Дидар Смағұлов: «Тұрсынбек 5 834 000 теңге айыппұл төлеуі мүмкін»

0
32429

Әлеуметтік желіде белгілі шоумен Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты дау қызу талқыланып жатыр. Нақтырақ айтсақ, ол өзінің қызы Әдемінің орнына грантта оқитын Сымбат Қанай деген студентті ҰБТ-ға кіргізіп, жоғары балл алуды көздеген.

Ата-ана ретінде Тұрсынбек Қабатов жазалана ма, жоқ әлде студент жазалана ма? Осы және өзге де сұрақтарды тілшіміз Ұлттық тестілеу орталығы бақылау кеңесінің төрағасы әрі Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Дидар Смағұловқа қойған едік.

Д.Смағұлов. Фото: sputnik.kz

– Тұрсынбек Қабатовтың қызына байланысты Ұлттық тест орталығының бұрынғы басшысы ретінде не айтасыз?

– Астана қаласында 13 маусым күні төрт оқушының орнына төрт бөтен адам кіруге тырысқан. Сегіз оқушының әр қайсысында екі жеке куәлік болды. Тестке кірген кезде өз жеке куәлігі арқылы кіріп, Faca ID-тен өтті. Аудиторияға кіретін кезде екінші, үшінші этаптан өтеді. Міне, осы кезде балалар өз куәліктерін айырбастаған. Тап сол кезде заңбұзушылық анықталып, балалар тестке кіргізілмеді. Бірден полицияға хабарласып, шақырдық. Осыдан  кейін қылмыстық іс қозғалды.

– Енді бұл іс қалай өрбиді? Бұған жауапты түлек пе, жоқ әлде тестке кірген студент пе? Жалпы заң бойынша бұл іс қалай шешіледі?

– Заңгер ретінде айтатын болсам, бұл жерде оқушы да, студент те жалған құжат жасағандықтан жауапкершілікке тартылады. Бірақ олармен бірге тағы бір Астананың білім беру орталығының басшысы ұйымдастырушы болған. Қазіргі таңда ол да тергеуде жауап беріп жатыр. Осы ұйымдастырушымен бірге студент пен оқушы да жауапкершілікке тартылады. Өйткені олар жалған құжатты жасап, пайдаланды. Осы құжат арқылы тесттен жоғары балл аламын деп ойлаған.

– Тұрсынбек Қабатов беделін пайдаланып, өзінің қызын құтқарып жіберуі мүмкін бе? Мәселен студент қызды айыпты етіп шығарып…

– Қазіргі таңда бұл мәселе сотта қаралып жатқандықтан оны сот шешеді. Бірақ тергеу кезінде Ұлттық тестілеу орталығы тиісті ақпарат ала алмады.

Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты тергеу өте жабық өтті. Біздің сұранысымызға тиісті жауап ала алмадық.

Жұрттың назары осы іске ауып отырғандықтан ашықтыққа, әділдікке жеткізеді деп ойлаймын.

Т.Қабатов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновпен.

– Осыған дейін тестке бөтен адамды кіргізген әркеттер болды ғой. Сол кезде қандай жаза қолданылды?

– Әрине, болды. Еліміз бойынша биыл 18 адам тестке заңсыз кіргісі келгені анықталды. Түркістан мен Алматы облыстары және Көкшетау қаласында сынаққа бөтен адамды кіргізу фактісі тіркелген. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір іс аяғына дейін жеткен жоқ. Біз полицияға хабарласып, ақпарат бергенімізбен «мынадай нәтижеге жеттік» деп айта алмаймын.

– Осындай жағдайда жауапкершілік ата-анаға артыла ма, жоқ әлде түлекке ме?

–  Бұл жерде жауапкершілік тек қана оқушыға түседі. Себебі бұл іске ата-анасының қатысы жоқ. Аталған іс бойынша 16 жастан бастап әр адам жеке өзі жауап береді.

– Әлеуметтік желіде «Тұрсынбек Қабатовтың жағдайы жақсы. Неге қызын ақылы оқу орнында оқыта бермеді?» деп айтып жатыр. Тестке студент кіргізудегі мақсаты мемлекеттік грантқа түсу ме, жоқ әлде шектік балдан асу ма?

– Менің ойымша, Ұлттық бірыңғай тестілеуге мемлекеттік грантқа түсу үшін қатысты. Ал енді неге істегенін менен емес, тестке бөтен адам кіргізген кісіден сұрау керек.

Т.Қабатов Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекпен.

– Тұрсынбек Қабатовтың қызына қатысты ақпарат анықталған факті ғой. Бұдан басқа жерлерде тестке бөтен адамды кіргізу жағдайлары болды ма?

– Тестке бөтен адам кіруі мүмкін емес. Өйткені біз түлектерді аудиторияға жібермес бұрын үш рет тексеруден өткіземіз. Бірінші Faca ID-тен өтеді, содан кейін жеке куәлік пен камераға қараймыз. Осы үш тексерістен кейін бөтен адам кірді ме, жоқ әлде түлектің өзі ме, бәрібір анықталады.

– Қылмыс дәлелденген жағдайда айыппұлмен шыға ма, жоқ әлде одан да қатаң шара қабылдана ма?

– Қылмыстық кодекстің 385-бабының 2-бөлігі бойынша 2000 АЕК көлемінде яғни 5 834 000 теңге айыппұл (1 АЕК – 2 917) төлеуі немесе 600 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін.

Сондай-ақ ең қатаң жаза ретінде екі жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Менің ойымша, істі болып отырған балалар болғандықтан айыппұлмен шектелетін шығар. Бірақ мұны сот шешеді.

– Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты дау бірінші рет танымал адамға қатысты болып отыр. Осы істен кейін өзге азаматтар аяқ тартуы мүмкін бе?

– Иә. Менің ойымша, қоғамның назары осы іске ауып, мәселе көтергені дұрыс болды. Өйткені басқаларға жақсы сабақ болады. Кейбіреулер «Ой, менің таныстарым бар. Ақша беріп шешіп тастаймын» деп әлі күнге дейін ойлауы мүмкін. Осы факті арқылы біз тек өз біліміңмен ғана жоғары оқу орнына түсе алатынын көрсетеміз.

– Тұрсынбек Қабатов – лауазымды шенділердің тойын басқарып жүрген тамада. Бұл істі өзінің таныс басшыларының біріне хабарласып, шешіп тастауы мүмкін ғой…

– Жоқ, олай болмайды. Себебі біз тергеу органдары мен прокуратураға хат жазып, бұл істі қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Сондықтан бұл істі жабуға мүмкіндік бермейміз. Әділдік үшін аяғына дейін барамыз. Егер сот отырысында қандайда бір заңсыздық болса, мен қайтатан әлеуметтік желіде «Сотта әділетсіздік болып жатыр» деп хабарлаймын.

NEGE.kz