Әйтеновтің бұрынғы әйеліне қарсы арызы бойынша сот шешімі шықты

0

Астананың мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы Шымкент әкімінің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға қарсы талап арызы бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды Kznews.kz.

ІС МАТЕРИАЛДАРЫ

Іс материалдарына сәйкес, Дана Әтешова отбасылық жанжал кезінде Марат Әйтеновті балағаттаған.

Сотта әйел өз кінәсін мойындамады.

«Ол бұрынғы күйеуін дөрекі сөздермен балағаттамағанын, тек етістікті дөрекі түрде айтқанын түсіндірді. Сонымен қатар бұрынғы күйеуі үйде заңсыз болған және оны арандатқан», – делінген сот хабарламасында.

СОТ ШЕШІМІ

Сотта Әтешованың балалары бары және қамауға алынбайтын адамдар санатына жататыны атап өтілді.

Сот әйелді ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігі бойынша (Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) кінәлі деп танып, ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Естеріңізге сала кетсек, Шымкенттің экс-әкімінің ағасы әйелін үш баласымен бірге үйінен шығарып жатқанын Ulysmedia.kz тілшісіне хабарласқан Дана Әтешова айтып берген еді. Ол — Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтың ағасы Марат Әйтеновтың зайыбы болған. Дана Әтешова Әйтенов өзін бірнеше рет зорлық-зомбылық жасады деп айыптаған.

Астана қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Марат Әйтеновке қатысты іс қаралды. Сот отырысы барысында Марат Әйтенов өз кінәсін мойындамады. Ол бұрынғы жұбайы оның өтінішіне қарамастан балаларды беруден бас тартып, оларды қолынан ұстап тұрғанын айтты. Марат Әйтенов балаларды тартып алу үшін еденде отырған оның аяғынан сүйреген. Шымкенттің экс-әкімінің ағасы әдепсіз сөздер айтпағанын және Әтешованы ұрмағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ Астана полициясына Марат Әйтеновтен оның бұрынғы жұбайы Дана Атешоваға қатысты арыз түскенін хабарлаған едік. Онда Атешованың арыз берушінің денесін жарақаттағаны айтылған. Оқиға туралы Дана Әтешованың Ulysmedia порталына белген сұхбатынан толық оқи аласыздар.