Акбаржон Исмаилов кім?

0

Бүгін сайлаудан кейінгі күтілген ауыс-түйіс Қазақстан халқы Ассамблеясына да жетті.

Кеңесші ұйымның бұрынғы орынбасарлары (сайлауға дейінгі) қызметінен алынып, Мемлекет басшысының өкімімен Акбаржон Исмаилов пен Аурика Дяк Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.

Көптен бері сынға ұшырап, қажет не қажет еместігі талқыланып жатқан ұйымның басшылығына шығу тегі беймәлім адамдар жайғасты.

Мәселен, Акбаржон Исмаилов туралы ресми деректер аз, бірақ оның әлеуметтік желідегі парақшасы біраз нәрседен сыр шертетіндей. Әкесі Астанада 2018 жылы ашылған Ырыскелді қажы атындағы мешіттің бас имамы Жақияқажы Исмаилов, Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі. Бұған дейін 2011 жылы ашылған «Шейх Кунта қажы» мешітінің бас имамы қызметін атқарған. Белгілісі сол, Жақияқажы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанынан жиі табылатын имамдардың бірі болған.

Ұлы Акбаржон Исмаилов кәсіпкер. Бірақ қандай кәсіппен айналысатынын жария қылмайтынға ұқсайды. Бірақ оның желідегі парақшасын ақтарып, оның Назарбаевқа арнайылап жазған жазбаларын оқып, бұрынғы билікке шынайы берілген адам екенін аңғаруға болады. Ал кеше ғана 18 жылға сотталған Кәрім Мәсімов пен 8 жылға сотталған Қайрат Сатыбалдының фотосын парақшасына неліктен жиі салғаны түсініксіз. Соңғы кездері Өзбек еліне жиі қатынаған. Бейресми дереккөздерде оның Өзбек елінің мафияларымен байланысы бары айтылады. Сондай-ақ байлығы 8 млрд доллар деп бағаланатын Өзбекстанның «криминалдық авторитеті» Салим Абдувалиевпен де ара-қатынасы жаман емес. Енді мақсатын «ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту» деп көрсететін Қазақстан халқы Ассамблеясын Акбаржон Исмаиловтардың қалай басқаратыны белгісіз.