Айнуддин Муради: Ауған қазақтары елге қайтқысы келеді

0

Атасының азан шақырып қойған аты – Айдын Мұрат екен.


Жеті жаста атасының шалғайына жармасып Ауғанстанға жеткен атасы осы/ Фотр жеке архивінен алынды

Жеті жаста бабасының шалғайына жармасып Ауғанстанға жеткен атасы осы / Фото жеке архивінен алынды


Туу туралы куәлік алған кезде Айнуддин Муради аталып кетіпті

– Оған аймақтық тіл ерекшелігі себеп болды. Кейін реті келсе, аты-жөнімді қазақыландырып аламын. Отбасында бес баламыз. Қазір ата-анам, бауырларым тұрып жатқан аймақта 20 үй қазақ бар. Басқа жерде қазақ бар ма, жоқ па, білмеймін.

Үйде әке-шешем Айдын деп атайды. Анам «атамекенің – Қазақстан. Онда Түркістан мен Қызылорданың ортасында Сырдария деген өзен бар. Айдының туған елге дейін жайылсын деген ниетпен сені Айдын қойдық» деп отыратын, – дейді Айнуддин бізбен әңгімесінде.



Ауғанстан, Құндыздағы қара шаңырақта, әжесі, анасымен бірге

Ауғанстан, Құндыздағы қара шаңырақта, Түркістанда тұратын апасы, анасымен бірге / Фото жеке архивінен алынды


Айнуддин әңгіме арасында Ауған жерінде туып-өссе де ата-анасымен бірге өздерін бөтен сезінетіндерін айтты.

Буыны қатпаған баланың санасында атасының, әке-шешесінің атамекен туралы туралы айтқандары өшпестей болып шегеленіп қалыпты.

– Жер бетінде елі жоқ, елтаңбасы жоқ, президенті жоқ ұлттардың кез-келген елде жерсініп кетерлік ыңғайы бар шығар. Мен қазақпын. Артымызда арқа сүйейтін Қазақия деген мемлекетіміздің барын бала жастан білдік. Тәуелсіздік алған кезде ауғандағы әрбір отбасының көңілі Алатаудың басына барып қонғанын, үйде отырып тақым қысқанын әкелерімізден есітіп өстік.

Қазақстанда жоғары білім алуды бала жастан армандадым. Араны жалғайтын алтын көпірдей қабылдадым бұл арманды. Ауғанстанда жоғары білімге көпшіліктің қолы жетпейді. Ақшалылар мен білімділер ғана оқиды. Мен біліміме сендім.

12 сыныпта оқып жүргенде Ауғанстанның Білім министрлігінің шетелдік ЖОО-на беретін жолдамасын ұтып алдым. Ауғанстан заңы бойынша университетке түсу үшін тапсырған емтиханда кім жақсы баға алса, олар шетелге оқуға жіберіледі.

Қазақстанға сапарым осылай басталды, – дейді Айнуддин.


Атам – қазақ жеріне деген сағынышын ана дүниеге өзімен бірге алып кеткен көп қазақтың бірі

Атасы Қазақстанда, Қызылордада, Сырдария өзенінің бойында дүниеге келген. Ауғанстанның Құндызында дәмі таусылды. Өлер алдында баласына моласына туған жердің топырағын әкеліп салуды аманаттап кетіпті.

Әкесіне жүктелген аманатты немересі орындады

Былтыр елге барғанда Түркістанның топырағын атасының бейітіне салып қайтты.

Атамекенге түпкілікті оралу туралы ой атасының басына туған жердің топырағын салып тұрған кезде келді.

– Ауғанстанда ауған деген ұлт жоқ. Құрама штаттар сияқты қырық рудың басын қосып отырған ел. Әкелеріміз Ауғанстанды 1980 жылдарға дейін, мемлекеттілігінің біртұтастығына сызат түсірмеген ел екенін айтатын. Біз ол кезді көрген жоқпыз.

Біздің құрдастарымыз көз ашқалы соғысты көріп келеді. «Таңертең ұйқыдан тірі оянамыз ба?» деген күндер де, қай жаққа ауып кетеміз деп барымызды түйіп қойған кездер де болды. Қорқыныш пен үрей бойымызға сіңіп кетті. Атам атамекенге барсақ, алаңсыз өмір сүреміз деп деп жиі айтатын. Туған жерге табаны тимей арманда кетті. Атамның іште кеткен арманы бізді алға жетеледі.

Топырағын баспаған, дәм-тұзын татпаған, түсіңде ғана көретін елді сағынудың мүмкін екенін өз басымнан өткердім, – дейді Айнуддин.


Ата-мекен деп алаңдайтын ұрпақтың соңы бізбен бітпесе екен

Жиырма жастағы жігіттің алаңы – осы. Уақыт өткен сайын ауған қазақтары тіл жағынан да, түрі жағынан да парсы тектес ұлттарға сіңіп бара жатыр. Парсы тіліне тән ерекшеліктер Айнуддиннің сөйлеу мәнерінде де байқалады.

– Аталарымыз өзге ұлттан қыз алса да қызын бермеді. Мұндай дәстүр Иран жағында да байқалады. Ұлты өзге аналарымыз келбетіміз бен тілімізде өз таңбасын қалдырды.

Алғашқы көш кезінде елден кеткен атамыздың көзін көрдік. Естелігі бізге қымбат. Бізден туған ұрпақтың біздің шындығымызды қалай қабылдайтынын білмеймін. Үлкендердің алаңы осы, – дейді ол.


Құндыз қаласының күнделікті тіршілігі / Фото жеке архивінен алынды

Құндыз қаласының күнделікті тіршілігі / Фото жеке архивінен алынды


Әр ауылдың өз аңызы бар

Айнуддин ұлтының қазақ, руының қыпшақ, Мұстафа Шоқаймен аталас туыс екенін бала жастан біліп өсті. Атасының кешкі ертегісі ел туралы, ата-бабасы туралы әңгімемен жалғасатын.


Ауғанстан, Құндыз, бірге туған бауырлар /Фото жеке архивінен алынды

Ауғанстан. Құндыз. Достары / Фото жеке архивінен алынды


– Атам елден кеткенде ойын баласы екен. Бір түннің ішінде бабамыздың шаужайына жармасып, шекара асып кеткен. Көзі жұмылғанша атамекенін ұмытпауына, оны бізге жеткізуіне Құдайдың құдіреті себеп болғаны анық. Атамның санасында сағым болып қалған махаббаты бізге өтті, – дейді ол бізбен әңгімесінде


Балалардың аңызы Мұстафа Шоқай, Аманкелді батыр, сосын Әл-Фараби

Бала күнінде интернет бәріне бірдей қол жетімді болмады.

Ел туралы түсінігі аталарының әңгімесімен қалыптасты.

– Ауғанстанда мектеп бағдарламаларында Фарабидің еңбектері туралы көп айтылады. Оның Қазақстаннан, Отырардан екені мақтаныш сезімін туғызып, мерейін өсіретін. Аманкелді, Мұстафа Шоқай – біздің өз аталарымыз, – дейді ол әңгімесінде.


Айнуддиннің айтуынша, Ауғанстанда жағдай өзгерген. Үйде қалған бауырларымен ғаламтор арқылы хабарласып тұрады. Түркістанда тұратын апасына осы жазда барып қайтты.

Үйдегі бауырлары Қазақстанның жаңалықтарын күн құрғатпай біліп отырады екен. Артынан ерген інішегінің де Қазақстанда жоғары білім алғанын қалайды. Ол Қазақстанның жоғары оқу орнының білім грантын алу үшін конкурсқа дайындалып жатыр. Дайындығы жаман емес.

– Ауғанстандағы қазақ тойлары Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртастың әндерінсіз өтпейді. Ата-анамыздың Мейрамбек Бесбаевқа деген ықыласы ерекше. Тіпті ана бір жылдары «Мейрамбек ауырды» дегенді естіген атам мойнына бұршақ салғандай болып амандығын тілеп, дұға оқыпты, – дейді Айнуддин.


Атам Мұстафа Шоқайдың газеттен қиып алған суретін 50 жыл сақтапты

– «Арманда кеткен бір арыс» дейтін атам ол туралы. Мұстафа атамыздың шетел асып кетуі біздің әулетке оңай соқпапты. Аталас туыс болғанымыз үшін.

1930 жылдардың аяғында жауапты қызметте жүрген анамның жақын туыстарының бірі түнде келіп, таң атқанша ауылдан кетуіміз қажеттігін айтқан. Бай тұқымы ретінде үлкен бабамызды тұтқындау, отбасымызды жер аудару туралы рұхсат беретін құжатқа қол қойылыпты, – дейді Айнуддин-Айдын бізбен әңгімесінде.


Алғашқы көш 1928 жылы Ақмешіттен – Қызылқұмға, Қарақалпақстан, Түрікменстан арқылы ауған жеріне өткен

Бұл көш жолай 1932 жылында тәжік елінің Қорған төбе мен Сим ауылдарында бір жыл аялдайды. Сол жылдың соңғы күндерінде он мыңға жуық ел болып ауған жеріне кірді.

1930 жылдардың ортасында ауған жеріне келгендердің біразы Кеңес өкіметіне кетуге шешім қабылдапты. Ол жақта қашып келгендерге жағдай жасалды. «Қалғандарды да шақырыңдар!» деген уәде шекара асып, елге кетті. Уәдеге сеніп, елге келгендердің көбін ату жазасына бұйырып, итжеккенге айдайды. Басынан қайғы бұлты сейілмеген, алаңсыз тірліктен айырылған екі мыңдай отбасы бір түнде Ауғанстанға қайта ауып кетті.


1935 жылы өгіздің терісін бітеу сойып үрлеп, сал жасап, түн жамылып Әмудариядан өткен қазақтарға ауған билігі Гарат, Шұбарған, Сәнгчарәк, Чақнасыр, Құндыз, Мазар Шәріп қалаларынан қоныс берген.

– Бастапқы кезде қазақтар үкімет тарапынан берілетін азық-түлік, ақшалай көмектерді алып отырды, – дейді ол әңгімесін жалғастырып.

«Көмек қажет емес. Біздің көмек алғанымыз құжатқа түссе, ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады»

Қариялардың соңғы легінің есінде қалған естеліктері – кейінгі ұрпаққа аңыз. Ол ұрпағына жасық болуға жол бермеді.

– Құндыз аймағының басшысы Ғолам Хайдар қазақтарға көп қарайласты. Кейін көмекті мемлекеттік деңгейге жеткізіп, құжат дайындауға тапсырма берілгенде қазақтардың бәрі үкіметтің ресми жәрдемінен бас тартыпты. Бұның себебін сұрағандарға: «Ықылас-пейілдеріңізге рахмет! Ендігі әрекет өзімізден болсын. Біз – қайыршы емеспіз. Артымызда ел бар. Бошалап сыртқа кетсек, боталап елге қайтар күн туар. Біздің көмек алғанымыз құжатқа енсе, ертеңгі ұрпақ біз үшін ұялады. Ұрпағымыз азып-тозған буын деп қабылдағанын қаламаймыз. Дәм-тұздарыңыз үшін рақмет» деп жауап беріпті.

Қазақтардың бұл шешімі үкімет басшыларын таң қалдырыпты, – дейді Айнуддин.


Айнуддин сөз арасында жат елге қоныстанған аталарының тай-тұяқ алтындарын, әжелерінің алтын алқаларын сатып, мал алып, аз уақыт ішінде көшке ілесіп кеткенін айтып өтті.

– Ауғанстанда қазақ тарихын еске салып тұратын жер-су аттары сақталып қалған. Оған өзге ұлт өкілдері құрметпен қарайды. Біз тұратын ауылға жақын жерде «қазақ өткелі», «қазақ аудан» деген жер бар. Қазақ көші ауған жеріне осы өткел арқылы жетіп, қазақ ауданы тұрған жерге тоқтапты.

– Бала күнімізде сол өткелге барып, арғы бетке көзімізді талдырып қарадық. Өткелден ассақ, қазақ ауылы қол созым жерде тұрғандай көрінетін. Ауғанстанмен араны Тәжікстан, Өзбекстан бөліп тұрғанын білгенше, бұл сезім мені тастап кетпеді.

Қазір Қазақстандамын. От пен оқтың ортасында жатса да Ауғанстан – кіндік қаным тамған жер ретінде қымбат. Ата-бабама қоныс берген, әке-шешемнің кіндік қаны тамған, біз өмірге келген қасиетті мекен. Мен мұны көзім жұмылғанша ұмытпаймын.

Бірақ менен туған ұрпақтың тарихи отанында өсіп-өнгенін қалаймын, – дейді Айнуддин бізбен әңгімесінде.


КСРО әскерінің ауған жеріне кіруі елдің тыныштығын шайқап жіберді

Елдің әр аймағында шашырай орналасқан қазақтар 1980 жылдары»ақтабан-шұбырындыны» қайта бастан кешкен. КСРО әскерінің елге енуімен тыныштықтың тұнығы шайқалып, бірге туған бауырлар бір-бірінен көз жазып қалыпты.

– 1990 жылдардың басында ауған қазақтарының бір тобы атамекенге көшіп келді. Ауғандағы қазақтардың тағдыры президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауында болды. Қазір олар Түркістан облысында, Ақтауда және Алматы облысының Қаскелең қаласында тұрады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Айнуддинің ата-анасы алғашқы көшке ілесе алмай қалған екен.


Қара шаңырақта, Айнуддиннің қолынан қант жеп өскен тұлпарлары осы/ Фото жеке архивінен алынды

Қара шаңырақта, Айнуддиннің қолынан қант жеп өскен тұлпарлары осы / Фото жеке архивінен алынды


– Біздің отбасы жергілікті өлшеммен салыстырғанда ауқатты топқа жатады. Әкем – Құндызда орта мектепте директор, мамандығы – биолог. Ағам да сол мектепте математика пәнінің мұғалімі. Тауда малымыз, қалада дүкендеріміз бар.

Әкем бос уақытында бәйгеге қатысатын тұлпарларды баптайды. «Алдымен ашыққан ағайын елге жетіп, бір-бірімен табыссын. Біз асықпай, өз күшімізбен барармыз» деген шешімге келіп, көшті кейінге қалдырды, – дейді ол.

Құндыз – Тәжікстанмен шекаралас аймақ

Ол жерде Талибан мен ДАИШ («Ислам мемлекеті» экстремистік тобының арабша қысқарған атауы) күштері жиі орын алмастырады. Қазір ондағы жұрттың жартысына жуығы оқ пен оттың ортасында қалғандай жағдайда тұрып жатыр.

Талибандар да, басқалары да бар. Үкімет ол жерде жұмыс істей алмайды. Өткен жылы Құндыз уәлаяты Аршы ауданындағы бір мереке кезінде әуеден тасталған бомбадан 100 бала қаза тапты. Біздің аймақта он үш полицияны өлтіріп кетті. Олардың арасында қазақтардың барлығы мен жоқтығы мен үшін маңызды емес. Еуропа елдерінде теракттан болған оншақты адамның қазасын әлемге азалататын БАҚ ауған еліндегі 100 баланың қазасы туралы ауыз ашпады.

Олардың бәрі – ауылдастарым,құрдастарым. Көз-көргендерім. Бәрі жақын маған, олардың артында қалғандары үшін жүрегім ауырады – дейді Айнуддин.

Айнуддин үкімет арқылы келгеннен кейін оқуын бітірген соң, Ауғанстанға қайтуға міндетті екенін айтады. Содан кейін барып Қазақстанға келуге мүмкіндік туады.

– Ауғанстанда бұдан 25 жылдай бұрын бір мыңдай қазақ отбасы болған еді. Тәуелсіздіктен кейін біртіндеп атамекенге көше бастады. Қазіргі елде қалғандарының көбі – өзге ұлттан әйел алғандар. Біздегі қазақтар өзге ұлттан әйел алса да, қыздарын өзге жұртқа бермейді. Кіші жүздің әртүрлі рулары және қоңырат, қыпшақ көп.

Кіші жүздің қазақтары 1990 жылдардың басында Атырау, Ақтау жаққа көшіп кетті, – дейді Айнуддин.

Туу туралы куәлігімдегі «ұлты – қазақ» деген екі ауыз сөз Қазақстанның картасы сияқты болып көрінетін

Айнуддинмен әңгіме қазақ тілінде өтті.

– Қазір Ауғанстан қазақтары сыртқа шыққанда басқа тілде сөйлей береді. Себебі, қазақ аз. Бірақ, үйге келгенде тек қазақ тілінде ғана әңгімелесуіміз – үлкендердің бақылауында. Себебі, Ауғанстанда қандай ұлт екенің төлқұжатта жазылмайды.

Тек туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі. Соған қарап отырып, көз алдыма Түркістанды, Сырдарияны келтіремін. Қазақ деген сөздегі әрбір әріп атамекеннің картасы болып көрінетін, – дейді көзі жасаурап.



Кейін Алматыға келгенде, 1990 жылдары Түркістанға көшіп барған апасын іздеп барғанда қазақтың ортасы оған жат көрінбепті.

– Үйде, аз ортада ғана сөйлесіп, қысылып келген ана тілім көз алдымда сыртқа шыққанда бауырын жазып еркін көсіле шабатын үйдегі тұлпарларыма айналып шыға келді. Әсерімді сөзбен жеткізу қиын.

Қазір Қазақстанда жүргенде Ауғанстанды, өзім туып-өскен Құндыз жайлы көп ойлаймын. Онда атам жатыр. Жеке меншігіміздегі қолдан қант жеп үйренген тұлпарларымды, кішкентайдан бірге өскен достарымды сағынамын. Тағдыр біздің маңдайымызға екі жақты да сағынып жүруді жазған шығар, – дейді ол.


Қазақтар ата-мекенге келгісі келеді


Астанада - қазақстандық достарымен/ Фото жеке архивінен алынды

Астанада қазақстандық достарымен / Фото жеке архивінен алынды


– Қазақстанның азаматы атанып, ата-анамды, бауырларымды елге шақырғым келеді. Ауғанстанда соғыс болып жатыр, жағдай қиын. Тыныштығы бұзылған елде жағдайыңды жасап, тұрмысты түзеп алуға мүмкіндік жоқтың қасы. Ауғанстанда шетелде жоғары білім алған қазақтар аз. Білетінім – үшеуміз ғана. Қазақстаннан басқа елдерде оқып жатқан қазақтар жайлы естіген жоқпын.

Елдегі қандастарым мүмкіндік болып жатса, Қазақстанды таңдайды. Қазақстан Ауғанстандағы қазақ жастары үшін білім грантының санын көбейтсе, білімді жастар көбейер еді, – дейді Айнуддин.



Дереккөз: https://informburo.kz