«Әке-шешемнің басына барып қайтқым келеді». «Мисс Қызылорда-2017» жинаған ақшасын қайда жұмсайтынын айтты

Сурет: Nur.kz
2017 жылы Қызылорданың ең сұлу аруы атанған Гүлнұр Нұртаза «Россия 24» арнасының кезекті репортажының басты кейіпкеріне айналды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Көпшіліктің жүрегін елжіреткен оқиға: «Мисс Қазақстан» байқауының финалисі подиумды қазанға алмастырды. Дәмхананың асүйінде ғана өзіне тыныш әрі бақытты өмір таба білді», — деп жазылған видеода.
Еске салсақ, қыз бала қиын жағдайда қалған. Ата-анасынан айырылған 19 жастағы қыз қазір өзін-өзі ептеуге мәжбүр. Екі жыл бұрын әкесі, екі ай бұрын анасы қайтыс болған екен. Көп жерде төсек қатынасын ұсынатындықтан, Гүлнұрға жұмысқа тұру қиынға соққан.
Бойжеткеннің айтуынша, жағдайына бей-жай қарай алмаған қазақстандықтар оның жеке шотына ақша жіберіп жатыр.
«Әлеуметтік желіде видео тарап кеткелі, маған қазақстандық және ресейлік журналистер хабарласып жатыр. Ток-шоуға шақырады. Маған ақша жіберетіндер де бар. Мен танымал болғым келмейді, бар болғаны әке-шешемнің жатқан жеріне барып қайтсам деймін. Қалған ақшаны оқуыма жұмсаймын», — деп ағынан жарылды Гүлнұр Нұртаза «Азаттық Рухы» сайтының тілшісіне.