«Айтуға оңай емес, айтуға қиын болып жатыр»: Әріптестері Бейсен Құранбек жайлы естеліктерімен бөлісті — Қазақстан жаңалықтары

0

Күні кеше бүкіл қазақтың қабырғасын қайыстырған орны толмас қайғы орын алды. Халқымыздың маңдайына біткен арда азаматы, белгілі тележурналист, «Жетісу» арнасының директоры Бейсен Құранбек үзақ дерттен кейін қайтыс болды. Әріптестері мен көзкөрген адамдар желілерде естеліктерін айтып, Бейсен Құранбектің жақсылығын еске алып, оқырман жүрегін елжіретер жазбаларымен бөлісіп жатыр. Stan.kz тілшісі марқұм болған тележурналиспен етене араласып, сыйлас болған әріптестеріне хабарласып естеліктерін тыңдады. 

имангали

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы шәкіртінің қазасы ауыр батқанын айтып егіледі. Журналистикадағы ерек орны мен ерен еңбегін зерттейтін межеге жетіп қалғанын байқамай қалдық деп өкінішін жеткізді. 

«Өкінішті… Қазақ журналистикасы қара жамылып қалды. Тележурналистикада өзінің мектебін қалыптастырған, көрерменнің сүйіктісіне айналған шәкіртімнен айырылып қалдық. Амал қанша… Ол «Айтуға оңай» деуші еді. Мен ол өмірден озғаннан бері қарай бір ауыз ықылас білдірші дегендерге айтуға қиын деп жатырмын. Айтуға оңай емес, айтуға қиын болып жатыр. Бейсен Құранбектің журналистикадағы еңбегі, орны бөлек зерттелетін, зерделенетін және жас әріптестеріне мектеп ретінде қабылданатын межеге жетіп қалғанын байқамай қалдық», — деген Иманғалиұлы Бейсеннің бейнесін жоғалтпаудың, оны ұмытпаудың бір жолы өзі бастаған істі жалғастыру екенін айтады. 

«Менің ойымша Бейсеннің тележурналистикада үш жақты еңбегін бөліп айту керек. Бірінші, осы салаға әу баста келгеннен, «Хабарда», президенттік телерадиокешенде президентпен ере жүріп репортаж жасаудың және саяси репортаждың құнын жоғалтпаудың үлгісін көрсеткен адам. Сондай-ақ өзі сол саланы мықты меңгергендігін бүгін екінің бірі есіне түсіре алмауы да ықтимал. Бірақ Бейсен тілші ретінде тележурналистикадағы репортажды кез-келгеннің қолы жетпейтін өнер дәрежесіне жеткізді деп есептеймін.

Тележурналистикадағы Бейсен Құранбектің екінші сатысы. Әлеуметтік ток-шоу жасаудағы және оны патшакөңілді көрерменнің барлығына ұнайтындай етіп жасауға әрекет еткен, өнер дәрежесіне көтерген журналист деп қорықпай айта аламын. Оның «Айтуға оңайы», «Қарекеті» қазақ тележурналистикасында әлі талай жас маманның зерттеу нысанына айналады. 

Аймақты телевизияны республикалық телевизия деңгейіне көтеруі Бейсеннің менеджерлік қызметі деп есептеймін. Бұл тележурналистикадағы үшінші сатысы. «Жетісу» арнасында көптеген арналарда жоқ жанрлардың пайда болғандығын зерттеушілер не айтқысы келмейді, не айтатын зерттеушілер жоқ. Менің түсінігімде тек ток-шоу мен жаңалықтарға байланып қалған ел сияқтымыз», — дейді қазақ телевизиясының мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлы. 

Отандық журналистикада сұхбат жанрының шебері атанған Нұртілеу Иманғалиұлы бұл саланың оңай еместігін айтады.  

«Сұхбат беруші адамды өзімен тең, тіпті, кейде өзінен де жоғары ұстай білу және сұхбат беріп отырған адамның жан-дүниесін ақтарып, көзіне жас әкелу немесе оның езуіне күлкі әкелу екінің бірінен келе бермейді. Бір хабардың ішінде бір күлдіріп, бір жылатып, мың құбылтатын кім дегенде көз алдымызға Бейсеннен басқа кім келеді?!  Менің ойымша, әзірге қазақ журналистикасында оған тең келетін ешкім жоқ. Оның телевизиядағы  қағидаларын және оны өнер дәрежесіне көтерген еңбегін енді ғана айта бастаймыз», — деді Нұртілеу Иманғалиұлы. 

