Акиф Әлизаде: Назарбаев — жаһандық ауқымдағы саяси қайраткер
Әзербайжан мен қазақ халқын тіл, дін ортақтығымен бірге тағдыр ұқсастығы да жақындатады. Қос халық ғасырлар бойы бірнеше дүркін қырғынға ұшырап, біртума ұлдарынан айырылды.
Сонымен қатар бізді біріктіретін тағы бір күш – данышпан көшбасшылар: жалпыұлттық лидеріміз Гейдар Әлиев пен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Екі ұлы тұлға жақын дос болып, Қазақстан мен Әзербайжан байланыстарын ең жоғары деңгейге шығару үшін аянбай қызмет етті.
Мүлдем басқа экономикалық-саяси формациядағы Кеңестік дәуірде туып, алайда кейінірек ұлттық мемлекеттің қалыптасып, дамуына асқан қабілет пен зеректік көрсетіп, туған халық пен мемлекетке жетекшілік ету кез келген кісінің қолынан келмейді. Қос лидер өз ұлтының мүддесін бәрінен жоғары қойып, бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөленуге болатынын дәлелдеді. Нұрсұлтан Назарбаев өте жаңашыл тұлға. Ол бір сөзінде: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген еді.
Бүгін екі елдің, екі лидердің достық және бауырластық эстафетасын жалпыұлттық лидеріміздің лайықты ізбасары, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев табысты түрде жалғастырып келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев – Еуразия интеграциясы идеясының бастамашысы, жаһандық ауқымдағы саяси қайраткер. 2006 жылдың 26 мамырында Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен ашық дәрісінде былай деген еді: «Еуразиялық идея теория секілді өткен ғасырда туды. Бірақ еуразиялық идея тәжірибе жүзінде осы ғасырда жүзеге асады. Еуразияшылдық – ХХ ғасырдың басты идеяларының бірі. Мұны өздеріңіз түсініп, көретін боласыздар. Еуразиялық идеяның Қазақстан бастамасы негізінде орындалған үш басты көрінісі – ЕурАзЭҚ, АӨСШК және ШЫҰ. Және бұл үш ұйым мызғымас Орталық, Біріккен Еуразиялық Идеяның тәжірибелік келбеті».
Бүгінде Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылған бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары Қазақстанды барынша дамыған отыз елдің біріне айналдыру үшін теңдесі жоқ дұрыс жолдың айқындалғанын көрсетіп отыр. Өз сөзінде «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда қашанда туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсары айқын көрінеді. Ата-бабаларымыздың ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі асыл арман болып келді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиялдарын іс жүзіне асырдық. Қазіргі қазақстандықтар үшін тәуелсіздік көпэтносты қоғамымыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниетімізге қол жеткіздік» деп атап өтеді.
Мемлекет басшысының стратегиясына сәйкес «Мәңгілік Ел» идеясы Қазақстанды алға жетелейтін қуатты құрал сияқты. Бұл жол Қазақстанның, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыра беретіні даусыз. Сондықтан Президенттің бастамасын қазақстандықтар шын жүректен қолдайды.
Жаһандық деңгейдегі басшы қашанда жаһандық ауқымда ойлайды. Елбасы: «Жаһанданған әлемде басқа ұлттардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтей білген жөн. Қазақстанда ұлтаралық ынтымақтастықтың қадірін білу керек. Қоғамда тұрақтылық біздің дамуымыздың негізгі алғышарты екенін әрдайым есте ұстау қажет. «Қазақстан» сөзі әлемдік сахнада керемет естілуі тиіс, көне еліміздің жас жеткіншектері жаңа тарихта халқымыздың сенімді қадамдарын жүзеге асыруы керек. Ата-бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан-байтақ жерін, өзіндік мәдениетін, дүниетанымын сақтап, бізге мұра етіп қалдырды. Еркіндікті сүйетін рухын тарихтың аяусыз бетбұрыс кездерінде жоғалтпай, қиын сынақтарға ұшыраған бұрынғы буын сақтай білді. Осылардың әрбірі өзінің тарихи миссиясын орындады. ХІХ-ХХ ғасырлардың тоғысында ұлы Абай үлкен әлемге терезе ашып, Алашорда тұлғаларының ұрпағын оятты. Oлар да өз кезегінде халықтың сана-сезімін оятып, жаңашыл идеялар алға тартқан болатын. 30-40-жылдардың көрнекті жазушыларының ізашарына айналып, осы жазушылардың шығармашылық құдіреті арқасында көп ғасырлық тоқырау, ашаршылық, соғыс жағдайында халық өз рухын қорғап, сақтай білді», деген еді бір сөзінде.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың маңызды әрі көреген шешімдеріне де тоқтала кеткен абзал. Оның саясатындағы жарқын беттердің бірі – қысқа уақытта тек Қазақстан ғана емес, жалпы Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналған Астананың елорда болып таңдалуы. Былтырғы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде Астананың шын мәнісіндегі ғаламдық орталыққа айналғанына көзіміз жетті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың керемет идеяларының бірі – Каспий теңізін Азов-Қара теңіз бассейнімен қосатын ауқымды су жобасы – «Еуразия» каналы. Бұл канал Каспий маңы мемлекеттеріне, соның ішінде Әзербайжанға да әлемдік мұхитқа шығуына мүмкіндік беріп, геосаяси жағдайға түбегейлі өзгеріс әкелетін еді.
Қазақстандағы ғылымды 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы ғалым әрі Әзербайжан ұлттық ғылым академиясының президенті ретінде менің де жеке қызығушылығымды оятты. Ғылымның дамуы – қоғам дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі екені бәрімізге белгілі. Табиғи байлықтары жоқ мемлекеттер ғылым мен инновацияның арқасында бәсекеге қабілетті экономика құрды. Қазақстан табиғи ресурстарға бай болғанымен, олар кейін уақыт өте келе бітеді. Сол себепті Президент Н.Назарбаев инновацияларға негізделген экономика құруды ғалымдардың алдына міндет етіп қойды. Бұл бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі халықаралық консорциумдарға, Берндегі Орталық Еуропа лабораториясына және басқа ғылыми орталықтарға қосылуды көздейді.
Қазақстан Президентінің әлі жүзеге асырылмаған жоспарлары, идеялары мен мұраттары көп. Оның ең үлкен мақсаты − өз халқының бірегейлігін сақтау, Қазақстанды өзіне Отан еткен барлық халықтардың ынтымақта өмір сүруін қамтамасыз ету. Нұрсұлтан Назарбаев ырысы мол Қазақстан жерінде халқын біртұтас, ұлтаралық ынтымақ пен бірлікте бекем ұстап келеді.
Президенттің өзі осы үрдісті былай сипаттайды: «Ғылым дүниежүзіндегі әрбір ұлттың кем дегенде бір өзіндік ерекшелігі бар екенін растайды. Біздің өміріміз де Қазақстандағы 100 ұлттың кем дегенде 100 ерекше және қайталанбас қасиеті бар екенін көрсетеді. Осылардың барлығы біздің халқымыздың өзіндік артықшылығын құрайды. Көп ұлттылық – біздің жалпы үлкен қазынамыз!»
Ашық, демократиялық мемлекет құрып, іргесін нығайтқан, мыңжылдықтар тоғысында қызмет істеп, екі ғасырдың куәсі болған көрнекті саяси қайраткер қызметінің негізгі ұстынын осы сөздер айқын ұғындырып тұр.
Н.Назарбаевтың шыңдалған өмір жолы мен шытырман еңбек жолын зерделей келе, Қазақстанның және оның лидерінің тарихи миссиясына деген сенім бекемделе түседі. Өз халқымен бірге Қазақстанның гүлденуіне қол жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына Ұлы Тәңірі тарапынан көш бастап жүру жазылыпты.
Aкиф Әлизаде,
Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик