Айыпталушының бірі сотта аяғы ауыр екенін айтты

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 11:20 381

Денис Теннің өлімі: Айыпталушының бірі сотта аяғы ауыр екенін айтты


АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда Денис Теннің өліміне қатысты сот басталды. Бүгінгі отырыста сотқа дейінгі тыңдалым барысында күдіктілердің жеке мəліметтері белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы, ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлімі, 188-бабының 2-бөлімінің 1-тармағы бойынша айыпталған Жанар Толыбаева жоғары білімді, Тараз инновациялық гуманитарлық университетін бастауыш мектеп мұғалімі мамандығымен аяқтаған.

23 жастағы келіншек өз сөзінде 4 жастағы баласы бар екенін, екінші баласына жүкті екендігін айтты.

«Мен Өзбекстан Республикасының тумасымын. Қазір Қазақстан азаматшасымын. Ажырасқанмын, 4 жастағы балам бар, екіншісіне жүктімін, 6,5 ай болды»,- деді Жанар Толыбаева.

Ал ҚР ҚК 188-бабы 2-бөлімінің 1-тармағы, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Арман Құдайбергенов бұған дейін көлік жуу орнында жұмыс істеген. Бұрын ҚР ҚК-нің 178-бабының 2-бөлімімен істі болған.

ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен, 192-бабының 2-бөлімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырған Нұралы Қиясов бұрын сотталмаған, дəнекерлеуші болып жұмыс жасаған. «Шаңырақ-1» шағын ауданында тұрып келген.

Қылмыстық іс 38 томнан тұрады.

Еске салсақ, Денис Тенді биыл 19 шілдеде Алматы қаласында белгісіз біреулер пышақтап кеткен еді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген спортшы көз жұмған болатын.

Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер іздестірілді. Елбасы Денис Тенге қатысты қылмысты мұқият тексеруді тапсырды. Кейін ҚР ІІМ күдіктілердің ұсталғанын жария етті.

Еске сала кетсек, қыркүйек айының соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов аталмыш қылмыстық істің тергелуіне қатысты мәлімет берген болатын.

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз