Айнұр Тұрсынбаеваның қоры Қарағанды облысында көпбалалы отбасына үй тарту етті

0

«Айдың Нұры» қайырымдылық қоры көп балалы Самихаановтар отбасына Қарағанды облысы, Осакаровка ауылынан үй сыйлады.

Көпбалалы отбасы Ақбұлақ ауылынан Осакаровкаға қоныс аударып келген. Өздерінің жеке баспанасының жоқтығынан бірнеше жыл бойы ерлі-зайыпты Самихаандар туыстарының үйін паналаған. Отбасының қиын материалдық жағдайына көз жеткізген қайырымдылық қор оларға үй сыйлауға шешім қабылдайды. Алайда отбасы мүшелері сыйлық туралы соңына дейін білмеген. Олар үшін бұл нағыз күтпеген тосын сый болды.

«Біз өте қуаныштымыз және үйлі болуға көмек қолын созғаны үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Ауылда біздің атымызда үй болғандықтан мен баспана кезегінде тұрмаймын. Осакаровка елді-мекеніне көшіп келгелі бірнеше жыл біз туыстарымызды паналадық. Өзіміздің шаңырағымыздың болуы біз үшін – үлкен бақыт. Тіпті сенудің өзі қиын» ,- деді Нұргүл Самихаан.

Нұргүлдің үлкен қызы 15 жаста, ал үйдің ең кішкентайы небәрі үш айлық. Үйі болғандарына балалары аналарынан да қатты қуанып жүр. Олар ата -аналарымен бірге жаңа үйлеріне көшуге көмектесуде.

Қор мұқтаж жандарға 2020 жылдың наурыз айынан бастап жәрдем беріп келеді. Оның негізін қалаушы және төрағасы — белгілі айтыскер-ақын, «Құрмет» орденінің иегері Айнұр Тұрсынбаева.

«Біздің мақсат – мұқтаж жандарға қыс түскенше өз үйлерін алуға көмектесу. Қазіргі уақытта мұндай отбасылар өте көп. Біз әр отбасының қаржылық мүмкіндіктерін толық зерттейміз. Міне Самихаан отбасына жеке шаңырақтарының кілтін табыс еттік. Бұл қазірдің өзінде көп балалы және мұқтаж отбасыларға сыйлаған 87-ші үй» , — деді қор директоры Мөлдір Ақылбекова.