Аймауытов мұрасы жаңартылған білім мазмұны бағдарламасында басшылыққа алынды
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ оқушыларды халықаралық озық тәжірибемен оқыту мақсатында білім бағдарламасын өзгертті. Аталған бағдарлама мемлекеттік тіл – қазақ тілінің оқытылуымен қатар жекелеген пәндерді орыс, ағылшын тілдерінде оқыта отырып, тілдердің үштұғырлылығын қолданысқа енгізуге бағытталған. Бұл ретте көзделген басты мақсат − оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыру, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Бағдарлама оқушы өзінің күнделікті оқығанын болашақ өмірде пайдалана алатындай етіп жасалған. Яғни, мектеп бағдарламасы барысында өтіп жатқан тақырыптары өмірде кездесетін жағдайларға байланысты құрылады. Ал мұғалімдерге сабақ жоспарын өз қалауынша құруға еркіндік берілді.
Бұл шетелдік тәжірибеден алынған әдіс емес
Жаңартылған білім мазмұны бойынша бала тек мұғалімнің дәрісін тыңдаумен шектелмейді. Ол өзі жазып, өлшеп, зерттеп, талқылап, ойын ашық жеткізіп, бір-бірін бағалау арқылы жаңа сабақты түсінетін болады. Яғни білімді іс-әрекет әдісімен қабылдайды. Екіншіден, сабақ коммуникативтік әдіс бойынша өтіп, 4 бөлімнен тұрады: тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым. Бұл шетелдік тәжірибеден алынған әдіс емес, оқушыларға арнап бірнеше оқу құралдарын жазған жазушы Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған оқыту әдісі. Жазушының: «Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін» деген қанатты сөзін бағдарлама жасаушылары басты назарға алып, бүгінгі таңда әдіс мектеп қабырғасында қолданылып отыр. Яғни «тыңдалым» мәтіннің жалпы мазмұнын түсіну, негізгі және қосымша ақпаратты, мәтіннің астарлы ойын анықтау және жобалаудан тұрады. Ал «оқылым» әдісінде оқушы әртүрлі мәтіндерді түсінуді талдауды, мәтіннің мақсаты мен көзделген аудиториясын анықтауды, оқылым стратегиясын меңгереді. «Айтылым» диалог және монолог сөздерді құрастыру, өз ойын еркін жеткізу, дәлелдеу, пікірталасқа, дебатқа қатысуға бейімдейді. «Жазылым» әдісі арқылы эссе, шығармашылық хат жазу, ақпаратты графика, кесте, схема түрінде ұсынуды және аудиторияның көздеген мақсатын ескере отырып, әртүрлі мәтіндер құрастыруды үйренеді.
Жаңа бағдарламада оқушылар тек тыңдаумен ғана айналыспай, білім алуда белсенді әрекет етеді. Өйткені жаңартылған білім беру бағдарламасы − озық технологиялардың барлық қыр-сырын білуге жетелейді. Сондай-ақ бағдарлама баланың жастайынан бәсекеге қабілетті болып өсуіне бағытталған. Оқушы оқу бағдарламасындағы қызықты тақырыптар арқылы техникалармен, сандық мәліметтермен жұмыс істеу, зерттеу, сараптау, ойын анық жеткізуді үйренеді. Жобаның тағы бір тиімді тұсы – балалар сабақ үстінде топ-топқа бөлініп, тапсырма орындайды. Бірі білмегенді, екіншісі толықтырып отырады. Тіпті сол тақырып бойынша жазған мазмұндамаларын қорғап шығады. Яғни бұл тәсіл оқушылардың бір-бірімен байланысын нығайтып, оларды ұяңдықтан арылтады.
Жаңартылған білім бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – оқу жоспарында төрт дағды «Шиыршық әдісімен» (спираль) орналастырылған және бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып жоғарылаған сайын тілді оқыту деңгейі тереңдетіле түседі.
Спиральділік қағидаты бойынша құрылған білім беру бағдарламасы Джером Брунердің «Білім беру үдерісі» (1960) атты еңбегінде қарастырылған танымдық теорияға негізделеді. Брунердің жұмысына негізделген спиральді білім беру бағдарламасының негізгі ерекшеліктері: оқушы мектепте оқыған кезде тақырыпты немесе пәнді бірнеше рет қайталап оқиды, мұнда тақырыптар әртүрлі деңгейде қайталанады, кейде бір тоқсан аясында, кейде әр тоқсан сайын, әрбір қайталап оқығанда тақырыптың немесе пәннің күрделілігі арта түседі, мұнда тақырыптар келесі деңгейде алдыңғыға қарағанда анағұрлым күрделі етіп тереңдетіліп оқылуы тиіс, жаңа білім алдыңғы біліммен тығыз байланысты және бұған дейін алынған ақпарат тұрғысынан қарастырылады. Деңгей жоғарылаған сайын, тақырыптың күрделілігі артып отыруы керек. Бұрынғы оқу бағдарламасында теория көп болса, қазір ол сандық мәліметтермен алмастырылған. Информатика, қазақ тілі, шет тілдерінің бағдарламасына көп өзгерістер енгізілді. Мектептерде бұрын-соңды тек грамматика оқытылатын болса, қазір оқушылар грамматиканы түрлі мәтіндерді талдау, талқылау арқылы үйренеді. Тілдік пәндердің ережелерін іс-әрекет арқылы, сөйлеу негізінде қабылдайды.
Басты білім − бастауышта
Бағдарлама бойынша бірінші сынып оқушыларына оқу жылының І кезеңінде үй тапсырмасы берілмейді. Яғни бұл – 4 аптаға негізделген бірінші ортақ тақырып, әліппеге дейінгі кезең. Бірақ мұғалім оқушының, жалпы сыныптың деңгейіне қарай жеңіл тапсырмалар беруі мүмкін. Ол белгілі бір тақырыпта ата-анамен әңгімелесу, ойын түрінде беріліп, баланың әлеуметтенуіне түрткі болуы керек. Ал тапсырманы орындау уақыты 15-20 минуттан аспауы қажет. Қазан айында екінші ортақ тақырып, әліппе кезеңі басталады. Әр әріпке 2 сағаттан берілген. Ол бесінші және алтыншы ортақ тақырыпқа дейін, яғни қаңтар айының аяғы, ақпан айының басына дейін жалғасады. Бұдан соң әліппеден кейінгі кезең басталады. Онда оқушылар тілдік және ауыз әдебиеті ұғымдарын сөйлем, мәтіндер арқылы меңгереді. Мақсат – бүлдіршінді грамматикалық жазуға бейімдеу. Бірінші сыныпта балалар өз эмоцияларын шимақ арқылы бейнелейді. Сондай-ақ зат есімдерді тәуелдеу, жіктеуді ережелерсіз, күнделікті қолданылып жүрген сөздер арқылы үйрене бастайды. Оқушы 2 сыныпқа көшкенде оқу бағдарламасына сәйкес зат есімдердің жалғауларын 1-сыныпта осы тақырыптың жеңілдетілген түрде оқытылуының арқасында еркін меңгереді.
«Дүниетану» пәнін неге 1-сыныптан бастап оқыту керек?
Жаңартылған мазмұндағы «Дүниетану» пәні «Жаратылыстану», «Гуманитарлық дүниетану» болып екіге бөлінді. Пән тарих, география және қоғамтану негіздерімен таныстыру арқылы қоршаған әлем туралы білімдерінің тұтас жүйесін қалыптастыру болып саналады. Әрбір сабақ оқушыларды саналы түрде «тәжірибеден үйренуге» ынталандырады, оның функционалды сауаттылығын арттыруға көмектеседі. Пән үш бағыт бойынша: қоғамға бейімделуіне септігін тиізетін «Мен және қоғам», қоршаған ортада, табиғи, жасанды ортада, үйде, мектептегі қауіпсіздік шараларымен таныстыратын «Баланың қауіпсіздігі» бағыты және «Құқық және жауапкершілік, міндет» ұғымдары оқытылады. Оқу бағдарламасының тағы бір ерекшелігі – баланың қаржылық сауаттылығын дамыту. Ол жаһандану дәуірінде оқушының экономикадан базалық білім алу қажеттілігінен туындап отыр. Сондай-ақ бағдарлама бойынша еліміздің табиғаты, тарихы, туризмі оқушыларға әртүрлі рөлдегі ойындар, қызықты әдістер арқылы таныстырылады. Тарих пәнін 1-сыныптан бастап оқу бағдарламасына енгізу − жылдарды, хандардың есімдерін жаттату емес, бұл орайда көзделген мақсат − сурет, қысқа мәтіндердің көмегімен еліміздің тарихы жайлы оқушы бойында жалпылама түсінік қалыптастыру.
Қорыта айтқанда, жаңа оқу мазмұнының мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру, ойын еркін жеткізуге, өзін-өзі бағалауға үйрету. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өз өмірінде пайдалана алуы тиіс. Сол үшін бұл бағдарламаның негізі «өмірмен байланыс» ұғымында құрылған. Осы орайда ұстаздарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. ХХІ ғасырда өмірдің барлық саласында табысты болу үшін оқушылардың бойына қажетті дағдыларды дарыту барысында мұғалімдер тынымсыз еңбектенулері керек.
Оқыту тәжірибесінің барысы пікірталасқа негізделген. Сабақ барысында қолданылатын дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ж.Аймауытов тілді оқытуға арналған ұсыныстарында: «Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді, соңғылар тәжірибеден соң келеді», деген болатын. Жаңартылған оқу мазмұнының бағдарламасын құрастырғанда Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары шетелдің емес, Ж.Аймауытовтың білім беру əдістерін пайдаланды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»