Кеңсайдағы қарбалас: Айсұлтанды атасының қасына жерлеуі мүмкін

0

Халық қаһарманы, академик Мұхтар Әлиевтің немересі, Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Рахат екі күн бұрын Лондонда көз жұмды.

Айсұлтан Рахат 1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген. Отыз жасқа 10 күн жетпей бақилық болды. Кейбір ақпарат көзіне сенсек, оның жүрегі тоқтап қалған. Әзірге басқа дерек-дәйек жоқ.

Тілшіміздің айтуына қарағанда, Кеңсай-2 зиратының Мұхтар Әлиев, Қажымхан Мәсімов, Батырхан Шүкенов сияқты белгілі азаматтар жерленген оңтүстік жағы ерекше қарбалас болған. Су таситын көлікпен жолды жуып, көлденең тұрған көліктерді қуып жатыр. Сол маңда әкімшілік қызметкерлері де жүр.

Зират қызметкері көлігімізді жолдан алып тастауды ескертті. Осыны пайдаланып, біз одан суыртпақтап сыр тартып көрдік.

– Айсұлтанды атасының қасына жерлей ме?

– Әзірге белгісіз. Бірақ бізге зират әкімшілігі дайындалу туралы тапсырма берді.

– Қай жер қазылуы мүмкін? Мұхтар Әлиев жатқан қоршаудың іші ме, әлде осы маңдағы басқа жер ме?

– Ол жағын білмеймін. Бірақ дайындық жүріп жатыр…

Мұхтар Әлиевтің зиратының басына қойылған ескерткіш мүсіні оңтүстік-шығысқа қарап тұр екен, қоршауы да тар емес. Егер Айсұлтанның денесін Алматыға әкелген болса, атасының жанына жерлеуі әбден мүмкін.

Тілшіміз байқағандай, Кеңсай-2 зиратында адам қарасы көп болған. Зират жұмысшылары тазалықпен әуре болса, әкімшілік көліктерімен келген екі-үш адам өзара әңгімелесіп, әлденені қызу талқылап тұрған. Әдетте Кеңсайда жай күні мұнша қарбалас болмайтын.

Дереккөз: Nege.kz