«Айналамнан тек отты көрдім»: Пәкістандағы әуе апатынан аман қалған адам оқиғаны баяндап берді — Қазақстан жаңалықтары

0

Пәкістанда әуе кемесінің апатынан аман қалған екі жолаушының бірі өзінің басынан өткен оқиғаларды баяндай отырып, тек жалынды көргенін және басқа адамдардың айқайларын естігенін айтты.

Пәкістан

Мұхаммед Зубайр жұма күні Карачиде құлаған ұшақтан аман-есен шықты. Қазіргі уақытта Пәкістандық халықаралық әуе компаниясының жұма күні Қарачи тұрғын кварталына қону барысында құлаған «Аэробус А320» ұшағынының екі жолаушысы аман қалғаны белгілі болды.

Синд провинциясы билігінің ақпараты бойынша, әуе апатынан 97 адам қаза тапты. Болған оқиғаның себептері әзірге анықталған жоқ.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ұшақты қондыруға бірінші әрекет сәтсіз аяқталғаннан кейін ұшқыш техникалық ақау туралы хабарлаған, содан кейін апат сигналын берді. 

Пәкістан билігі бірнеше күн бұрын коронавирус пандемиясы салдарынан тоқтатылған әуе ұшуларын қайта іске қосты.

Мұхаммед Зубаир қалай аман қалды?

91 жолаушы мен сегіз экипаж мүшесі бар PK8303 рейсі Лахордан Карачиге бағыт алған. Жолаушылардың көбі жексенбі күні Ид-аль-Фитр мерекесін атап өту үшін отбасымен туысқандарына ұшып баруды жоспарлаған.

Апат жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 2:30 шамасында ұшақ «Джинн халықаралық әуежайына» қонуға әрекеттенген кезде болды.

Мұхаммед Зубаирдің айтуынша, ұшақ бір рет жерге қонуға талпыныс жасаған, ал 10-15 минуттан кейін ол кенеттен Карачидің үйлеріне құлаған.

Зубаирдің өзі апат салдарынан аз ғана жарақат алды.

«Ұшақ құлады деп ешкім күдіктенген жоқ. Ол өте ақырын төмендеді», — деді Зубаир.

Оның айтуынша, жер соққысы кезінде ол есінен танып қалған, өзіне келген кезде айқайларды естіген.

«Жан-жақтан дауыстар естілді. Балалар мен ересектер. Айналамда тек отты көрдім. Мен адамдарды көрмедім, тек олардың жан айқайларын естідім», — деді Мұхаммед.

«Қауіпсіздік белбеуін шешіп, алыстан жарықты байқап, сол бағытқа қарай жүгірдім. Шығу үшін маған үш метр биіктіктен секіруге тура келді», — деді ол.

Ұшақ неге құлады?

Лайнер әуежайдың ұшу-қону жолағына жақын орналасқан Карачи маңындағы Модель-колонияда тығыз орналасқан тұрғын үйлерге соғылды.

Жергілікті телеарналар түсірген бейнекадрлардан құтқарушылар көшеде шашылған сынықтарды қалай тексеріп жатқанын көруге болады. Бірнеше машина жанып кетті.

Апаттың куәгері Мұхаммед Узеир Хан Би-Би-Сиге сырттан шу естігеннен кейін далаға шыққанын айтты.

«Шамамен төрт үй толығымен жойылды. Барлығы түтін мен оттың арасында қалды. Бұл — менің көршілерім. Қаншалықты қорқынышты болғанын айта алмаймын», — деді Мұхаммед Узеир Хан.

Пәкістандық БАҚ-тар пилот пен авиадиспетчер арасындағы әңгіменің болжамды жазбасын жариялады. Аудиода ұшқыш «қозғалтқыштардың жоғалғаны» туралы айтқан. Әуе қозғалысының диспетчері ұшақтың шассисіз (ұшақтың жерге қонуға арналған дөңгелектері) қону мүмкіндігін сұраған. Оған ұшқыш «Мэйдэй, мэйдэй, мэйдэй» (халықаралық апат сигналы) деп жауап берді.

Рейтер агенттігінде хабарланғандай, азаматтық авиация жөніндегі сарапшының айтуынша, ұшақ шасси шығара алмаған.

Әлеуметтік желілердегі фотосуреттерден екі қозғалтқыштың астында күйген жерлер бар екені байқалған, бірақ одан шасси көрінбейді.

Апатты тексеру үшін арнайы комитет құрылды. Сенбі күні әуе компаниясы апатқа ұшыраған лайнердің борттың өздігінен жазбасы табылғанын және тергеу комиссиясына тапсырылғанын хабарлады.

Әуекомпанияның мәліметінше, ұшақ 2014 жылы ұша бастады және ұшудың жарамдылығы туралы жыл сайынғы тексеруден өткен жылдың қараша айында өтті.

Құрбан болғандар туралы не білеміз?

Әуе апаты салдарынан 97 қаза болғандардың 19-ы анықталды.

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, апаттан аман қалған екінші жолаушы — Пенджаб банкінің басшысы Зафар Масуд.

Тірі қалған екеуі де ұшақтың алдында болған. Басқа да аман қалғандар туралы хабарламалар бар, бірақ олар әлі расталмаған.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан бұл оқиғадан шошып, қатты қайғырғанын айтты. Ол апат бойынша тергеуді дереу бастауды тапсырды.

Пәкістандағы соңғы әуе апаты

Бұл соңғы жылдары Пәкістанда болған алғашқы әуе апаты емес. 2010 жылы Airblue әуе компаниясының ұшағы Исламабад маңында құлады. Бортта болған барлық 152 адам қаза тапты.

2012 жылы Bhoja Air әуекомпаниясының «Боинг-737» ұшағы Равалпиндиге жақындағанда апатқа ұшырады. 127 адам қаза тапты, оның 6-ы — экипаж мүшесі.

2016 жылы «Пәкістан халықаралық әуе желілері» ұшағы ұшу кезінде жанып кетті. 47 адам қаза тапты.

 

 

stan.kz