Академик Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

010

Бүгін Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, ғалым Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды

НҰР-СҰЛТАН, 9 қаңтар – Sputnik. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы өмірден озды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма басшысы Дархан Қыдырәлі өзінің әлеуметтік парақшасында жазды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі

«Бес күн жалған» деген… Бүгін Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті, саналы ғұмырын ана тілін ардақтауға арнаған ғұлама ғалым, академик Өмірзақ аға Айтбайұлы өмірден озыпты», — деп жазды Қыдырәлі.

Оның айтуынша, Өмірзақ Айтбайұлы еңбек жолын «Социалистік Қазақстан» газетінен бастаған. 

«Қазақ тіліне қатысты мақалаларын да үзбей жіберіп тұратын. Кешегі сал-серілердің сарқытындай әнші, шешен, сыр-сымбаты да келіскен кісі еді. Жатқан жері жарық болсын, рухы пейіштің төрінде шалқысын! Туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын», — деді Дархан Қыдырәлі. 

Айта кетейік, Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысы, Отырар ауданындағы Балтакөл ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы Киров атындағы ҚМИ)нің филология факультетін бітірді. Ал 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Еңбек жолы.
• 1959 – 1962 жылдары Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің əдеби қызметкері;
• 1962 -1974 жылдары Қазақ ССР ҒА Тіл Білімі институтына кіші ғылыми қызметкері;
• 1974 – 1981 жылдары аға ғылыми қызметкер;
• 1981 – 1989 жылдары «Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі;
• 1973 жылдан «Ғылыми терминологиялық орталықтың» директоры;
• 1989 жылдан Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті;
• 2004 жылдан Халықаралық Қазақ тілі қоғамының президенті.
Академи Өмірзақ Айтбайұлы «Құрмет» пен «Парасат» ордендерімен марапатталған. 2013 жылы Еуропа ғылыми-өнеркəсіптік палатасының шешімімен лингвистикаға қосқан үлесі үшін оған арнайы диплом мен алтын медаль табысталған.



sputniknews.kz