Айыппұл: қазақстандықтардың өсімпұлдары кешіріледі
Қысқа сілтеме алу
Кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдардың жалпы сомасы 48 миллиард теңгеге жуық
НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Кепілсіз тұтынушылық кредиті бар 5 миллионнан астам азаматтың айыппұлдары мен өсімпұлдары есептен шығарылады. Бұл туралы бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық кредиті бар 5 миллионнан аса адамның айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілетінін атап өтті.
«Бес миллион адамда кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша айыппұл мен өсімпұл бар. Бұл шамамен 48 миллиард теңге. Осы айыппұлдар мен өсімпұлдар өтеледі», — деді Смайылов үкіметте өткен баспасөз мәслихатынан кейін.
Оның айтуынша, айыппұлдар мен өсімпұлдарды Проблемалық кредиттер қоры дисконт бойынша сатып алады.
Айыппұлдар мен өсімпұлдар негізгі борыштың төленіп-төленбегеніне қарамастан өтеледі.
Тағы оқыңыз: Тоқаевтың жарлығы: кредит қалай және қашан өтеледі
Сондай-ақ, әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтардың кепілсіз тұтынушылық кредиті өтеледі.
Ол үшін кредиттің жалпы сомасы 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы керек. Сол кезде мемлекет бір адамның 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызын жауып береді.
Әлеуметтік топқа кіретіндер:
- көпбалалы отбасылар;
- асыраушысынан айырылуына байланысты төлем алатын отбасылар;
- мүгедек балалары бар, 18-ден асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар;
- атаулы әлеуметтік көмек алатындар;
- жетім балалар;
- ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.
sputniknews.kz