Айтыста билікке айтылған бар сынды Арыстанбек қабылдай білді

0

Сонымен болғанына он күн болған Астанадағы айтыстың дақпырты әлі толастар емес. Айтыстан кейінгі ел арасындағы айтыстың тіпті бәсеңдейтін түрі жоқ. Әрине, аты жер жарып тұрған жылдың қорытынды айтысы болғандықтан, оның үстіне жеңген ақын Алтын домбыраның иесі атанатындықтан, ақындар барын да салды, жанын да салды. Әлеуметтік желідегі әңгімеге қарағанда айтыста айтылмаған әңгіме қалмаған сияқты. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ащы шындығын айтып әрбір ақыны аянып қалмаған екен.

Сырттан қараған сол залдағы халықтың толқыны, айғайын көріп, дәл осы айтыстың анау-мынау облыста емес, осы айтыстың Астананың төрінде өтуінің өзі халық пен биліктің бір-біріне сәл болса да жақын келуінің көрінісі болды. Енді ақындардың сөзіне қарағанда бұл айтысты арнайы бір демеушілер өткізіп жатыр-ау деген ойға қалдық. Кейін мәлім болғандай, бұл айтыстың өтуіне және демеушілік жасаған үкіметтің өзі екенін, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі екенін әрі министр Арыстанбек Мұхамедиұлы екенін білгенде таң қалғаным рас. Әрі Арекеңнің тапжылмай отырып, бір күн айтыс көргендігі тіпті күмәнімді сейілтті. Енді өзі билік өкілі әрі осы айтыстың ұйытқысы болғандықтан.

Ақындар тарапынан да, халық тарапынан да айтылған сөз қысымының Арыстанбек Мұхамедиұлын айналып өтпесі ақиқат. Дінде де айтушыныкі сүннет, тыңдаушыныкі парыз дегендей, айтылған дүниенің түйіні, сол залда отырған билік қауымының жалғыз өкілі Арекеңе тірелетіндігі, бүкіл мұң-зарды жалғыз өзі көтеріп, сөз қысымына шыдай алмай сол залдан шығып кетпей әрі сабыр сақтап, аяғына дейін күткендігіне өз басым риза болдым. Иә, Ринаттан бастап ақындар сойқан айтыс жасады. Айқайлап жетер жеріне жеткізіп айтқан ақындардан бастап, қиқулап эмоцияға беріліп отырған қасиетіңнен айналайын.

Қара халықтың наласынан Арыстанбек мырза болмаса, анау-мынау билік өкілі  алды-артына қарамай тайып тұрар ма еді, кім білсін. Ол ол ма, осынау елдің мұңын қолына домбыра алса, толассыз мұңдай жөнелетін ақындардың еңбегі мен ерлігін ескеріп, тоғыз ақынға қатарынан «Мәдениет саласының үздігі» атақтарымен марапаттау – тәуелсіз елдің тарихында болмаған құбылыс. Қысқасы, билік халықпен жақын болуы керек деген қағиданы  ұстанатын күн жетті және осы жолда тынымсыз еңбек етіп жүрген Арыстанбек секілді азаматтардың ұстанымы өзге де атқа мінерлерге сабақ болса екен. Ал, жалпы үнемі сын садағының өтінде жүрсе де, тынымсыз еңбегімен ат үстінде жүретін Арекең нендей еңбегімен үздік болды десеңіз, оны да айтайын. Биылғы жылдың өзінде Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен биыл «Рухани жаңғыру» аясында көптеген игі шаралар істелді. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің халықаралық форумы төрт елде – Сеулде,  Лондонда, Берлинде және Нью-Йорк қалаларында өтті. Сонымен қатар ел күнтізбесінде жаңа мереке – Домбыра күні енгізіліп, Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық домбыра күнін кең көлемде атап өтуге мұрындық болды. Астанада алғаш рет аталып өткен Домбыра күніне еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астым күйші келіп қатысты. Және ірілі-ұсақты, көзге көрінетін, көрінбейтін қаншама еңбектері бар. Біреуі білсе, біреуі білмес дегендей.  Сондықтан да өз басым Арыстанбек Мұхамедиұлына мықты денсаулық, сәтті қызмет тілеймін. Ұлттық өнер айтыстың да, кино, театр саласының да, спорттың сан алуан түрлерінің өсіп-өркендеуіне үлесіңізді қосып жүре беріңіз.

Бақыт Тушаевтың фейсбук парақшасынан

«Қамшы» сілтейді