айыппұлдарды кешіретін ереже күшіне енді

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

3 0 0

Жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шаралары жылдың соңына дейін жалғасады

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Қаржы министрлігі салықтық рақымшылыққа қатысты арнайы ереженің күшіне енгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Айыппұлдан құтылу үшін берешектің негізгі сомасы төленеді

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шаралары жылдың соңына дейін жалғасады. Айыппұлдан құтылу үшін берешектің негізгі сомасын төлеу керек.

«Бізде бүгіннен бастап жеке тұлғалар бойынша салықтық рақымшылық ережелері күшіне еніп отыр. Қазір 1 миллион 400 мың адамның салықтық берешегі бар. Олардың негізгі борышы 14 миллиард теңгеден асады. Ал өсімпұлдары 6,5 миллиардқа тең. Әрбір адам берешектің сомасын мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ресурстарынан көре алады», — деді Сұлтанғазиев астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек, 16 шілде күні жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық өткізуге арналған заң күшіне енген болатын. Осыдан кейін қаржы министрлігі арнайы ережені бекітті. Ол бүгіннен бастап заңды күшіне еніп отыр.

Салық қарызы жағынан шымкенттіктер көш бастап тұр

Қаржы министрлігінің мәліметінше, салық қарызы бар адамдардың саны жағынан шымкенттіктер алда тұр. Берешектің басым бөлігі көлік салығына тиесілі. Одан кейін жер мен мүлік салығы тұр. Шымкент қаласында шамамен 148 мың адам салық төлемей жүр. Одан кейінгі орында Түркістан облысы – 139 мың адам, Жамбыл облысы – 116 мың адам, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында қарыз болып қалған 114 мың адам бар.

Ал салықтық берешектің сомасы жағынан Алматы қаласы бірінші орында. Ол жақта Шымкентке қарағанда салық төлемегендердің саны аз болса да, қарыздың сомасы көп – 5,5 миллиард теңге. Одан кейін астана(2 миллиард), Маңғыстау облысы (2 миллиард) және Шымкент қаласы (1,6 миллиард) тұр.

Кәсіпкер ретінде тіркелмегендер өсімпұлдан құтылады

Салық рақымшылықтың тағы бір тиімді тұсы жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ осы қызметтен пайда тауып, салықтық қарызға батқандар өсімпұлдан құтылады. Берешектің бәрі 2002-2003 жылдары салық органдары жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге (БСАЖ) көшкенде шыққан.

2019 жылдың басында осы санаттағы қарыздың жалпы сомасы 700 миллион теңге болған. Соның ішінде негізгі борыш – 400 миллион теңге, өсімпұл – 300 миллион теңге. Ал осы қарызды төлемеген адамдардың саны он алты мыңға жетіп отыр.

Тағы оқыңыз: Тоқаев жарлығы: Қазақстанда 2025 жылдан бастап қандай өзгеріс болады?

Өсімпұлды есептен шығару үшін мемлекеттік органға барудың қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасы төленсе болды. Мемлекеттік кірістер органдары күн сайын жеке тұлғалардың есепшоттарын қарап отырады. Негізгі қарыз төленген жағдайда тиісті шешім шығарып, үш күннің ішінде өсімпұлды есептен шығарады.

Салықтық рақымшылық басталғанға дейін негізгі қарыз бен өсімпұлды төлегендер болса, оларға өсімпұлдың ақшасы қайтарылады.



sputniknews.kz