Айқын келіншегі жұлдызды перзентханадан шығарып алды
Жақында ғана екінші мәрте ана атанған Жұлдыз Өмірғали перзентханадан шықты. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген KeshYOU тобының экс-әншісі, жанұясындағы жағымды жаңалықтарын бөлісті.
Әдетте әншілер қауымы қуанышты хабарды бірден желіге жүктеп, жалпақ жұртқа жария қылатын еді. Бұл жолы Төлепбергендер әулеті барлығын жасырын түрде өткізген. Өйткені, Айқын мен келіншегі еліміздегі келеңсіз жайттарға байланысты жұрт назарына түсуді қаламаса керек.
«Перзентханадан шыққанымызға бүгін тура үш күн болды. Дәл қазіргі таңда менің де, сәбидің де денсаулығы жақсы. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. Ақырындап өсіп жатырмыз. Босанар кезде Айқын өзі перзентханаға жеткізді. Ол кезде ол достарымен жүрген болатын. Өзі досымен келіп, мені апарып, жанымды біраз уақыт болып, кейін тағы бір мәрте әке атанғаны жайлы жағымды жаңалықты естіді», — дейді Жұлдыз Өмірғали.
Айқын төртінші мәрте әке атанған күні көпшіліктен сүйінші сұрап, инстаграм арқылы қызды болғанын хабарлаған-ды. Есім таңдауда да оқырмандарының көмегіне жүгінгені тағы бар. Ұзақ ойланған Төлепберген бірнеше нұсқалардың ішінде нақты бір есімге таңдау жасапты.
«Есімі – Айя! Есімін әкесі қойды. Бұл есім екі мағынаны береді. Біріншісі «керемет», «тамаша», «ерекше», «әдемі» деген мағынаны білдірсе, екіншісі Құран Кәрімнің қысқаша шығармасы деген сөз», — дейді Айқынның келіншегі.
Айя Айқынқызының салмағы екі жарым келі, бойы 48 сантиметр болып дүниеге келген. Бүгінде Жұлдыздың тұңғышы Санжар кішкентай ханшайымды көріп аң-таң болып жүрген көрінеді.
«Санжар қарындасы барын енді біліп жатыр. Бауыры барынан хабардар, әрине. Кішкене қызғаныш та бар. (күледі) Қазір қызғанып жүр. Не болғанын өзі де түсінбей жүр», — дейді Өмірғали.
Жұлдыз жарына қыз сыйласа, жас анаға Төлепбергеннің тарапынан әлі тарту табысталмапты. Бір қызығы, кезінде бұл жұпқа кереғар пікір білдірген хэйтерлердің қарасы азайып, қуанышына ортақтасар оқырмандарының саны күрт көбейген екен.
«Дәл қазір Айқын ешқандай сыйлық жасаған жоқ. Ол туралы әлі ойлап та үлгерген жоқпын. Ең бастысы барлығы жақсы. Оқырмандарым да қатты қуанып, құттықтап жатыр», — дейді дейді жас ана.
Айқынның келіншегі қазіргі таңда бар уақытын кішкентай бөбегіне арнамақ. Бірақ қырық күн күтінгеннен кейін, Өмірғали отандық шоу-бизнеске қайта оралса, таң қалмаңыз!
«Декреттік демалыста бірінші балаға барлық уақытымды бөліп аламын. Қызым кішкене ет жинап, адам болғанша үйде боламын. Шығармашылықты да тастамаймын. », — дейді «KeshYOU» тобының экс-әншісі.
Айта кетейік, Айқын мен Жұлдыздың ортақ некесінен Санжар есімді балақай бар. Бірнеше жыл бұрын атышулы жұп жеке өмірлерін жұрттан жасырғанымен, 2018-дің тамызында ерлі-зайыпты екендерін ресми түрде хабарлаған еді. Ал, Төлепбергеннің алғашқы отбасында Аңсар атты ұлы мен Асылым есімді қызы өсіп келеді.
Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.
stan.kz