Айсұлтан Назарбаев бостандыққа шыққаны үшін ресейлік құқық қорғау органдарына алғыс айтты

0

Айсұлтан Назарбаев әлеуметтік желіде Ресейдің құқық қорғау органдарына жазба қалдырып “қайтадан бостандыққа шыққаны үшін” алғыс айтты. Бұл туралы Взгляд басылымы хабарлайды.

“Менің үлкен үзілістен кейінгі алғашқы жазбам— алғыс айту жазбасы. РФ-ның бас прокуратурасына, РФ ІІМ-ге, РФ ІІД-ге, РФ ФСБ-ға рахмет айтамын. Мен қайтадан бостандықтамын. Менің парақшамда қалған оқырмандарыма да рахмет. Бізде талқылайтын әңгіме бар”, — деп жазды Назарбаев Facebook желісіндегі парақшасында.

2018 жылдың жазында БАҚ Айсұлтан Назарбаевтың жоғалып кеткенін, еркінен тыс ұсталып отырғанын жазған еді. Ол соңғы жазбасын 2017 жылдың 19 қыркүйегінде қалдырып, әлеуметтік желіге кірмеген болатын.

Айсұлтан Назарбаевтың өмірбаяны

Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе «президенттің сүйікті жиені» деп атайды.

1990 жылы 26 тамызда өмірге келген. Австрияда орналасқан Америка халықаралық мектебінің түлегі, бұған дейін БАҚ жазғандай, оқу кезінде Айсұлтан тек мектепте алған стипендиясына ғана өмір сүрген. Осылайша ол ақшаның қадірін түсініп, үнемдеуді үйреніпті.

Британияның корольдік «Сандхерст» әскери академиясын бітіргеннен кейін, Отарға әскери борышын өтеуге аттанады. ҚР қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының штатында болып, аға лейтенант атағын алды.

Бала кезден футбол ойнайды. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпинатының іріктеу турниріне қатысады.

«Челси» және «Портсмут» жастар командалары мен қазақстандық «Астана» командасында ойнаған.

2017 жылдың ақпанында Айсұлтан Назарбаев «Қазақстан футбол федерациясы қауымдастығының» вице-президенті болып тағайындалды. Бірақ көп ұзамай президенттің жиені өтініш жазып, жылы орнын босатты.