі.

Желі қолданушылары түрлі пікір білдіріп, сүйікті әншісін қолдап жатыр. Айтуларынша, бұл әкімдіктің есігін тоздырған күн тәртібіндегі мәселе көрінеді.  “Дұрыс айтасыз”, “Жергілікті халық айтып, қартайды”, “Ерінбегеннің бәрі айтып жатыр”, “Ақтөбе азып-тозды, кір-кожалақ қалаға айналды”, “Батыстың бәрі сондай-ау”, – деп жазып жатыр оқырман қауым.