Айыпталушылар ұзақ жылдық түрме жазасына кесілді

0

«БАЛАЛАРЫМА НЕ ДЕП АЙТАМ?»

Сот 44 жастағы Алмат Жұмағұловты «ұлтаралық араздықты қоздырды» және «терроризмді насихаттады» деп 8 жылға соттады. Судья «терроризмге шақырды және оны насихаттады» деп айыпталған 52 жастағы Кенжебек Әбішевке 7 жыл, 48 жастағы Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кесті. Олар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Айыпталушылардың сот шешіміне апелляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.

Үкім шығар күні сотта күзет күшейіп, залда ондаған полицей болды. Айыпталушыларды қолдауға келгендерді сот залына кіргізбеді. Олар үкімді басқа бөлмедегі монитордан естіді.

Сот залында тұрған полицейлер. Алматы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Сот залында тұрған полицейлер. Алматы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Шешімнен кейін залға жиналғандардың кейбірі көзіне жас алды. Алмат Жұмағұловтың әйелі Әсел Көпбосынова «балаларыма не деп айтам?» деп дауыс көтере жылады.

Сотталушылардың қолдаушылары сот үкімімен келіспеді. Олар сот ғимаратының сыртында Қазақстан үкіметіне үндеу жазып, қол жинады. Белсенділер «Әбішев, Жұмағұлов Өміров ешқандай қылмыс жасаған жоқ. Айыпталушыларға шыққан үкім қоғам үшін қауіпті» деп санайды.

Айыпталушылардың бірі Алмат Жұмағұловтың әйелі Әсел Көпбосынова (оң жақта) сот залында. Алматы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Айыпталушылардың бірі Алмат Жұмағұловтың әйелі Әсел Көпбосынова (оң жақта) сот залында. Алматы. 21 желтоқсан 2018 жыл.

Адвокаттар сот үкіміне шағым түсіретінін хабарлады. Айыптаушы тарап «сотталушылардың кінәлары толық дәлелденді» деп санайды.

Прокурор Дәурен Бұлғымбаев желтоқсанның 6-сы күні Алмат Жұмағұловты тоғыз жылға, Кенжебек Әбішев пен Оралбек Өміровті сегіз жылға соттауды сұраған.

Үкім жарыссөзден өткеннен кейін он күннен кейін оқылды. Жарыссөз желтоқсанның 11-і күні аяқталған. Судья Қуаныш Әріпов «үкім желтоқсанның 13-і күні оқылатынын», кейін «белгісіз уақытқа кейінге шегерілгенін» хабарлаған.

ВИДЕО ҮНДЕУДЕН ШЫҚҚАН ШУ

Айыптау құжатына сәйкес, «Жұмағұлов, Әбішев пен Өміров 2017 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында бірнеше рет кездесіп, Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына адамдар тарту үшін ақылдасқан».

Айыптаушы тарап айғақ ретінде интернетте жарияланған видеоны ұсынады. Онда маска киген бірнеше адам «қарулы жиһад» жасауға үндейді. Прокурордың сөзінше, видеоны Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров түсірген. Жарыссөзде прокурор «айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді және оларға жеңілдік жасауға болмайды» деген.

Айыпталушылар мен олардың адвокаттары «іс қолдан ұйымдастырылды және тергеушілер мен сот процессуалдық қателіктерге жол берді» деп, айыпты мойындамайды.

Алмат Жұмағұлов соңғы сөзінде әлі күнге дейін шетелдіктерге жер сатуға қарсы екенін, ҚДТ ұсынған «халықтың тұрмысын жақсарту идеясын» қолдағанын айтқан.

«Былтыр жазда ҚДТ қызметіне Қазақстанда тыйым салынбаған және экстремистік ұйым деп танылмаған, сол себепті ол кездегі қолдауым қылмыс боп саналмайды» деген ол соңғы сөзінде.

Айыпталушы тараптың сөзінше, тергеуші Толғанай Ержанова тергеу материалындағы маңызды видеожазба сақталған дискті «жоғалтып жіберген». Олар айыптауға негіз болып отырған видеороликті «арнайы қызметтің арандатуы» және «оны ІІМ бұрынғы майоры ұйымдастырды» деп санайды.

Қорғау тарабы «судья сот отырыстары кезінде істің қолдан құрастырылғанын және қамауда отырғандардың кінәлі емес екенін дәлелдей алатын негізгі куәгерлерді тыңдамады» дейді.

Үш айыпталушы да «діни фанат емес, қарапайым адам екендерін» айтып, айыптарын мойындамаған. Қазақстанның кейбір құқық қорғау ұйымдары Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар қатарына қосқан. Билік олардың қоғамдық-әлеуметтік статусы жөнінде әзірге пікір білдірген жоқ.

Алматылық бұл үш тұрғынды 2017 жылы қарашада полиция «терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды тексеру» шарасы аясында ұстаған. Былтыр қарашаның 28-і күні үшеуі қамауға алынып, кейін оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.

Дереккөз: Азаттық