Әке-шешенің ақылынсыз алға баспайтын 5 іс
Қамшының сабындай ғана өмір әне-міне дегенше өте шығады. Сондықтан уақытты дұрыс жұмсап, өкінбестей қадамдармен алға жол бастау керек. Ол үшін ата-ананың маңызы зор. Қарбаласқан тіршілікте бізге қамқоршы да, жанашыр да – солар. Олардан артық жақын адам болмайды да! Ата-ананың біздің ісімізге араласып, біз үшін шешім қабылдауын дұрыс түсінуіміз керек. Өйткені олар біздің жағдайымызды өзінің жағдайынан да биік қояды. Өмірде ата-ананың шешімі мына жағдайларда өте керек:
Мамандық таңдағанда. Өмірді көрген орта жастағы әке-шешеміз болсын, көп жасаған ата-әжеміз болсын, олардың біздің мамандық таңдауымыздағы пікірі маңызды. Болашақ мамандығымыз – бізді ертеңгі нанымыз. Сол үшін жан-жағынан хабары бар үлкендердің пікіріне құлақ асып, шешіміне құрметпен қарауға тырысу керек.
Жар таңдағанда. Ата-аналар өз ұлдарына қандай қыздың мінезі сай келетінін, кіммен сыйысып оңай отбасын құрып кете алатынын жақсы біледі. Біз сезіммен ғана үйленуге шешім қабылдасақ, олар ақыл мен жағдайға жүгінеді. Өйткені үйлену үшін тек сезімнің ғана күші жетпейді. Жар таңдағанда міндетті түрде ата-анамызбен келіскеніміз дұрыс. Жоғарыда айтқанымдай, олар бізге жақсы жағын ғана ойлайды.
Дос таңдағанда. Адамның араласатын досына қарап, өзін тануға болады. Өйткені адамды ортасы өзгертеді. Немесе адам ортасын өзгерте алады. Жанымыздағы досымыздың қандай екенін әке-шешеміз үйде отырып-ақ біліп отырады. Өйткені олар біз әлі өтпеген өмір сабақтарынан ерте өтіп қойған. Олар талай достың сатқындығы мен адалдығын көрген. Адамды жақсы таниды және зияны көп доссымақтардан ұлын сақтандырғысы келеді.
Ұрпақ өсіргенде. Бала тәрбиесінде ата мен әженің маңызы ерекше. Әке мен шеше берген махаббаттан бөлек, ата мен әженің немересі мен шөбересіне деген сүйіспеншілігі тіпті бөлек. Олар үшін бала балдан тәтті, ал немере жаннан тәтті. Олар да тәрбие бере алады, олар да үлгі-өнеге көрсете алады. Баланың өсіп-жетілуіне, адамгершілігі бар адал азамат болып өсуіне әке-шешеден басқа, ата-әже де ат салысуы керек.
Жаңа іс бастағанда. Қартайған сайын үлкен кісілер бала секілді болмашыға ренжіп, болмашыға қуана салады. Сондықтан қандай да іс бастарда, өзіміз мың жерден дұрыс екендігін біліп тұрсақ та, ата-ананың пікірі мен ойын сұрауды әдетке айналдырайық. Олар баласының өзінен ақыл сұрай келгеніне ерекше мәз-мейрам боп қалады. Оның үстіне, олардың берер ақылы қартайған сайын қазынаға айнала бастайды.
Дереккөз: http://reactor.inform.kz