Әкім Netflix фильміндегі «Тургистанды» — Түркістанмен шатыстырып алуы мүмкін деп «алаңдайды»

0

Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов Facebook-тағы парақшасында АҚШ түсірген «Елес топ» (6 Underground) фильмінің режиссері Майкл Бэю мен америкалық Netflix компаниясына үндеу тастады. Ол фильмдегі ойдан құрастырылған «Тургистан» мемлекетін көрермендер қазақстандық Түркістан қаласымен шатыстырып алуы мүмкін екенін айтып, Түркістанның фильмде айтылған Тургистаннан «мүлде басқа қала екенін» жеткізді. Ол бұған «көз жеткізу үшін» режиссерді 1500 жылдық тарихы бар қалаға шақырып, режиссерден көрермендерді адастырмауды да сұраған.

«Біздің ойымызша, бұл фильмді көргеннен кейін әлемде миллиондаған адам ойдан құрастырылған Түргистан фильмі жайлы ойлануы мүмкін және екі атау бір-біріне ұқсас болғандықтан қаламыз жайлы теріс пікірі қалыптастыруы ықтимал. Бұған қоса, қазірдің өзінде елде көп адамдар фильм Түркістан қаласы туралы деп айтып жатыр» деп жазды әкім.

Желтоқсан айында фильм шыққаннан кейін Түркіменстанның кейбір қалаларында «Америкаға қарсы үгіт-насихат» жүргені айтылған еді. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, мектеп пен мәдениет үйлеріне жоғары сынып оқушылары мен мемлекеттік қызметкерлер шақырылып, АҚШ-тың «Түркіменстан жауы» екені, «халықтың наразылығын тудыруды көздейтіні» айтылған.

13 желтоқсанда жарық көрген Netflix фильмінде қазіргі Түркіменстанды еске салатын детальдар бар. 150 миллион долларға түсірілген фильмде АҚШ миллиардері ойдан шығарылған Тургистан мемлекетінде демократия орнатып, қатыгез диктатордың көзін жойғысы келеді.

Фильм Түркіменстанда тез таралып, оны жабық түрде көрсеткен кейбір салондарға айыппұл салынған. Түркіменстанда Netflix сайты мен оның қосымшасын жүктеп алатын Google Play жабылған.



Azattyq