Айша Турмаганбетова: Апат айтып келмейді

0

“Заң газетінің” журналисі Айша Турмаганбетова өзінің Facebook парақшасында еліміздегі соңғы болып жатқан қиын жағдайларға өз пікірін білдірді. 

“Ешкім де,ешбір ел де төтеннен келетін табиғат апатынан сақтандырылмаған. Тіпті әлемді озық технологиясымен табындырған Жапон елі де аяқ асты болатын оқиғалар алдында дәрменсіздік танытқанына тарих куә.
Бүгінде тоңның ерте қатуы салдарынан,қарғын судың жер қабатына сіңуі тежеліп,еліміздің біраз өңірін су басты. Қанша алдын ала қам жасаған күнде де табиғаттың мұндай құбылысын толықтай болжап,оған тұтастай амал қылу айтуға ғана оңай. Өйткені, мың жерден есепке жүйрік болсақ та,табиғаттың тылсым күшін,құбылысын дер кезінде анықтап, жауапты қадам жасау ілуде бір туатын мүмкіндік. Адам бәрібір де табиғат алдында дәрменсіз. Әлемдегі жылыну үдерісінің етек алуы, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына орай туындап жатқан оқиғалар соның айғағы.
Бүгінде су басқан өңірлердегі жағдайлар жүректі ауыртады. Ондағы қауым бір сәтте құтмекенінен,өмір бойы жиған-тергенінен айрылып,қиын жағдайға түсті. Алайда, тұтас елдің басына түскен осы сынақ билік пен халықты бұрынғыдан да біріктіре түскендей. Бұл жағдайдың қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс орын алуының да терең мағынасы бардай. Иә бұл,елдіктің,жүректегі иманның,ақ пейіл,адал ниеттің,шынайы жанашырлықтың деңгейіне түскен сынақ болды. Жұртшылық бұл қиындықтан көп болып шығудың,жұмыла көтерген жүктің жеңілдігін,ынтымақтың алмайтын қамал жоқтығының үлгісін көрсетуде.
Осы сәтте үкіметтің“Қазақстан халқына” қорынан бастап,еліміздің кәсіпкерлері,өнер адамдары да бір жеңнен қол шығарып апатты аймақтарға көмекке ұмтылды. Әлем таныған Димашымыз да өнерін сүйген елімен бірге болып,су басқан өңірден табылды. Ай тұлымды ұлымыздың өз қаржысынан бір миллион доллар көлемінде көмек беруі қиналған қауымға жігер берді,рухын көтерді. Адам қиындықта сыналады ғой. Қанша жерден қарғын су есін алса да жылт еткен жақсылықты,жылылықты да бөлісіп жатқан да осы қауым. Түйенің ботасына ұмытылып,еміренген сәті,белуардан келген суда тұрса да бір-біріне деген сүйіспеншілігінен ажырмаған жұбайлар бейнесі қандай қиындықтың жүректегі сәулеге,аналық мейрімге кедергі бола алмайтынын көрсетеді. Қазақ бір жаманның бір жақсысы бар деген ғой.
Өкінішке орай ел болған соң көңілге кірбің ұялататын жағдайлар да болып жатыр. Әсіресе блогер деген атты жамылған кейбір замандастардың “көршінің үйін шалған өртке бас үйітіп алудың” керін келтіріп, популизмге ұрынып,немесе оңай олжа көздеп,халықтан өз бетімен қаржы жинауға кіріскені алаңдатып тұр. Бәрінің ниеті теріс болмауы мүмкін. Бірақ Лодочников Алексеевич Алексей айтқандай,ешкімге есеп бермейтін мұндай белсенділер әрекетінің пайдасынан гөрі зияны басым болатын түрі бар. Олар бұл істерін билікті қаралау арқылы жүзеге асыруда. Негізінде,көріп отырғанымыздай,билік тарапынан жағдайдың алдын алу,зардабын жою үшін барлық шаралар қабылдануда. Қаржы да аз бөлініп жатқан жоқ. Сондықтан онсыз да мүмкіндігінше көмек қолын созып жатқан халықтан өз бетімен ақша жинау жұмсартып айтқанда “ медвежья услуга”, қаттырақ айтқанда, популизм және оңай олжаға бату ниеті. Мұндай жағдай билік пен халық арасына сына қағады. Жасалып жатқан жұмысты жоққа шығарып, халықтың билікке деген өкпе-ренішін тудырады. Сондықтан мұндай әрекетке тосқауыл қою қажет. Бұл алдымен әр іске береке беретін ұлттық бірлік үшін қажет.
Бұл кезең де артта қалар. Ел бірлігі болса алынбас қамал жоқ. Әлі-ақ сөнген ошақтар қайта тұтанып, үдере көшкен қауым өз құтханасындағы берекелі өмірді жалғастырары сөзсіз” — деп жазды журналист.