«Мен оны шәкіртім деп айтып көрген жоқпын, бірақ ол мені үнемі аузынан тастамай ұстазым деп санады. Иә, біз «Хабарда» бірге жұмыс жасадық. Иә, кішкене тәжірибесі бар адам секілді ақылымды айтқан шығармын. Бірақ оның зердесі, өзіне ғана тән заңдылықтары мен қағидалары жас әріптестеріне мектеп болуға лайықты ғой деп ойлаймын. Бейсен Құранбектің жаңа мектеп қалыптастырып кеткеніне мен күмән келтірмеймін. Енді оны қалай жалғастырамыз, қалай дамытамыз ол басқа әңгіме», — деген ол бастан өткерген естеліктің көп екенін, бірақ олардың бәрін айтуға қазір уақыты емес екеніндігін жеткізді.

«Жүрегімдегі қопарылыстырдан кейін, мүмкін, дәлірек, бұдан да дәмдірек айта алмай жатқан шағармын. Менің айтқым келгенін  патшакөңілді көрермендерімнің түсінетініне шығар күндей сенемін. Жұмыстан тыс ойшыл әңгімелері, әзілдері, жолсапарда болған оқиғалары көп. Мен жалпылама айтып отырмын. Өйткені бұл болашақтың әңгімесі. Қиналып отырып айтқан әңгімеме басқа тақырыптағы, басқа көңіл-күйдегі әңгімені айтқым келмей отырғандығын оқырман түсінеді ғой деп ойлаймын»,- дейді.  

«Тағы бір айта кететінім, Бейсенді жер қойнына кеше бердік. Кеше 19 мамырда қабірде алғашқы түнін өткізді. Бәріміз білеміз сол түні біз Қадір түнін күттік. Бұл кездейсоқтық па? Меніңше, мұның бәрі құр сәйкестік емес. Жаратушының сыйын сенім-нанымнан аулақ ұстаған соң, менің замандастарым түгел зерттей алмаған шығар. Бірақ бүгінгі жұма намаздан қалмайтын жастар не айтқым келіп отырғанын анық аңғаратынын сенімдімін. Ол өзіне лайықты және имандылғына, қазақтығына, дәстүршілдігіне, тәртіптілігіне, жауапкершілігіне лайықты шаруа деп ойлаймын», — деген ол Бейсен Құранбектің сол күні жер қойнауына жатуында бір тылсымның барына сенеді. 

«Дара жол» бағдарламасының продюсері, журналист Назгүл Сарыбай әріптесін адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін азамат еді деп есіне алды. 

«Бейсекең туралы, оның жақсылықтары мен бөлек болмысы жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Жүрегі кең пішілген, адамдардың барлығын бірдей көретін, шуағын шашып жүретін, әрқайсысына жүрегінің бір бөлшегін сыйлай білетін азамат еді. Көрген жерде «Назтай, азамат қыз» деп еркелетіп жүретін. Азамат қыз дегені — қазақтың қайсар қыздары көп болсын, қазақ қыздары жасасын деп қарындас тұтуы. Үлкенді-кішіні батырым деп еркелететін. Әр адамға жүрегінің төрінен орын беретін Бейсекеңдей адам сирек. Оның өмірді пайымдауы, ұғынуы мүлде бөлек.

«Дара жол» мен «Қарекет» бағдарламасы бір студияда түсірілетін. Сонда грим бөлмесінде көрсем, арнайы барып Бейсеке, ассалаумағалейкум деп амандасамын, «молда бол, азамат қыз» деп хәл сұрасып жататынбыз. Сосын «төбеден түйіп қалатын ойларың бар еді ғой, бүгінгі тақырып мынадай» деп ой-талқыға  салатын. Айтарым болса ой бөлісемін. Сондай жаңалыққа жаны құмар, әркімнің кеудесінен бір сәуле іздеп жүретін.

«Жетісу» арнасының ғимаратын, оның ішкі құрылымын елордамыздағы «ҚазМедиа» орталығынан кем етпей жасай білуі ерен еңбек. Одан бөлек әріптестері мен қоластындағы қызметкерлеріне деген құрметі бір төбе. Бейсеннің феномені — адамдарды алаламай, барлығын бауырым деп қабылдауында.  

Бейсекең — имандылықтың биік үлгісі. Кеше қара жердің қойнауына тәнін ғана тапсырдық. Ал оның жасаған жақсылығы, адамгершілігі — әр қазақтың жүрегінде. Бар қазақтың баласына шарапатым тисе екен деп ұмтылатын. Жатқан жері жайлы болсын. Бүкіл қазақ еліне көңіл айтамыз», — деп қорытты ойын. 

 

 

 

stan.kz