Аймағамбетов жаңа оқу жылы қашан басталатынын айтты

0

Қазақстанда коронавирус эпидемиясына байланысты оқушылар мен студенттер қашықтан оқып жатыр. Мектеп оқушылары қорытынды емтихан тапсырмайды

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Жаңа оқу жылы 1 қыркүйекте басталады. Алайда білім және ғылым министрлігі оқу қандай форматта болатыны әлі нақты белгісіз екенін хабарлады.

Сондықтан қазіргі уақытта оқушыларды дәстүрлі және қашықтан оқытуға байланысты бірнеше жоспар дайындалып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты. 

«Келесі оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. Бірақ қандай форматта болатынын әзірге ешкім айта алмайды. Пандемияның екінші толқыны бола ма, болмай ма белгісіз. Сондықтан біз бірнеше жоспар әзірлеп жатырмыз», — деді министр Instagram-дағы тікелей эфирде.

Ол жаңа оқу жылы қашықтан оқытудан басталатын болса, тиісті дайындық қажет екенін айтты.

«Иә, қашықтан оқытуға көштік. Бірақ ашығын айтқанда, біз ойлағандай болған жоқ. Қазір уақыт бар. Оқушылар қашықтан оқи ма, оқымай ма, бәрібір білім жүйесі өзгеруі тиіс. Түрлі жағдайға дайын болуымыз керек», — деді Асхат Аймағамбетов.

Министр бұл тұста педагогтарды дайындауға ерекше ден қою керек екеніне тоқталды.

«Қашықтан оқыту кезінде әдістеме, мониторинг өзгереді. Курс тек IT тұсына ғана байланысты емес. Сондықтан жаз мезгілінде инфрақұрылым, бағдарлама мен педагогтарды даярлауға назар аударамыз», — деді Аймағаметов.

Еске сала кетсек, Қазақстанда коронавирус эпидемиясына байланысты оқушылар мен студенттер қашықтан оқып жатыр. Мектеп оқушылары қорытынды емтихан тапсырмайды.



sputniknews.kz