Академик, әкім, журналист… Індет жалмаған белгілі тұлғалар тізімі ұлғайып барады

0
1

Сенбі күні кешқұрым белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, академик, Парламент мәжілісінің бірнеше шақырылымында депутат болған Кенжеғали Сағадиев дүниеден өтті. Бүгін таңға жуық Алматы облысында көптеген мемлекеттік қызмет жолынан өткен, жас та болса елдің ықыласына бөленген іскер азамат Жолан Омаровтың өмірден өткені туралы қаралы хабар жетті. Ол Алматы облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы, Алматы облысы Кеген ауданының және жаңадан құрылған Райымбек ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Былтыр Талғар ауданына әкім болып тағайындалған. Шенеунік соңғы күндері ауруханада жатып, пневмония дертімен күрескен. Алайда, асқынып кеткен дерттен оның жүрегі бүгін таңға жуық тоқтап қалған.

Сондай-ақ осы демалыс күндері «КТК» және «7 арна» телеарналарында тілші болған, мемлекеттік органдар мен жеке компаниялардың баспасөз хатшысы қызметін атқарған, журналистер арасында беделді, өзіндік орны бар, қаламы қарымды Рүстем Рахым қайтыс болды. Әріптестері оның коронавирус жұқтырып, ауыр жағдайда Нұр-Сұлтан клиникаларының біріне түскенін жазады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, COVID-19 вирусынан  қайтыс болғандар саны 585 адамға жетті. Бұл тізімге пневмониямен ауырып, өмірден өтіп жатқандар әзірше кірмейді. Ол тек 1 тамыздан бастап есепке алынады. Елде бүгін қауіпті вирусты жұқтырғандар 83 мың адамнан асып кетті.

Azattyq Rýhy соңғы бір айда өмірден өткен танымал тұлғалар, ел үшін еңбек етіп жүрген мемлекет қызметкерлері мен журналистер туралы  шолуды ұсынады. Пандемия келіп, ел басына қиын кезең туғанда өмірден өткен тұлғалар халық жадынан өшпейді. Мәліметтер мен фотосуреттер ашық дереккөздерден алынды.

Сонымен, коронавирус кесірінен кімдерді жоғалттық:

Дархан Дайырбек – кино және театр актері;

Берік Исмаилов – қазақстандық дизайнер, кутюрье;

Диас Омаров – спорт комментаторы, ардагер спорт журналисі;

Әбдіғаппар Сманов – дін қайраткері;

Жолдасбек Дуанабай – қаламгер, танымал журналист;

Мира Мұстафина – танымал журналист;

Қуандық Шамахайұлы – танымал журналист;

Жанат Ахмади, жазушы – ҚР Жазушылар одағының мүшесі;

Көпжасар Нәрібаев – академик;

Рәбиға Сыздықов – академик;

Еділ Ерғожин – академик;

Кенжеғали Сағадиев – қоғам және мемлекет қайраткері;

Мұрат Ерғалиев – продюсер, «Азия дауысы» фестивалінің негізін қалаушы;

Қалдыбай Әбенов – режиссер, «Алла жар» фильмінің авторы;

Кеңес Дүйсекеев – композитор, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері;

Мұрат Мұқашев – Қазақстандық танымал актер әрі каскадер;

Сайрамбай Дөненбаев – ҚР Еңбек ері, кәсіпкер;

Серікжан Бескемпіров – Алматы облысы әкімінің орынбасары;

Қосман Айтмұхаметов – Түркістан облысы әкімінің орынбасары;

Владимир Фоос – ҚР Сайлау комиссиясының мүшесі;

Бақыт Құрманбаев – ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары;

Жолан Омаров – Алматы облысы Талғар ауданының әкімі.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз