«Айт шындығыңды» Күйеуі өлтірді делінген келіншектің анасы жанайқайын жеткізді

0
Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

160 0 0

Күйеуге шыққанына небәрі 9 ай болған жас келіннің кіндік тұсына пышақ кіріп, дәлізде сұлап жатқан жерінен енесі көрген

АСТАНА, 25 қаңтар — Sputnik. Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған Гүлнұр Тұрдалының ісі ақыры жабылды. Өйткені сарапшылар ол өз-өзіне қол салған деген қорытынды шығарған.

Алайда ішіне пышақ кіріп мерт болған марқұмның туыстары бұған сенбей, кісі қолынан қаза тапқан деп отыр. Сондықтан мәйітке эксгумация жасап, кінәлілерді анықтау үшін қайта тәуелсіз сот сараптамасын жүргізуді талап етуде.

«Бізді ешкім қолдап жатқан жоқ. Өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес, ол жап-жас қыз. Бұның қайын сіңлісі, енесі мен күйеуі бар, осы үшеуінен көріп отырмыз», — дейді марқұмның ағасы Сүлеймен Ысақов.

Жамбыл ауданындағы қанды оқиға 4 ай бұрын болған. Күйеуге шыққанына небәрі 9 ай толған жас келіннің кіндік тұсына пышақ кіріп, дәлізде сұлап жатқан жерінен енесі көрдім деген. Гүлнұр ауруханаға жетіп көз жұмады. Марқұмның ата-анасы бұған күйеу бала мен оның жақындарын айыптаған-ды.

«Айт шындығыңды, жауап бер. Адам құсап мен сендерге сеніп жібердім».

Бірақ қолдарында «отбасыда жиі-жиі жанжал болатын» дегеннен басқа еш дәлел жоқ. Қайғыдан қан жұтқандар Гүлнұрдың суицид жасағанына сенбейді. Сараптама қорытындысынан да біраз қателік анықталыпты, деп хабарлады КТК.    

«Сараптама қорытындысының 9 пункті бойынша қателіктер бар. Гистологиялық тексеру жүргізбеген, оқиға орнында түсініктеме алмаған. Тіпті Тұрдалының киімін тексеру де назарға алынбаған. Оған зорлық-зомбылық көрсетілді ме, ол жағы да анық емес. Енді біз мәйітке эксгумация жасатып, комиссиялық сот- сараптамасын жүргізуге мәжбүрміз», — дейді адвокат Елена Ушакова.

Істің қысқарып кетуіне наразылық білдірген жәбірленуші тарап тергеушілердің үстінен аудандық прокуратураға шағым түсірген. Сөйтіп, іс қайта қозғалғанымен, онда да бастапқы болжам дұрыс деп танылыпты.

Алайда әділдік іздегендер қосымша тағы тексеру жүргізілуін талап етіп, прокуратураға арыз түсірді. Мәйітке эксгумация жасауға өтінішін берген. Енді соңғы сөзді құзырлы орын айтады.


Дереккөз: https://sputniknews.kz/