Әкімдердің жиі ауысуы қалалардың дамуына әсер ете ме? — Қазақстан жаңалықтары

0

Соңғы уақытта Қазақстанда қала, облыс әкімдері бір орында тұрақтамай-ақ қойды. Келгеніне көп уақыт өтпесе де, президент басқа адамды әкім ретінде тағайындайды. Әкімдердің жиі ауысуы өңір дамуына қаншалықты әсер етеді? Лауазымды тұлғаларды 5 жылдық мерзімге тағайындау бастамасын сарапшылар қалай бағалайды? Stan.kz тілшісі саясаттанушылар пікірін сұрап білді. 

Әкімдердің ауысуы

Күні кеше тағайындалғанына жарты жыл өтпеген Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов орнынан кетіп, көлемі бойынша ірі қалалардың үштігіне кіретін Шым қалаға Мұрат Әйтенов басшы болып келді. Естеріңізге сала кетсек, Ерлан Айтаханов бұл қызметке 2019 жылдың 30 шілдесінде тағайындалған еді. Оған дейін бір жылдай уақыт әкім лауазымында Ғарифолла Әбдрахымов отырды. 2015-2017 жылдар аралығында да атышулы Әбдрахымов қала басшысы қызметін атқарды. Сонымен қатар қамауда отырған Болат Бақауовтың орнына Павлодар облысының әкімі болып Әбілқайыр Сқақов келді. 

Саясаттанушы Дос Көшім әкімдердің жиі ауысуы қалалар мен өңірлердің дамуына кері әсер ететінін айтады: 

«Себебі, бір жерде тұрақты жұмыс істегенде сол жердің жағдайы, болашақтағы даму бағыты туралы пікір қалыптасады. Оны біліп, ақпаратты қабылдау үшін кем дегенде бір жылдан көп жұмыс істеуі керек. Сондықтан екі жыл немесе алты айдан кейін ауысуы сол аймақ пен өңірге кері әсерін тигізетіні сөзсіз», — деген Дос Көшім бұл мәселенің екінші ұшы бар екенін айтады.

«Бір жерде тұрақтап, төрт-бес жыл жұмыс істегендер жан-жақтан тамыр-таныстық басталып, коррупцияның ұшқыны шығуы мүмкін. Өзіміздің басшылыққа өзіміз сенбейтін совет үкіметінен келе жатқан дүние бар. Менің ойымша халықтың жақсы бағасын алған және сол жердегі өз қабілеті мен жұмысын көрсете білген адамға еңбегін жалғастыруға мүмкінідк бергені дұрыс», — деп есептейді саясаттанушы.

Лауазымды тұлғаларды 5 жылдық мерзімге тағайындау бастамасы туралы Дос Көшімнің айтары бар.  

«Адам өзінің кететін уақытын білсе, жұмысы жақсарады деп ойламаймын. Ниеті қисық адам болса, алатынын алып, жейтінін жеп кетеді. Барлығына күйе жақпаймын, сондай адамдар бар екені жасырын емес. «Менің ақыры кететін уақытым осы екен» деп біліп жүрген соң, сондай қадамдарға баруы мүмкін. Сондықтан белгілі бір уақыт қойғанға қарсымын. Ең дұрысы, аймаққа әкімдерді сайлауда жергілікті халықтың өзіне беруі керек. Жергілікті атқарушы органдар менеджер болса, неліктен сол жердің қыр-сырын біліп қалған адамды бес жылдан кейін қызметінен алып тастау керек», — деп өз ойын білдірді Дос Көшім.

Бұл мәселеге қатысы саясаттанушы Ерлан Сайыровтың өз уәжі бар. Оның пайымдауынша, әкімдердің ауысып тұруы жақсы прогресс алып келеді. 

«Әкімдер ауысып тұру керек. Әкімдердің ауыспауы аймақтардағы мәселелердің шешілмеуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне алып келеді. Өйткені, көп отырған әкімдер жергілікті халықтың мәселесін шешуге тырыспайды, олардың бойында өркөкіректік, халықты менсінбеу, өз билігін асыра пайдалану сынды оғаш мінездер пайда бола бастайды. Сондықтан әкімді ауыстыру заңды және бүгінгі таңда қажет-ақ. Жаңа әкім жаңа идея, жаңа көзқарас алып келеді. Тағы бір байқағаным, әкімдердің жас мәселесі. Шымкент қаласы мен Павлодар облысына барған әкімдердің жасына қарасыңыз, қырыққа енді жақындаған кісілер. Демек, әкімдердің жаңа буыны келе жатыр. Бұл өңірдің дамуына жақсы әсер етеді», — дейді Ерлан Сайыров. 

Сондай-ақ, лауазымды тұлғалардың қызметін белгілі бір мерзім шеңберінде шектеуге қарсы екенін айтып қалды. Саясаттанушының пікірінше, облыстар мен ірі қалалардың әкімдерін тағайындау кезінде «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», өте сақ болуы керек. Өйткені облыстық деңгейдегі әкімдерді халықпен сайлау еліміздің территориялық тұтастығына және мемлекеттің унитарлық мәртебесіне қарама-қайшы болуы мүмкін. Ал олардың жұмыс мерзімін шектеуге қарсы екенін жеткізді. 

Осы мәселе тұрғысында Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Шыңғыс Мұқаннан пікірін сұрап көрген едік. Осы салада тәжірибесі бар ол әкімдердің бір орнында аз уақыт отыруы қала дамуына кері әсерін тигізетінін айтады. 

«Кез-келген әкімнің бір өңірге бой үйретуі үшін кемінде төрт-бес ай кетеді. Оның үстіне мемлекеттік қызметке тәжірибесі жоқ адамдар келетін болса, тіпті сұрақ көбейіп кетеді. Сондықтан әкімдердің жиі ауыса бермегені жақсы. Айналып келгенде мемлекеттік жүйе жақсы жұмыс жасайтын болса, әкімдердің ауысып-ауыспағаны қатты білінбейді. Бірақ біздің мемлекеттік басқару көбінесе жүйеге емес, тұлғалық қасиеттерге негізделген. Әкім мықты ұйымдастырушы болса, ол жерде жұмыс жақсы жүреді», — деген Мұқанов осындай жағдайда әкімдердің кемі үш-төрт жыл отырғаны дұрыс деп есептейді.

Әкімдерді 5 жылдық қызмет мерзіміне тағайындау деген бастамаға Шыңғыс Мұқанның қарсы уәжі бар: 

«Тағайындалатын тұлғалар жақсы жұмыс жасаса, неге белгілі бір мерзімде жұмыс жасау керек? Ал, жұмыс жасай алмаса, халық неге сол мерзімнің бітуін асыға күтіп отыруы керек?», — деп қысқа қайырды Мұқанов. 

 

Дайындаған: Мәлік Жанна

 

stan.kz