«Айтқандарымның бәрі жалған»: Қазақстанда ұсталған қырғызстандық музыкант өзін не үшін айыпты етіп көрсеткенін түсіндірді

0

Қазақстанда наразылық акциясы кезінде қолға түскен қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов өзін тезірек үйіне қайтаруы үшін жалған айыптауларды мойнына алғанын жеткізді. Бұл жөнінде ол журналистерге берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты stan.kz порталына сілтеме жасап.

Викрам Алматыға досының шақыртуымен келген. 4 қаңтар күні кешкісін митинг басталғанда досы оған сыртқа шықпай, үйде отыруды ескерткен, бірақ жағдай шектен шыққан уақытта ол үйіне – Қырғызстанға оралуды ұйғарады.

Рузахуновты 7 қаңтар күні әскери бекетте такси көлігінде отырғанда ұстайды. Викрамның сөзінше, уақытша ұстау камерасында оған қарсы күш қолданылмаған. Бірге қамауда отырған азаматтардан ол өзін айыпты етіп көрсетсе, отанына қайтарады дегенді естіген. Осылайша музыкант «белгісіз адамдар» өзіне митингіге қатысу үшін 200 доллар төлеп, ұшақ бағасын өтеп беріп, Алматыдағы пәтерлердің біріне орналастырды деп, жалған айыпты мойнына алған. Осы сөздерінен кейін ғана Рузахунов Қазақстанның шекарасынан шығарылады.

«Мұндай жағдайға кез келген адам түсуі мүмкін, мен тек осындай келеңсіздіктің құрбаны болдым. Керексіз уақытта керексіз жерден табылдым. Бірге отырған жігіттерден видеоға үндеу жасасаң, сені бірден Бішкекке қайтарады дегенді естідім де, осылай жасауға бел будым. Бейнероликтегі барлық сөзім жалған. Бетімдегі соққыдан көгерген іздер қолға түсірер уақытта күш қолданғаннан болды. Менімен бірге түрмеде тағы төрт қырғызстандық азамат болды. Кейбір деректер бойынша, оларды ертең босатулары мүмкін», –  дейді музыкант.