Айнұр Жүгінісова: «Келінімізге той үстінде бауырсақ пісіртіп, үлкендерге тараттық» (ВИДЕО)

0

Өткен аптада ағайынды Жүгінісовтердің кенжесі Мұхаммедәли шаңырақ көтерді. Әншінің үйлену тойы Нұр-Сұлтан төрінде дүркіреп өтті, деп хабарлаған едік.

Майра Ілиясова, Қыдәрәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаева, Айгүл Мүкей, Жұлдыз Әбдукәрімова және тағы да басқа елімізге белгілі тұлғалар той қонақтарының қатарынан табылды.

Ағайынды Жүгінісовтердің анасы, актриса, «Дәстүрге жол» жобасының авторы Айнұр Жүгінісованы kznews.kz тілшісі сұхбатқа тартты.

— Той құтты болсын, жастар бақытты болсын. Тойдағы ерекшеліктер туралы айта кетсеңіз?

— Рахмет, өздеріңіз естіп жатсыздар, тойды өткіздік. Шама келгенше қазақтың барлық салт-дәстүрін қамтуға тырыстық. Негізі, той кезінде торт кесу, гүл лақтыру деген қазақта жоқ нәрсе. Мысалы, біз торттың орнына келінімізге ортаға қазан шығарып, бауырсақ пісірттік. Майдың иісін шығарып, «нан болса, ән де болады» демекші, «дастархан нанға толсын» деп, үлкендерге тараттық. Сара Тоқтамысова апасы жақсы жолын берсін деп, ортаға әнімен алып шықты.

  — Келініңіз туралы айта кетсеңіз, жастар қалай танысқан?

— Келін әлі жас, аты – Медина, он жетіде, ал, Мұхамедәлі он сегізге толды. Сырға салып, үйге ұзатып әкелдік. Той жасау үшін он жетіге толғанын күттік. Екеуі екі жыл достасып жүрді. Бір бірлерін керемет жақсы көргеннен кейін ата-аналары болып, рұқсатымызды бердік. «Он үште отау иесі» дейді ғой, есін білетін балалар.

Келінімнің ата-анасы Алматыдан, Елордамызда ата әжесінің қолында өскен, тәрбиелі жердің қызы. Ата көрген, тәрбие көрген, үлкеннің жолын кесіп өтпейтін қыз.

Құдағиым да табиғаты жайлы, әйелдік қасиеттерді өн бойына жинаған жақсы кісі. Ата әжелері әскери қызметте болған, солардың қатаң тәртібінде өскен, бірақ,  махаббат ештеңеге қарамайды. Алыстан жақсы көріп қалған екен.

Енді, балалардың адам болып кетуіне екі жақтан атсалысамыз. Ата-ананың міндеті. Бір екі жыл қолымызда тұрады. Үйдің тәртібі бойынша балаларды жақсылап үйретіп, кейін бөлек шығарамыз.

Келініміз өнерге жақын, актриса болуды армандайды, мектепті жаңа бітіріп жатыр. Кім болатынын уақыт көрсетеді. Суретті де жақсы салады әкесі сияқты. Маған айтқанды тез қағып алатын қасиеті ұнайды. Үйде барлық үй шаруасын жасап, қонақты да күтіп жатыр. Біздің үйде келінге қойылатын талап  —  келін ретінде ақ жаулық салу, сәлем салу, дәстүрлі тағамдарды дайындау.