Әке алдындағы борышымды 20 жыл табанды еңбекпен өтедім – «халық жауының» ұлы

0

Петропавлда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ерекше мемориалдың ашылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Жазықсыз жапа шеккен 8 мыңға жуық адамның есімі жазылған ескерткіш кешені кезінде «халық жауы» атанған Мағаз Сағындықовтың ұлы – өңірдің құрметті азаматы, бүгінде жасы 90-ға жақындаған қария Болат Мағазұлының қажырлы еңбегінің арқасында бой көтерген еді.

Болат Сағындықов әкесінен бір жасында айырылды. Колхозды басқарған азаматқа біреудің көрсетуімен жала жабылып, «халық жауы» атанып, оны бір күнде ұстап әкеткен. Әйелі Кәмәш Бәймішқызы шиеттей жеті баламен қалады. «Халық жауының» әйелі ретінде көрмеген қорлығы жоқ, қысы-жазы ауыр жұмысқа жегіледі. Балалары да аштық, жалаңаштықтан бөлек түртпектеуге ұшырап, қиындық көріп ер жетеді.

Болат Сағындықов
Фото: Б. Сағындықовтың жеке мұрағатынан

Болат Мағазұлы әкесінің нақты қайда жерленгенінен әлі күнге бейхабар. 1958 жылы Омбы ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, КСРО Жоғарғы Кеңесіне Климент Ворошиловқа хат жазады. Кейін әкесі Мағаз Сағындықовтың 10 жылға сотталып, 1943 жылдың 10 қыркүйегінде Қарағанды лагерінде туберкулезден қайтыс болғандығы туралы жауап алды.

Болат Сағындықов
Фото: Б. Сағындықовтың жеке мұрағатынан

«Петропавлдағы орыс-драма театрының жанында алаң болды, ол жерде кезінде НКВД-ның ғимараты тұрған. Сол жерде ұсталғандардың тағдыры шешілді, тергеп, бірін қамап, енді бірін ату жазасына кесті. Бірде драма театрының алдында тұр едім, бульдозер НКВД-ның осы ескі ғимаратын құлатып жатыр екен. Соған қарап тұрып, ай-шіркін, мына жерде менің де әкемді қинады-ау деп, осы жерге ескерткіш қою ойыма келді. Сол кездегі Петропавл әкімі Никандровтың алдына бардым, ол дұрыс жауап бермеді. Бұл жеке адамның қолынан келетін іс еместігін түсініп, қоғамдық қор құруға бел будым. Екі жолдасымды – Зейнолла Олжабаев пен Дәулет Омаровты көндіріп, үшеуіміз «Память» қоғамдық қорын құрдық. Кейін өңір басшысы Смирнов дегенге барып, ол кісі бірден қолдап, бас сәулетшіге телефон шалды. «Театр алдынан орын бөліңдер, ол жерде ескерткіш болады», — деді. Сосын қаржы басқармасына хабарласып, 2004 жылға 10 млн теңге жоспарлауды бұйырды. Қатты қуандым, бірақ қуанышым ұзаққа бармады, ол кісі бір аптадан кейін Алматыға ауысып кетті. Одан кейінгі әкім ол жерге банк ғимаратын салатын болып шешті. Өңір тілшілерінің көмегіне жүгінуге тура келді. Араға көп уақыт салмай қабылдауына шақырды. Басында сөзім өтпеген сыңайлы болды. Мәскеудегі жоғары партия мектебінің түлегі еді, мен де сол мектепті үздік аяқтағанымды айтып едім, өзгеріп сала берді. Осылайша, мәселені шешетін болды», — дейді Болат Сағындықов.

қуғын-сүргін, ашаршылық
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
ескерткіш
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
ескерткіш
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Көп кешікпей халқымыздың ұмытылмас қасіретіне арналған монумент бой көтерді. Болат Сағындықовтың бастамасымен қолға алынған жобаны сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хасен Абаев жүзеге асырды.

«Кешендегі басты нысан – монумент. Оның асты – тұтқындар отырған кішкене терезелері темірмен бекітілген камераларды білдіреді. Үш темір рельстің қара түстісі – ел басына төнген түнек, қызыл түстісі – халықтың аққан қаны, ал ақ түс – болашаққа үмітті білдіреді. Ортада орналасқан пирамида пішіндес тас – атылған адамдардың, ал жоғары жақтағы бір-біріне көлденеңінен бекітілген темір – тұтқындар қамалған темір тордың символы. Кейін тағы құрбандардың есімін қосу үшін тақтаны ұзартуға тура келді. Нәтижесінде бір мемориалдың құрамында бес ескерткіш пайда болды. Ол жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарынан бөлек, қуғынға ұшыраған байлардың, депортация, аштықтан жапа шеккендер көрсетілген. Мұндай мемориал басқа өңірлердің бірінде жоқ.

Бұл мемориалға есімдері кірмей қалған адамдар әлі де бар. Президенттің тапсырмасымен құрылған комиссия қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тағы 900 адамның аты-жөні архивте анықталып отыр. Ал қазіргі уақытта қабырғада 7 600-дей адамның есімі жазылған. Бұл киелі орын – саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің есімдері мәңгілік сақталатын, ұрпақтары тағзым ететін ескерткіш. Жалпы мен 70 жыл еңбек еттім, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім, агроном, директор болдым, ауыр жұмыстар атқардым, бірақ соның ішіндегі соңғы 20 жыл мен үшін өте қымбат. Бұл жұмыс әкемнің аманаты іспеттес. Ұрпағы үшін сауапты іс болды», — дейді Болат Сағындықов.

ескерткіш
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform
ескерткіш
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мемориал бүгінде республиканың киелі орындар картасына енгізілген. Ал ақсақалдың музей ашу немесе облыстық музейде бір залды осы нәубет құрбандарына арнау туралы арманы бар.

«Кезінде осы жақтан қоныс аударғандар – ТМД елдерінен, Израильден, Украинадан телефон соғып, хабарласады. Аталары жайында мәлімет алғысы келеді. Іздегендер, сұрағандар сол музейден қажетті ақпаратты алар еді. Облыстық өлкетану музейінің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстар тізіміне қосылады деп жергілікті билік уәде беріп еді, өкінішке орай ұмыт қалды», — дейді Болат Сағындықов.

Болат Сағындықов
Фото: Б. Сағындықовтың жеке мұрағатынан
қуғын-сүргін
Фото: Б. Сағындықов жеке мұрағатынан
қуғын-сүргін