Айтыскер ақын Ринат Зайытов Cенат төрағасына үш мәселені айтты

0
418
Фото dalanews.kz сайтынан алынды

Айтыскер ақын, «Алатау» өнер театрының директоры Ринат Зайытов Сенат спикері Мәулен Әшімбаевпен жүздескенін хабарлады. Ақын Сенат төрағасына көптен бері ойында жүрген үш мәселені жеткізген.

Мамырдағы күтпеген кездесулер тағы да бір лауазымды тұлғаға жолығумен жалғасты. Бұл жолғы кездесуді мен де қатты күткенмін. Себебі қазіргі Сенат Төрағасы ұлт пен тілге, дәстүр мен тарихқа өте жақын болуға міндетті.

Өйткені ол қазақ әдебиеті мен ақпараттық құралдарының дамуына жарты ғұмырын арнаған Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев.

Үш мәселе бойынша ғана ой айтуға мүмкіндік болды:

Бірінші – Қаңтар оқиғасына қатысқандарға (ұйымдастыру емес) амнистия жариялау. Бұл қазіргі билік пен халықтың түсінісуіне жылдам жеткізетін жол.

Екінші – тіл мәселесі.

Әгәрәки шынымен дәл қазір тіл мәртебесін ата заңмен бекіту Қазақстанда да ұлтаралық қақтығысқа әкелуі мүмкін болса, онда әзірге Мемлекеттік тілді дамыту агенттігін құру. Егерде мемлекеттік тілді оқыту, насихаттау, оның мәртебесін өсіру билік тарапынан қадағаланып, қолдау көрсе, онда ары кетсе 3-5 жылда Қазақстан автоматты түрде жаппай қазақ тілінде сөйлейтініне әбден сенемін.

Үшіншісі – бұл менің ең үлкен армандарымның бірі.

Алматы қаласының Әл-Фараби көшесінде жаңадан бой көтерген театрды Ұлттық Дәстүрлі өнер театры қылу. Тәуелсіздік алғалы ешқандай мардымды қолдау көрмеген ұлттық өнердің төрге шығатын уақыты келді! Бұл ойыммен келіспейтін адам табылса кез-келген уақытта пікір алмасуға дайынмын.

Қысқаша айтқанда осы. Маған басы жаман емес сияқты.

Қаңтар оқиғасынан кейін билік басына елдік пен тәуелсіздікті шынымен қалайтын азаматтар келе бастағандай. Бұйырса бесінші маусымдағы референдумнан кейін бұдан да жақсаратын шығармыз. Құдай тілегімді қабыл еткей. Жол болсын ағалар. Мойындарыңызда батпан жүк, алдарыңызда бірталай жұмыс тұр. Ертеңін бүгінінен қымбат көретін Қазақ сіздерге үміт артты. Ал оның салмағы жеңіл емес…

Ринат Заитов

dalanews.kz